Basty bet
Азаматтық қоғамды дамытуға жаңа серпін беріледі
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Ғалым Құрман аудандағы Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің жетекшілерімен кездесті.
Кездесуге сонымен қатар, Ардагерлер ұйымы, Іскер әйелдер қауымдастығы, жастар ұйымдары, әлеуметтік бағыттағы ҮЕҰ-ның өкілдері және басқа да ұйымдардың көшбасшылары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде жалпы мемлекет тарапынан азаматтық сектормен өзара әрекеттестікті нығайту үшін көптеген шаралардың қабылданып жатқандығын және 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын» бекіту туралы Жарлыққа қол қойып, мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатын жетілдіруге, азаматтық бастамаларды дамытуға және азаматтық қоғаммен әріптестік жүйесін нығайтуға жаңа серпін беретіндігін жеткізді.
– Жуалы ауданында да азаматтық сектормен өзара әрекеттестікті дамыту барысында көптеген шаралар өтуде. Бұл бүгінгі таңда өңірдегі азаматтық секторға бірқатар маңызды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Азаматтық қоғам өкілдері ауданда мемлекеттік бағдарламаларды, стратегиялық құжаттарды түсіндіру бойынша жұмыстарға және түрлі мақсатты топтармен жұмысты жүргізуге қоғамдық-саяси іс-шараларға белсенді тартылуда.
Ауданда 32 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде, әрекетті – 25, әрекетсіз – 1, қызметін уақытша тоқтатқандар – 3, БСН тіркелмеген – 3, қоғамдық бірлестіктер – 20, қоғамдық қорлар – 12, – деді Анар Садыққызы.
Әрі қарай сөз алған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Ғалым Құрман орталықтың атқаратын жұмыстары туралы кеңінен баяндады.
– «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекет қарым-қатынасының механизмін жетілдіруге, грант беру саласының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Орталық үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарды берумен және олардың жүзеге асуын бақылаумен айналысады.
Орталық әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес, ҮЕҰ және халықаралық қауымдастықтың инновациялық тәсілдерін енгізе отырып, нық дамып келе жатқан ұйым.
Қазақстанда мемлекеттік қолдаудың бір түрі – гранттық механизмге деген қызығушылықтың жыл санап артып келе жатқанын байқауға болады, – деген Ғалым Болатұлы, грант қаражатын беру қағидаттарына жеке-жеке тоқталып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде аудандық «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова, «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы Эсмира Мамедова, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев және «Тұлға» психологиялық орталығының психологы Зейнеп Дәуренова көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын алды.
Жиынды қорытындылаған Ғалым Құрман қатысушылардың тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлердің міндетті түрде ескеріліп, тиісті жауап атқарушы органдарға жолданатындығын жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»