Basty bet

Ауданда эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Бұқаралық ақпарат құралдарынан еліміздегі коронавирус инфекциясының таралуы жайында ақпараттар жүйелі берілуде. Індетті жұқтырушылар саны еліміздің барлық өңірлерінде артып, кейбір жерлерде санитариялық талаптар күшейтілуде. Осы ретте, еліміздің эпидахуалына байланысты тұрғындарға барынша сақтық шараларын қатаң сақтау жүктелуде. «Дені саудың – жаны сау» демекші, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау баршамыздың міндетіміз екені аңғарылуда. Ал, біздің ауданның эпидахуалы қандай екенін білу мақсатында орталық аурухананың эпидемиолог дәрігері Еркежан Әміровамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Еркежан Мәжитқызы, елімізде күннен-күнге індетті жұқтырушылар саны артып келеді. Осы ретте, біздің ауданның эпидахуалына тоқталып өтсеңіз.
– Бүгінгі күні Жамбыл облысының эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының деректеріне сәйкес, коронавирустың таралу қарқыны бойынша біздің ауданымыз «жасыл» аймақта тұр. Бұл ауданда эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты, шектеу шараларын әлсірету мүмкін екенін білдіреді. Дегенмен, босаңсуға әлі ерте екені бәрімізге мәлім. Себебі, жағдай күнделікті ауысуда.
– Осы уақытқа дейін ауданымызда короновирус инфекциясын қанша адам жұқтырды? Оның ішіндегі 2021 жылы қанша адамнан індет анықталды?
– Жалпы аудан бойынша пандемия басталғалы COVID-19 ПТР әдісімен расталған 188 науқас анықталды. Оның ішінде 2021 жыл басталғалы 35 науқас тіркелді.
– Індетті жұқтырушылардың ішінде балалар бар ма? Сонымен қатар, көбінесе қай жастағылар ауруханаға түсуде?
– Жыл басталғалы 14 жасқа дейінгі жеті баладан ПТР әдісімен COVID-19 расталды. Балалардың көбі науқас ата-аналарымен немесе ата-әжелерімен жақын байланыста болғанына байланысты ПТР тестін тапсырған және КВИ симптомынсыз болғандықтан, тек үй карантинінде бақылауда отырды. Ауруханаларға түсіп жатқандардың көпшілігі 30-60 жас аралығындағы азаматтар.
– Бүгінде оқшауланған үйлер қай ауылдарда бар және олармен қандай жұмыстар жүргізілді?
– Өңірдегі бірқатар елді мекендерден COVID-19 және вирустық пневмония диагнозымен науқастар ауруханаға түсті. Әсіресе, Ақтөбе дәрігерлік амбулаториясына қарасты ауылдарда науқастар көптеп тіркелуде. Науқастар облыстық және аудандық деңгейдегі ауруханаларда ем алып, жазылып шығып жатыр. Науқаспен соңғы байланыста болған күннен бастап жақын байланыста болған азаматтар 14 күнге үй карантинінде болады. Алғашқы шұғыл хабарлама түскен күні емхана немесе ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда жасақталған мобильді топтар жақын байланыстағы азаматтардың денсаулық жағдайын бақылап, қажет болса емін тағайындап әрі қарай бақылауға аймақтық дәрігерлік қызметке хабар береді. Аймақтық дәрігерлер қоңырау шалу арқылы күнделікті жағдайларын бақылайды. Денсаулығында қандай да бір өзгерістер болатын болса, кажетілігіне қарай түзетулер жасайды.
– Жалпы теледидардан қазір елімізде індеттің екінші толқыны басталды деген ақпарат беріліп жатыр? Осы ретте, біздің ауданда індетке қарсы қандай іс-шаралар жасалуда?
– Коронавирустық инфекциясының екінші толқынының басталғаны туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық жұмыстары біздің аудандық орталық ауруханада да жүргізілген.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 25.12.2020 жылы шыққан №67 қаулысына сәйкес медициналық қызметкерлердің КВИ-ды жұқтыруын болдырмау және науқастардың өзара араласып жүруін болдырмау мақсатында емхана мен жұқпалы аурулар бөлімінде респираторлық симптомдары бар науқастарды «қызыл» аймақта қабылдау жүргізіледі.
– Жатын орны мен дәрілік қорлар, қорғаныш құралдары жеткілікті ме?
– Инфекциялық стационарда коронавирустық инфекция науқастарына арналған 20 төсек-орын ашылды. Қосымша дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық заттар т.б. жеткілікті мөлшерде сатып алынды. Сонымен қатар, аурухана мен емхананың кіреберісінде келушілердің дене қызуына қарай сұрыптау мақсатында жанаспай өлшейтін тепловизорлар орналастырылды.
– Ауданның эпидемиолог дәрігері ретінде тұрғындарға айтар кеңесіңіз?
– Адамның денсаулығы – баға жетпес байлық. Барлық талапты бұлжытпай орындасақ қана, бұл ауыртпалықты еңсере аламыз. Мұның барлығы халқымыздың саулығы, еліміздің ертеңі үшін. Қоғам қауіпсіздігі, ел болашағы барлығымыздың қолымызда. Барлық сақтық шараларын сақтап, отбасыларыңыздың қасында болуларыңызды сұраймын!
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбатты жүргізген
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close