Basty bet
410 гектар суармалы алқап қалпына келтірілді
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының үшінші «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» бөлімінде жер ресурстарын тиімсіз пайдаланудың бүгінгі таңда аса өзекті мәселе болып отырғанын көрсете келе, Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға алдағы он жылдың бедерінде суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысының пайымынша, бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. «Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді. Жер – біздің ортақ байлығымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс» делінген Жолдауда.
Біз осы ретте Жолдау жүктеген міндеттердің өңірде орындалу барысы, жалпы жер қатынастары саласындағы жұмыстың жай-жапсары туралы аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Талғат Қырғызбаевтан сұраған едік.
– Талғат Тәжібайұлы, өзіңіз басқарып отырған бөлім қазіргі таңда нендей мәселелермен шұғылдануда?
– Ағымдағы жылдың басына қарай аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің есебінде тұрған аудан жерінің жалпы көлемі 413 698 га, соның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 213 152 га, мұның егістігі 97 315 га, суармалысы 8 708 га және жайылымы мен шабындығы 112 580 га құрайды. Одан бөлек, жер санаттарына қарай елді мекендерде 32 551 га, өнеркәсіп, көлік, байланыс және ауыл шаруашылығынан өзге мақсаттарға 2 826 га, орман қоры жерлеріне 103 905 га, ерекше қорғалатын аймақтардың жерлеріне 10 628 га, су қорының жерлеріне 11 120 га, босалқы жерлерге 38 062 га жер тиесілі.
Бүгінгі күнге ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізіп жатқан 2 518 шаруа қожалығының жер көлемі 182 655,0 га, соның ішінде егістігі 88 545,0 га, төрт өндірістік кооперативтің жер көлемі 12 566,0 га, 12 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің, екі ауылдық тұтыну кооперативінің және екі әртүрлі тұлғаның жер көлемі 17 931,0 га, соның ішінде егістігі 6 975,0 га құрайды.
Бөлім бүгінде заңды және жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының 16 түрінен қызмет көрсетеді. Соның ішінде жыл басынан бері азаматтардан «Жер телімін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобаларын бекіту» қызмет көрсету стандарты бойынша 601 өтініш, «Мемлекет жеке меншікке сататын нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту» қызмет стандарты бойынша алты өтініш, «Іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру» қызмет стандарты бойынша 13 өтініш, осы қызметтерді көрсету бойынша жалпы 620 өтініш түсіп, толығымен қанағаттандырылды.
– Ауданда жер қатынастары саласында қордаланған мәселелерді қарау және тиісті шешім қабылдау мақсатында аудан әкімдігі жанынан жер комиссиясы құрылғаны белгілі. Бүгінгі күнге онда нендей мәселелер қаралды және олар бойынша нақты қандай шешімдер қабылданды?
– Ағымдағы кезеңде аудандық жер комиссиясының отырысы аптаның сәрсенбі күндері өткізіліп, онда жерге қатысты әртүрлі мәселелер қаралып, тиісті қорытындылар қабылданды.
Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан түскен 425 арыз-өтініш жер комиссиясы отырысының қарауына ұсынылды. Олар бойынша тиісті қорытындылар қабылданып, өтініш иелеріне жауаптар берілді. Сонымен бірге, ауылдық округтерден түскен барлығы 594 арыз-өтініш аудандық жер комиссиясының отырысында қаралып, тиісті жауаптар берілді.
Ағымдағы жылы жалпы саны 990 жер учаскелерін жалға алу туралы шарт жасалды. Жер телімдерін сату және жалдау құқықтарын сату жөнінде ұзын-ырғасы 26 шарт жасалған, соның ішінде алты жылдық жалдау құқығын сатып алу бойынша 303202 есеп шотқа 650 384 теңге, жер теліміне қосымша жер қосып сатып алу, сарайлардың астындағы жер телімдерін және өзге де жер телімдерін сатып алудан 303101 есеп шотқа 3 848 243 теңге төленген.
Облыс әкімі мен Жуалы ауданы әкімі арасындағы Келісім бойынша ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1500 га жер телімін ауыл шаруашылығы айналымына қайта тарту жоспарланған. Нәтижесінде 30 қыркүйекте конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 9 038,623 га, соның ішінде: 673,2419 га егістік, 66,2616 га шабындық, 8299,12 га жайылым болатын 49 жер телімі қайта айналымға тартылды.
Облыс әкімдігі басқармаларының басшылары мен Жуалы ауданы әкімі арасындағы келісім бойынша үшінші тоқсанға барлығы 450 га босалқы жер қорындағы егістік жерлерді айналымға қосу жоспарланған. Аталған жұмыс 30 қыркүйекте өткізілген конкурс бойынша орындалып, жалпы көлемі 673,2419 га егістік жер қайта айналымға тартылды.
Одан бөлек, екінші-үшінші тоқсандарға аудан аумағында 1991 жылдан бері айналымнан шығып қалған 1972 га жер телімін қайта айналымға қосу тапсырылған. Бұған дейін жалпы көлемі 1000 га болатын жайылымнан егістік жерге ауыстырылатын жер телімдерінің карталары топырақ қорытындысын алу үшін Жамбыл облыстық жер кадастры филиалына жолданған. Алайда аталған мекемеден теріс қорытынды келуіне байланысты басқа жер телімдері қарастырылуда. Бұл жұмысты төртінші тоқсанға қалдыру туралы басқармаға хат жолданып, басқарма тарапынан рұқсат алынды.
– Жолдауда жергілікті жерлерде суармалы егіс алқаптары көлемін кезең-кезеңімен арттыру міндеті қойылып отыр. Бұл тапсырма қалай орындалуда?
– Бөлім тарапынан ағымдағы жылы 200 гектар суармалы егістікті қалпына келтіру жоспарланған. Бұл мәселе бойынша бірқатар шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты №1 Ақсай және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты №11 Көксай ішкі шаруашылық каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Жалпы аталған ауылдық округтерге қарасты барлығы 410 гектар суармалы егістік қалпына келтірілді.
Ағымдағы жылдың үшінші-төртінші тоқсандарында екі аукцион өткізу жоспарланса, аталған аукциондар дер кезіде өткізіліп, жалпы көлемі 5,8878 га болатын 17 жер телімі 10 062 100 теңгеге сатылды.
Сонымен бірге үшінші тоқсанға 16 елді мекеннің шекарасын белгілеу, жерге орналастыру жұмыстарын атқару жоспарланған. Бұл жұмыстарға аудандық бюджеттен 800,0 теңге қаржы қарастырылған. Аталған қаржы аз болғандықтан Жамбыл облыстық жер кадастры филиалына смета жасап беруге хат жолданған. Сметаға сәйкес 16 елді мекеннің шекарасын белгілеу жұмыстарына 19 миллион қаржы қажеттілігі туындап отыр. Бүгінгі күнге аудан әкімдігінің экономика бөліміне 10 миллион теңгеге сұраныс жасалынды. Аталған жұмысты төртінші тоқсанға қалдыру туралы басқармаға хат жолданып, басқарма тарапынан рұқсат алынды.
– Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттік жер қорына қайтару бағытында нендей шаруалар атқарылуда?
– Өткен жылы «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК аудан аумағында пайдаланылмай жатқан 2002 га жер телімін анықтаған болатын. Ағымдағы жылы ауылдық округтердің әкімдерімен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, аталған жер телімдерінің барлығы нысаналы мақсатында пайдаланылып жатқандығы нақтыланып, тиісті актілер әзірленді.
Аудандық прокуратура тарапынан жалпы көлемі 20 554,88 га болатын 69 жер телімінің пайдаланылмай жатқаны анықталған. Аудан әкімі инспекторының зерделеуімен пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 5 075 га болатын екі жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылған, жалпы көлемі 200 га болатын үш жер пайдаланушыға ескерту берілген, кәсіпкерлік мақсаттағы жалпы көлемі 14,0 га болатын екі жер телімі облыстық жер инспекциясына тексеруге жолданып, инспекция тарапынан ескерту берілген. Қалған 65 жер пайдаланушының жер телімдері игеріліп жатқандығы нақтыланды.
Жыл басынан бері жалпы көлемі 5822,2 га болатын сегіз жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде егістігі 75 га, жайылымы 5747,2 га.
Бүгінде елді мекеннен радиусы 5-7 шақырым аумағындағы жалпы көлемі 120,2 га құрайтын 17 жер пайдаланушы анықталған. Бүгінгі күнге 240 га болатын тоғыз жер пайдаланушының жер телімін пайдалану мерзімдері аяқталған. Мерзімі аяқталған жер телімдерінің мерзімін ұзартпау туралы ауылдық округ әкімдеріне ескертілді.
2019 жылға су қоры жерлеріне, орман қоры жерлеріне, босалқы жер қорына түгендеу жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге су қоры жерлеріне түгендеу жұмыстары аяқталды. Орман жер қоры бойынша жалпы көлемі дұрыс болғанымен алқап түрлері аудандық орман шаруашылығы мекемесімен сәйкес келмеуде. Босалқы жер қорын түгендеу облыстық деңгейде әлі басталған жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет, жұмысыңызға табыс тілеймін!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»