Basty bet
“Жұмысқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге тиіспіз!”
Аудан әкімінің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Алдымен тікелей көрсетілім арқылы облыс әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 7 ақпан күні Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан туындаған міндеттерге тоқталып, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында аса өзекті мәселелерге айрықша тоқталған болатын. Маңызды бағыттардың бірі елімізге инвестиция тарту мәселесі.
“Инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе аймақтарда жиі болып тұрады. Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көп тосқауылға тап болады.
Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады.
Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндеттерінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек.
Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады”- деді.
Сонымен қатар Президент ауылшаруашылығы, жол, әлеуметтік жағдай, құрылыс жүйесіндегі реформа, тағы да басқа өзекті мәселелерге қатысты Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімі аталған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза 11 ақпан күні өткен ауыл әкімдері сайлауының қорытындысы бойынша сайланған Қызыларық және Күреңбел ауылдық округтерінің әкімдерін таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Облыстық аппараттық кеңесте айтылған облыс басшысының тапсырмаларына сәйкес бірқатар мәселелерге тоқталды.
-Мемлекет басшысы айтқандай, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін талапты дұрыс түсініп, бюрократия, көзбояушылықтан, қағазбастылықтан арылып, жұмысқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Бұл – Президент талабы. Сондықтан дер кезінде ойымызды өзгертіп, нақты нәтижелі жұмыспен айналысуымыз қажет.
Ауданның экономикасын көтеруде инвестиция тарту маңызды мәселе. Оған Мемлекет басшысы мен облыс басшысы да ерекше назар аударып отыр. Бұл мақсаттағы жоспарлардың орындалуы ауылдық округ әкімдері мен тиісті сала басшыларына да тікелей байланысты.
Бюджет есебінен атқарылатын жұмыстарымыз да уақтылы, нәтижелі болуы керек. Олай болмаған жағдайда ешкім басымыздан сипамайды. Дегенмен бір-бірімізді қорқытып емес, түсіністікпен және жауапкершілікпен жұмыс істеуіміз тиіс.
Ауыл шаруашылығындағы өткен жылғы орын алған кемшіліктерден биыл сабақ алуымыз керек. Ондағы басты мәселе – суды үнемдеу. Сондықтан қазірден шаруалармен кімде қандай проблема бар, егілетін егіннің көлемі, “Қазгидрометтің” болжамы бойынша жұмыс істеуіміз керек.
Көктемгі су тасқынының алдын алу да маңызды шара.
Әкімдер алдын алу шараларын тиісті деңгейде ұйымдастырыңыздар. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Егер арық-атыздар тазаланбай, яғни адами факторлардың салдарынан су тасқыны орын алса, ренжімеңіздер…
Биыл біздің ауданда қар көп. Аяқ асты күн жылынып немесе жауын жауатын болса, жағдай қиын болады. Сондықтан алдын алу шараларын тиісті деңгейде жасап, жағдайды қатаң бақылауда ұстаңыздар,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»