Basty bet
Нәрестенің күтімі және дамуы
Әрбір нәрестенің дүниеге келуі – ғажайып және қайталанбас ерекше сәт. Әйел ана болу бақытына кенеліп, оның алдында таң қаларлық және бейтаныс әлемнің есігі ашылады. Ол сәби бағып-қағу кезінде көптеген жаңа сезімдерге бөленеді. Өмірге жаңа келген нәрестені дұрыс күту-нәрестенің денсаулығының басты кепілі. Егер сіз нәресте ештеңе түсінбейді деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.
Дүниеге жаңа келген нәресте де көреді, естиді, иісті айыра алады. Баламен ойнаңыз,оған дүниеге келгеннен бастап көруге, естуге, сезуге және қимылдауға мүмкіндік беріңіз. Нәресте сізді, бет-әлпетіңіздің өзгерісін көреді, даусыңыздың сарынын байқайды. Сәбимен көбірек сөйлесіңіз, көзіне жымиып қараңыз. Сәбиге сіздің мейіріміңіз, назарыңыз өте қажет. Бала ауырмас үшін ана оның денесін таза ұстап, тамағын дұрыс беріп, дұрыс ұйықтата білуі керек. Кіндігі түсіп, орны әбден жазылғаннан кейін, қайнаған жылы суға (+ 37 С) нәрестені күн сайын кешке жақын шомылдырған жөн.
Бұл жағдайда ананың тырнағы өсіңкі болмауы тиіс, ол нәрестені шомылдырар алдында қолын сабындап жуып, ваннаны ыстық сумен шайып алуы керек. Шомылдырғанда сәбидің кеудесін анасы сол қолының білегіне сүйеп, оң қолымен оның аяғын ваннадағы суға салады. Нәрестенің құлағына, аузына, мұрнына су кетіп, көзіне сабын кіріп ашытпас үшін, ваннадағы судың деңгейі оның иығына жетер-жетпестей болғаны жөн. Нәрестені шомылдырудан бұрын, бір ыдысқа оның бет-аузын шаятын қайнаған жылы су, екінші ыдысқа шомылдырып болған соң денесін шаятын (35-36°) су дайындап қойған жөн. Баланы суда 5-7 минуттан артық ұстауға болмайды.
Нәрестенің терісі базданып кетпес үшін мойнына, қолтығына, шатына вазелин немесе өсімдік майын жағады. Өсімдік майын 10-15 минут қайнатып, суытып, арнаулы ыдысқа құйып қоюы керек. Емшек сүті баланың дұрыс өсіп-жетілуіне көмектесетін аса маңызды қоректік зат. Ана сәбиді емізер алдында қолын жуып, емшегін жылы сумен шайып, құрғатып алғаны жөн. Баланы емізіп болғаннан кейін емшектің ұшын таза мақтамен сүрту керек. Нәрестенің қолын таза ұстап, тырнағын өсірмей алып тұрған жөн. Өйткені тырнағы өсіп кетсе бала бет-аузын тырнап жарақаттап алады.
Сәбидің киім-кешектері мен жаялықтарын жай ғана жуып қоймай, міндетті түрде екі жағын бірдей үтіктеу қажет. Өмірінің алғашқы айында нәрестенің қимыл белсенділігі аз, көп уақытта қалай жатқызды, сол күйде жата береді, одан қол мен аяғы буынының бұлшықеттік тонусының физиологиялық артқаны байқалады, үлкен адам қолына алғанда, ол басын ұстай алмайды.1-2 айлық кезде сәбидің қолы мен аяғының қимылы ретсіз сипатта болады. Тек 1-1,5 айда ғана нәресте басын ұстай бастайды. 2-3 айында бала басын орташа сызық бойымен ұстауға қабілетті, арқасында жатып, қолдарын денесінің орта бойына дейін жинап, аузына әкеле алады, алақанына ойыншық салған кезде қолын қысады.
Бұл жасында сәби ойыншық тигізсе, жұдырығын ашады, оған салынған ойыншықты шамалы уақыт бойы ұстап жата алады, қолдарына ұзақ қарайды, өз бетінше арқасынан бір қырына бұрыла алады, етпетінен жатып, тепе-теңдікті жақсы сақтай алады (арқасына және қарнына құлап кетпейді). 3 айында бала көрген затына ұмтылады, ойыншықты алады және қармауға қолайлы бір қолымен біраз уақыт ұстап тұрады, қолында тұрған затты тартады, аузына салады. 3 айында сәби етпетінен жатып, басын 45-90 градусқа көтереді (кеудесі көтеріңкі, иығы деңгейінде немесе иығы алдында білегіне, шынтағына таянады). 4-6 айлар аралығында баланың алғашқы бағытталған қимылдары, арқадан етпетіне бұрылу секілді денесін кеңістікте қозғалту пайда бола бастайды.Сонымен қатар, бала басының, денесінің және аяқ-қолының қалпын одан да жақсырақ бақылайды, ол өз кезегінде ұстаған қалпын ұзағырақ уақыт ұстап тұруға, сондай-ақ заттармен немесе ойыншықтармен күрделі қимылдар жасауға мүмкіндік береді. Кейбір балалар 5,5-6 айда етпетінен жатып, шеңбер бойымен айнала алады, ал кейбіреулері қарнымен шағын жерге еңбектей алады.
Ол аяғын қарнына тартып, аяғын көтеріп, тізесін қолымен ұстай алады (4-5,5 айында), ал ересек адам қолынан созса, отыруға тырысады. Көптеген балалар отырғызып қойса, бірнеше секунд бойы отырған қалыпты сақтай алады. 6 айлық кезінен бала дамуының жаңа кезеңі басталады. Осы уақыттан бастап баланың еліктеу кезеңі басталады. 8-12 айлық жасында сәби дербестілік көрсете бастайды.
Үлкендерге еліктеп,тамақты қасықпен, суды саптаяқпен ішкісі келеді. Сәбидің сізбен сөйлесу талаптарын назардан тыс қалдырмаңыз. Оған өзіңіздің сүйіспеншілігіңізді көрсетіңіз, оның ұмтылысына шек қоймауға тырысыңыз.Сәбимен жылы шыраймен сөйлесіңіз, қарапайым сөздерді қолданыңыз. Сәбимен жиі ойнаңыз, ойын үстінде бала көптеген жаңалықтармен танысады,ойланады,оңай мәселелерді шешуге үйренеді. Нәрестенің күтіміне, дамуына ерекше мән беріп,дені сау ұрпақ болып өсуіне көмектесейік құрметті ата-аналар.
Назыгүл ЗЕЙНУЛЛА,
аудандық аурухананың, балалар
бөлімінің меңгерушісі