Қас қағым сәтте-ақ әлем елдерінің айрандай ұйыған берекелі тірлігін астаң-кестең етіп, адамзат баласын дүрбелеңге салған, әдеттегі өмір сүру қалпына елеулі өзгерістер әкелген коронавирус инфекциясымен жаһандық деңгейде күрес басталғалы бір жылдан астам уақыт өтті. Індеттің одан әрі таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында елімізде, соның ішінде өңірімізде өткен жылдың наурыз айының ортасында карантиндік шектеу шаралары енгізілгені мәлім.
Жыл бойына шектеу шаралары бірде қатаңдап, бірде жеңілдетіліп отырды. Соның арқасында Қазақстанда әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда қауіпті індетті жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны айтарлықтай көп болған жоқ.
Ауданымызда СОVID-19-ға шағымданған алғашқы науқас өткен жылдың 18 мамырында тіркелген. Жуалы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне қарағанда, жылдың аяғына дейін коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 174 адам болса, аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 328,5 құраған. Өкінішке қарай, індет сегіз адамның өмірін жалмаған.
Ал биылғы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 32 тұрғын коронавирус инфекциясын жұқтырған, 100 мың халыққа шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 60,3 құрайды. Одан бір адам қайтыс болған.
– КВИ-ге шалдыққандардың жас құрамын саралайтын болсақ, 1-14 жастағылар сегіз (4,6%), 15-19 жастағылар бесеу 5(2,9%), 20 -29 жастағылар – 28 (16,1%), 30-60 жастағылар – 89 (50,8%), 61 жастан жоғары 44 (25,4%) адамды құрап отыр. Індет өткен жылы аудан орталығында тіркелсе, соңғы тәуліктерде Қарасаз, Шақпақ өңірлерінен көп анықталып отыр.
Науқастардың барлығына бекітілген хаттамаға сәйкес, тиісті ем-дом жүргізілуде. Олармен тығыз қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынуда. Қарым-қатынаста болған адамдардан ПТР әдісімен талдаулар алынды. 173 ауру ошағында эпидемиологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 78 ошақта қорытынды дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді.
Науқастар шыққан үйлерге оқшаулау (үй карантині) тәртібін енгізу туралы 111 қаулы шығарылды, – дейді басқарма басшысы Марат Искаков.
Басқарма басшысы індет негізінен жасы 60-тан асқан және жүрек-қан тамыры, қант диабеті ауруларына шалдыққан, қан қысымы тұрақсыз адамдарға қауіпті, әрі иммунитеті әлсіреген адамдардың ауруға бейім болып келетінін айтады. Сондай-ақ, инфекция адамдар арасында ауа арқылы, қол берісіп амандасқанда, жақын қарым-қатынаста болғанда беріледі. Дегенмен, мамандар белгілеген сақтық шараларын қатаң сақтағанда таралу қатері айтарлықтай төмендейді. Демек, бетке медициналық бетперде тағып жүру, оны күніне кемінде үш-төрт мәрте айырбастау, қолды антисептикалық құралдармен өңдеу, қоғамдық орындарға, ойын-сауық шараларына бармау, қай жерде болсын, қоғамдық ортада да, жұмыс орнында да, әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажет.
Басқарма мамандары аудан аумағындағы мекемелердің еңбек ұжымдарында түсіндірме жұмыстарымен қатар, дезинфекция және санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын күшейту туралы әңгімелер жүргізуде.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің және Жамбыл облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулыларына сай мониторинг тобы аудандағы жұмысқа қайта қосылған 73 нысанға дайындығы туралы тоқтам берген.
Мониторинг тобының жұмысы күнделікті жалғасуда. Карантин шараларының сақталуына қатысты мониторинг топ жыл басынан бергі аралықта жүргізлген 62 рейдтің нәтижесінде 375 нысан аралынып, 30 кемшілік анықталған. Оған қоса 18 құжат полиция бөлімінен түскен. Соның ішінде 11-не 1 375 110 теңге көлемінде айыппұл салынан. «Алатау» және «Керуен саз» дәмханалары, «Райхан», «Несібелі» мейрамханаларының санитариялық талаптарды сақтамай, карантин ережесін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушының толық мәліметі көрсетілмегендіктен, бес материал толықтырылып берілу үшін аудандық полиция бөліміне кері қайтарылды, екі әкімшілік құқықбұзушылық құжат қаралуда.
2020 жылдың тамыз айынан жылдың аяғына дейін карантин талаптарын бұзған 21 азамат анықталып, жалпы 2 347 410 теңге айыппұл салынды, соның ішінді төрт жеке кәсіпкерге 1 597 350 теңге, 16 жеке тұлғаға 666 720 теңге көлемінде айыппұл салынды. 16 айыппұл бойынша 1 305 660 теңге өндіріліп, 83 340 теңге өндірілмеген бір айыппұлдың құжаттары сот орындаушыларға жолданған.
Биыл жыл басынан бері карантин талаптарын бұзған үш азаматқа 406 980 теңге, соның ішінді 1 жеке кәсіпкерге 319 470 теңге, екі жеке тұлғаға 87 510 теңге айыппұл салынған. Екі айыппұл бойынша өндірілген сома 363 225 теңгені құраса, өндірілмеген бір айыппұл сомасы 43 755 теңгені өз еркімен өндіру уақыты өтпеген.
– СОVID-19-ға қатысты ауданымыз «жасыл аймаққа» жатады, демек ахуал тұрақты. Дегенмен солай екен деп арқаны кеңге салып, карантин талаптарын ұмытуға жол беруге болмайды. Оның күшін әзірге ешкім жойған жоқ. Сондықтан аудан тұрғындарынан, жеке кәсіпкерлерден сұранатыным, өзіңіздің де, жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін сақтық шараларына жіті мән беруге шақырамын, – дейді басқарма басшысы Марат Искаков.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»