Basty bet

Басты мақсат – жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру

Кеше ауданға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Шәкір Сұлтанхан арнайы жұмыс сапарамен келді. Шәкір Асылханұлы жұмыс сапарын алдымен аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысудан бастады. Халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Ермек Абдувайтов орталықтағы қызмет көрсету терезелерінің жұмысымен таныстырды. Орталыққа келушілердің дені жылжымайтын мүлікті тіркеу және түрлі анықтамалар алуға келетінін жеткізді.

Сонымен бірге аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданда 49 елді мекеннің 28-інде негізінен ауылдық кітапханаларда цифрландырылған орталықтар халыққа egov.kz арқылы электронды қызмет көрсететінін айтып өтті.
Ал, аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаев орталықтағы жұмыс барысымен таныстырды. Шәкір Асылханұлы микрокредиттер және қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау шаралары бөлімшесі мен жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыс орындарымен жұмыс жасау бөлімшесінің жұмысына ерекше тоқталды. Жұмыс барысына қаныққан департамент басшысы залда отырған тұрғындардың мәселелерін сұрады. Өз мәселесін жеткізген көпбалалы ананың мәселесін аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы Орталық директорына тез арада зерделеп, оң шешілуіне ықпал етуін тапсырды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Шәкір Асылханұлы аудан әкімінің жұмыс кабинетінде жеке қабылдауға жазылған азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Бұдан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысындағы әдеп жөніндегі кеңесі болды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысын кеңес төрағасы Шәкір Сұлтанхан ашып, жүргізіп отырды. Кеңес отырысына кеңес мүшелері мен күн тәртібіне қатысты мәселелер бойынша баяндамашылар қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзудың алдын алуға бағытталған шаралары туралы Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза баяндама жасады.
Аудан басшысы 2022 жылы қолға атқарылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар бойынша баяндады. Жалғас Әлижанұлы алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауылдық округтер мен аудан әкімдігінің бөлімдерімен және жастармен өткізілген іс-шаралар барысына тоқталды. Әрі қарай «Ашық бюджет порталы», «Жуалы адалдық алаңы» жобасы, мемлекеттік қызмет көрсету бағыты, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
-«Жуалы адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде ағымдағы жылдың жеті айында 37 іс-шаралар өтікізілді. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында «Antikor.Live» жобасы аясында тікелей эфирлер өткізілді. Осы күнге дейін 14 мемлекеттік орган, округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары атқарылған жұмыстары бойынша әлеуметтік желі арқылы есеп беріліп, қосымша сұрақтарға жауап берілді,- деді аудан әкімі Ж.Мұртаза. -Мемлекеттік қызмет көрсету бағыты бойынша ауылдық округтермен және аудан әкімдігінің бөлімдерімен 2022 жылдың 7 айында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны барлығы –11 866. Оның ішінде: электронды түрде – 3 087 қызмет (26 %); қағаз түрінде – 4 қызмет (0,03%); баламалы қағаз түрінде – 621 (5,2%); мемлекеттік корпорация арқылы – 2 005 қызмет (16,9%); ақпараттық жүйеге қолмен енгізу арқылы – 6 149 (51,8%);
Сонымен қатар, тұрғындардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2020 жылдың аяғында аудан әкімі аппаратының жанынан «Сервистік әкімдік» ашылды. Кеңседе аудан тұрғындарына жер қатынастары, сәулет қала құрылысы және құрылыс, ауылшаруашылығы және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтің 14 түрі ұсынылуда.
Кеңсе «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1 823 қызмет, оның ішінде 1 723 электрондық нысанда көрсетілген. Осы жылдың 7 айында 1 448 қызмет, оның ішінде 1 249 электрондық нысанда көрсетілді. «Сервистік әкімдік» кеңсесіне арыз-шағымдар түскен жоқ.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау бойынша 2022 жылдың 7 айында аудан бойынша (ауылдық округтермен бөлімдерді қоса алғанда) келіп түскен – 1 517 (2021 жылдың 7 айы – 1 279) өтініш түсті, оның ішінде заңды тұлғалардан -108 (2021 жылдың 7 айы – 149), жеке тұлғалардан – 1 409 (2021 жылдың 7 айы – 1 130).
Оның ішінде, қаралған өтініштер саны 1 011, оның ішінде 630 – і қанағаттандырылған, 341 өтінішке түсінік берілген, 8 өтініш қараусыз қалдырылған, 7 өтініштің қаралуы тоқтатылған, 5 өтініш назарға алынған, және басқа да өтініштер саны – 20,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе, яғни аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2021 жылы және 2022 жылдың өткен кезеңінде атқарған жұмыстарының қорытындыларын қарау туралы Жуалы ауданы әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов баяндама жасады.
-2021 жылы Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында 437 мемлекеттік қызметшінің қатысуымен сауалнама жүргізілсе, 2022 жылы 306 мемлекеттік қызметшінің қатысуымен сауалнама алынды және электронды түрде сауалнама толтырды.
Нәтижесінде, басшылардың тарапынан жұмыс процесін ұйымдастыру деңгейі жоғары, олардың жұмыс әдістері ұжымға ұнайтыны және моральдық-психологиялық ахуалға оң әсер ететіні анықталды.
2021 жылы мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқаны үшін 49 мемлекеттік қызметші көтермеленсе, 2022 жылы 20 мемлекеттік қызметші көтермеленіп марапатталды,- дей келіп Серік Дүйсенбайұлы мемлекеттік қызметшілерді рухани тұрғыда дамыту, корпоративтік мәдениетті нығайту, мемлекеттік қызметкерлер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қолға алынған шараларға тоқталып өтті.
Сонымен бірге баяндамашы алдағы жоспарларымен бөлісті.
Кеңес төрағасы Шәкір Асылханұлы Жуалы ауданы әкімінің аппарат басшысының алдағы уақытта Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесенелеріне, «Керуен сарайы» туристік кешеніне мемлекеттік қызметшілер арасында экскурсия ұйымдастыру туралы бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының прокуроры А.Алимжанов, Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Ж.Тамаев, Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Д.Кемелов баяндама жасады.
Кеңес отырысын кеңес төрағасы Шәкір Сұлтанхан қорытындылады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close