Basty bet
Бес медпункт, үш инфрақұрылым объектісі
облыстың торқалы тойына ауданның тартуы осындай болды
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ауданда бір күні бес ауылда медициналық мекемелер ашылды. Т.Дүйсебайұлы ауылында фельдшерлік- акушерлік пункт ашылса, сондай- ақ, Ақтасты, Қосбөлтек, Қарасу және Майбұлақ ауылдарында медициналық пункттер есігін тұрғындарға айқара ашты. Барлық медициналық мекемелерді бір мердігер- тараздық «АКМ групп» ЖШС соқты, ғимараттардың жобалық құны 26-30 млн. теңгені құрап отыр. Мекеменің басшысы – Шәмілхан Үсенбаев, ал құрылыс инженері- Кәмілхан Әбиев.
-Осы бес ғимаратты соғуға тендерлік байқау арқылы жеңімпаз атанып, біздің ұжым өз қаржысына барлық құрылыс жұмыстарын жүргізді. Енді облыстық бюджет арқылы биыл 70% тиесілі қаржымыз төленсе, қалған 30%-ды келесі жылы аламыз. Айта кету керек, 2018 жылы біздің құрылыс компания Жамбыл ауданында екі, ал Жуалыда үш осындай медициналық пункттер соғып, іске қосқан болатын,- деді Шәмілхан Үсенбаев.
Шақпақ ауылдық округіне қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылындағы 10 келушіге арналған фельдшерлік- акушерлік пункттің жобалық құны – 30 млн теңге.
Медициналық мекеменің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері, ауыл ақсақалдары, әжелер және жастар қатысты. Ауылға кіреберістегі ашық алаңда әртүрлі шарлар, гүлдер және жалаушалармен безендірілген ғимарат, әсем ән әуені, жиналған көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекеге ұласты. Ауыл тұрғындары қуаныштарын жасырмай, бір-бірін құттықтап жатты. Салтанатты аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының қызметкері Ербол Бекжанов ашты. Ол сөзді аудан әкімі Нарбай Ергебековке берді.
-Құрметті, ағайын! Бүгін, міне, ауылдарыңызда той, қуаныш! Көптен күткен медициналық ғимараттың құрылысы аяқталып, іске қосылуға дайын. Осындай қуанышты ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек еткен мердігер – құрылыс жеке меншік мекеменің ұжымы аяқтап, сіздерге куаныш сыйлап отыр,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. – Халықтың денсаулығын қорғау Президент пен Үкіметтің стратегиялық бағдарының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Сапалы денсаулық сақтау жүйесі – ХХI ғасырдағы ел дамуының айрықша әлеуетті факторы. Денсаулықты қорғау жүйесін тиісті деңгейде қамтамасыз ету әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кірудің маңызды кепілі болмақ. Бұл туралы Президенттің биылғы жылғы Жолдауында ерекше атап көрсетілген. Еліміздің ұлы мерекелері қарсаңында ауданымызда осындай қуанышты оқиғалар сегіз ауылда өтетін болады, бесеуі бүгін ашылса, қалған үш медпункт Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылады,- дей келе, аудан басшысы жиналғандарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Ауыл тұрғындары атынан Шақпақ ауылдық округінің азаматтары, ел ағалары Смайл Көбесов, Қуандық Аманбаев, ауыл имамы Пернебек Бердімбетов, Амангелді атындағы орта мектептің директоры Айгүл Имашева өз сөздерінде ауыл тұрғындарына қамқорлық танытып, көмек-қолдау көрсеткен облыс және аудан басшыларына алғыстарын айтты.
Құрылыс мекеменің басшысы Шәмілхан Үсенбаев ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтай келе, фельдшерлік-акушерлік пункттің символикалық кілтін фельдшер Назгүл Ермековаға салтанатты түрде табыс етті.
Лента қию рәсімін аудан әкімі Нарбай Ергебековке және ауылдың құрметті қариясы Қаныбек Баубеков ақсақалға өткізу тапсырылды. Лента қиылып, әжелер шашуларын шашты. Жиналғандар ғимараттың ішін аралап, қуанып, рақмет айтып жатты.
ФАП-тың іші кең, электржарығы, жылу және ауыз су жүйесі жүргізілген, енді тек жиһаздар мен медициналық жабдықтар мен аппараттар жеткізілсе, фельдшер Назгүл Ермекова, акушер Салтанат Қуанышева және екі техникалық қызметкер өз міндеттерін атқаруға дайын екенін жеткізді.
Мереке ауылдың көркемөнерпаздарының концертіне ұласты. Ауыл тұрғындарына кұдайы тамақ таратылып, құран оқылды, ауыл ақсақалдары баталарын берді.
* * *
Басы ауырып, балтыры сыздаған адамның әуелі шипа іздеп, өзі тіркелген аумақтағы бастапқы медициналық мекемеге жүгінері анық. Осы ретте мемлекет ауыл-аймақтардағы халықтың денсаулығын түзейтін мекемелердің жағдайына бірінші кезекте көңіл бөліп, олардың жайлы да жарық ғимаратпен қамтамасыз етілуіне, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуына және білікті мамандармен толығуына баса көңіл бөлуде. Бұл бағытта ауданда толымды жұмыстар атқарылуда. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде биыл жазда Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылында бес келушіге арналған медициналық пункт салынған болатын.
Міне, Жамбыл облысының 80 жылдығы мерейтойы аясында аталған денсаулық сақтау нысаны салтанатты жағдайда ашылып, ел игілігіне берілді. Медициналық пункт ғимаратының құрылысын «АКМ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Ауыл тұрғындарының көптен күткен көзайым қуанышын бөлісуге аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қалды Байрамов және басқалар келді.
Салтанатты шараға жиналған ауыл тұрғындарының қарасы мол болды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Өтемісұлы бұл медициналық пункттің биыл ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде сегіз денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілетінін, жалпы ауданның елді мекендері бүгінде медициналық ғимаратпен толық қамтылып отырғанын жеткізді. Ауыл ақсақалы Ербол Помашев жаңа ғимараттың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдіре келе, ауыл тұрғындарына дәрігерлік көмектің қолжетімді болуына мүмкіндік берген Мемлекет басшысының саясатына ризашылығын білдірді. «АКМ групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері Кәмілхан Әбиев ғимараттың символикалық кілтін аймақтық жалпы тәжірибелік дәрігер Жалғас Дүйсенбекке табыс етті.
* * *
Жыл сайын ел экономикасында болып жатқан өркенді өзгерістер денсаулық сақтау саласына, соның ішінде жергілікті деңгейде бастапқы медициналық-санитариялық мекемелердің жұмысына да оң өзгерістер әкеліп отыр. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін барынша пайдалану арқылы таяу жылдарда елдімекендерді денсаулық сақтау мекемелерімен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндетін қойды. Жамбыл облысының 80 жылдығы мерейлі мерекесі аясында ауданның бес бірдей елді мекенінде денсаулық нысандары мен үш ауылдағы тұрғын алапта инфрақұрылым объектісінің ашылуы осының айқын дәлеліндей болды.
Жетітөбе ауылдық округінің Майбұлақ ауылындағы медициналық пункттің ашылу салтанатына келген тұрғындардың қуанышында шек болмады. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков жиылған ата-аналарды, көпшілікті мерейлі қуанышымен құттықтады. Жетітөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев, ауыл тұрғыны Каналбек Құралбаев және басқалар ауылдықтарды мәре-сәре қуанышқа кенелткен осындай игілікті істің алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімін білдіріп, мемлекеттің тұрғындардың денсаулығы үшін жасап жатқан қамқорлығына алғысын жеткізді.
Медициналық пункттің лентасын аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков пен ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев қиды. Әжелер тәттіден шашу шашып, жиналған көпшілік тұрғындардың көзайымына айналған ғимараттың ішіне еніп, бөлмелерін аралап көрді. Медициналық пункттің бөлмелері кең, жылы да жайлы, жалпы мұнда денсаулық сақшыларының тиісті ем-дом көрсетуіне, тұрғындардың келіп, сапалы ем алуына толық жағдай жасалған.
* * *
Сондай-ақ, осы күні Қарасаз ауылдық округіне қарасты Қарасу ауылында да медициналық пункттің ашылу салтанаты өтті. Ауылдағы 29 отбасындағы 124 адамға арналған жобалық құны 26 млн. теңгені құрайтын ғимарат бес келушіге арналып соғылған. Медицина ғимаратын, тараздық конкурсты ұтып алған, “АКМ групп” ЖШС соғып, іске қосуға дайындаған.
Медпункттің ашылу салтанатына ауыл тұрғындары, қариялар, еңбек ардагерлері, ауыл азаматтары, жастар қатысты. Алғашқы құттықтау сөз аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихат депутаты, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашевқа берілді:
-Құрметті, ауыл тұрғындары! Денсаулық сақтау – қоғамның әлеуметтік өмірінің маңызды саласы. Бірнеше рет қайта құруларды басынан кешіріп, алдағы уақытта да дамытылуы жоспарланып отырған ұлт денсаулығы- еліміздің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін орасан зор қаржы бөлінуде, жеке меншік секторын қоса отырып қаржыландыру мен басқарудың жаңа әдістері енгізілуде, дәрігерлерді оқыту мен олардың қызығушылығын арттыру бойынша кадр саясатын қалыптасуда, осының бәрі қолданыстағы заң аясында өзара үйлесімділікпен дамуда.
Біздің ауданда соңғы бес жыл ішінде 22 медициналық ғимараттар салынды. Тек соңғы екі жыл ішінде облыста 100- ден аса медицина ғимараттары салынса, ал біздің ауданда, міне, 11 медпункт іске қосылып отыр. Сондықтан да аймағымыздағы барлық 47 ауыл амбулатория мен медпункттермен қамтылды. Қарасаз ауылдық округіндегі бес елді мекенде дәрігерлік амбулаториямен және медпункттермен қамтылған,- дей келе, Сейітхан Шерелханұлы жиналғандарды қуаныштарымен құттықтады.
Ауыл тұрғындарының атынан сөйлеген ауыл қариялары, еңбек ардагерлері Жоламан Елеусінов, Сағындық Тоқбергенов, ауыл имамы Асқар Назарбеков және 92 жастағы Бегімжан Байгелдиева Үкіметке, Президенте және облыс, аудан басшылығына алғыстарын айтып, бүгінгі таңда ауылдардың әлеуметтік бағытта дамуындағы медицина мекемелерінің рөлінің маңыздылығы туралы айтты.
Мердігерлік компанияның құрылыс инженері Кәмілхан Әбиев медпункттің символикалық кілтін дәстүр бойынша осы мекеменің фельдшері Абай Ізтұрғанға салтанатты түрде тапсырды. Одан кейін лента қию рәсімін Сейітхан Жұмашев пен ауылдың қариясы Зиябек Имантаев ақсақал жасады.
Әжелер шашуларын шашты, жиналған жұрт ғимараттың ішіне кіріп, медпункттің жарық, жылы әрі сыйымды, кең бөлмелерін аралап, қуанып жатты.
– Бірнеше күн ішінде мұнда қажет жиһаздар мен медицина жабдықтарды, аппараттарды әкеліп орнатамыз. Сондай-ақ, компьютер қойып, интернет желісін қосатын боламыз, – деді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков.
* * *
Нұрлыкент ауылдық округінде қосалқы шаруашылық жүргізуге, тұрғын үй салуға өтініш білдіргендер саны – 242 адам. Олар кезекте тұрғандарына біраз жылдар болған. Биыл 10 гектар жер учаскесі арнайы осы кезекте тұрған ауыл тұрғындарына арналып бөлінді. Онда аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға электржелісі тартылып, жолдар кесіліп, дайындалуда. Енді сол 242 адамның 63 азаматы осы дайындалған жерден өзіне тиесілі 0,10 га жер телімін алуға мүмкіндігі туды. Ал кезекте тұрған қалған 179 адам келесі жылы ала алады.
Осы куанышты оқиғаға арналған салтанатты жиынды ашқан аудандық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының қызметкері Мәлік Мықтыбеков айтып өтті. Ол сөзді аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаевқа берді.
– Құрметті, ағайын! Бүгін, міне, ұлы мереке – Тұңғыш Президент күні және Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында біз осында тектен-тек жиналғанымыз жоқ. Бұл айтулы күн, өйткені көп жылдар бойы тұрғын үй салуға жер телімге өтініш білдіріп, күтіп жүрген сіздер үшін маңызды күн болып есептелінеді. Кезекте тұрған азаматтардың бүгін 30 пайызы ғана биыл жерін ала алады, ал қалғандар келер жылы жермен қамтамасыз етіледі деп сендіргіміз келеді,- деді Әбдікерім Құлтайұлы.- Өйткені Елбасы да, Үкімет те әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңінде ауыл тұрғындарына сапалы мемлекеттік қызмет түрлерімен қамтуды талап етіп отыр. Оның бірі, әрине, халықтың әл-ауқатын көтеру, жақсарту. Оның ішінде көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, оларға бар мүмкіндігінше әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеңілдету көзделуде.
63 отбасы алған жерді игеріп, тұрғын үй салуына кірісуге болады. Ал газ, су жүйелері келесі жылдан бастап тартылады. Жолдар салынып, асфальттанады.
Ауыл тұрғындары атынан жиында сөйлеген ауылдың қариясы, Баймұхан Исламов ақсақал ауыл тұрғындарына көмек-қолдау көрсеткен аудан басшыларына алғысын жаудырып, батасын берді.
Одан кейін жиналғандар маңызды, есте қалатындай шараның куәсі болды. Қазық қағу рәсімін аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев пен еңбек ардагері Баймұхан Исламов өткізді. Олар инженерлік жүйемен қамтамасыз етілген «Нұрлыкент» жаңа тұрғын алабында басына лента байланған екі қазықты қағып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ауыл тұрғындары өзінің қуанышын жасырмай, ризашылықтарын айтты.
* * *
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның дамуы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, елді мекендерде инфрақұрылым объектілерінің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін баса көрсеткен болатын.
Аудан орталығына таяу орналасқан Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылының тұрғындары да қуанышқа бөленді. Облыстың 80 жылдық мерекесі аясында ауылдан 10 гектар жерде тұрғын алабының инженерлік инфрақұрылымы (электрмен жабдықтау) салтанатты жағдайда ашылды. 59 жер теліміне шақталған инфрақұрылым объектісінің құрылысын «Ерк Астана» ЖШС жүргізген. Тұрғындар осы нысанды іске қосуға келген аудан басшыларын қуана қарсы алды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жиналғандарды мерекемен және жаңа инфрақұрылым объектісінің ашылуымен құттықтай келе, болашақта осы алаптан соғылатын үйлердің ауылдың көркіне көрік, сәулетіне сәулет қосып, тұрғындардың бақуатты да, дәулетті болуына тілек қосты.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбек Сұлтанбеков, ауыл тұрғындары Ербол Помашев, Орынкүл Помашева, Гүлтира Сапирова мемлекеттің халықтың тұрмыс сапасын арттыру бағытында жасап жатқан игі істеріне ризашылығын білдірді.
Жаңа инфрақұрылым объектісінің лентасын аудан әкімі Нарбай Ергебеков, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбек Сұлтанбеков кесті.
«Қосбөлтек» тұрғын алабының инженерлік инфрақұрылымының іске қосылуымен ауылдық округ әкімдігінде жер теліміне кезекте тұрған 103 азаматтың тең жартысынан астамы жер теліміне ие болып, өздеріне жайлы да, ыңғайлы баспана салып алатынына сенімдіміз.
* * *
Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай Көкбастау ауылдық округінің Теріс ауылында да 15 гектар жерде тұрғын алабының инженерлік инфрақұрылымы (электрмен жабдықтау) салтанатты жағдайда ашылды. 58 жер теліміне шақталған инфрақұрылым объектісінің құрылысын «Ерк Астана» ЖШС жүргізген.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы және ауыл қариялары мен тұрғындар қатысты.
Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлына беріліп, ол «Теріс» жаңа инфрақұрылым нысанының ашылуымен құттықтай келе, алдағы уақытта тұрғындарға жер телімдері талаптарға сай берілетінін айтып өтті.
Сонымен қатар, ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Аташбек Әмірқұлұлы мен ауыл тұрғыны Қанқожа Райша сөз алып, жасалып жатқан игі шараға алғысын білдіріп, жиналғандарды мерекелерімен құттықтады.
Жалпы ауылдық округте 203 адам жер кезегінде тұр. Оның ішіндегі 92-сі Теріс ауылының тұрғыны. Ал, бүгінгі ашылған жер тұрғын алабынан 58 тұрғынға жер беріледі.
Гүлмира Дембаева,
Абылайхан СӘРСЕН,
Айгүл Аманқұл.
«Жаңа өмір»