Basty bet
жедел штаб отырысы өтті
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді. Отырысқа коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық жұмыс тобының мүшелері – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Серік Қожаниязов, Денсаулық сақтау министрлігі аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Зәуреш Жұмаділова және Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Уәлиев қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеуге тартылған барлық медициналық мекемелер, сондай-ақ, карантиндік стационарлар қажетті медициналық препараттармен және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген.
Науқастарды емдеуге тартылған медицина қызметкерлеріне тиісті үстемеақы және сыйақы төленуде. Республикалық бюджеттен жалпы сомасы 40,1 млн.теңгеге барлық үш тәуекел тобындағы 270 медицина қызметкері материалдық көмекке қол жеткізген. Жергілікті бюджеттен шамамен 500 медицина қызметкерінің еңбегін материалдық ынталандыру мәселесі қосымша пысықталуда.
Б.Орынбековтің айтуынша, облыстың барлық дәріханалары қалыпты режімде жұмыс істеуде. Қаладағы дәріханаларда медициналық бетперделер 50 теңгеден сатылуда. Әр адамға 5 данадан артық берілмейді. 55 шағын кәсіпорындарда тәулігіне 80 мыңнан астам бетперде дайындалуда. Антисептиктермен қамтуда да кедергі жоқ. Контрабандашылардан тәркіленген 9 тонна этил спиртінен де антисептиктер дайындалуда.
Карантин кезеңінде табысынан айырылған адамдар да назардан тыс қалмаған. 42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік жәрдемақы 161 мыңнан астам азаматқа төленді. Атаулы әлеуметтік көмек қарастырылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы жеткізілмек. Сонымен қатар, аз қамтылған азаматтарға халық көп тұтынатын тауарларды, сондай-ақ Кедендік бақылау қызметтері тәркілеген тауарларды үлестіру жоспарланып отыр.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов полицейлердің карантиндік режім кезіндегі жұмысы туралы хабарлады. Оның айтуынша, облыс бойынша 214 карантиндік режім талаптарын бұзу фактісі анықталған. Алайда, жалпы қылмыс көрсеткіші азайған. Блок-бекеттерде жұмыс істейтін 300 полицей жақын арада қауіпті вирусқа жедел-тестілеу өтеді. Тәртіп сақшыларына медициналық қызметкерлер сияқты сыйақы төлеу шаралары атқарылуда.
Республикалық жұмыс тобының жетекшісі Серік Қожаниязов өңірде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі облыстық жедел штабтың жұмысын оң бағалады.
Отырысты қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтті. Аймақ басшысы Таразда және ауылдық елді мекендерде карантиндік режімді қатаң сақтау қажеттігін баса айтып, блок-бекеттердегі жұмысты ширатуды және азаматтардың өтініштері мен пікірлеріне назар аудару керектігін ескертті.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі