Basty bet

«Дәстүрді жетік білгенім жұмысыма септігін тигізді»

Сағындық Құралбайұлы саналы ғұмырының елеулі бөлігін қоғамдық тәртіпті сақтауға, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға арнаған жан. Ол 1977 жылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі болып жүргенде, партияның жолдамасымен аудандық ішкі істер бөлімінің аймақтық учаскелік милиция инспекторы болып тағайындалып, осы қызметте табаны күректей 20 жыл абыроймен еңбек етті.

Өмірден көргені мен түйгені мол, әрдайым жаны ізгілікке құштар, абзал азамат соңғы жылдары Қарасаз ауылдық округі ардагерлер кеңесін басқарды, аудандық медиаторлар қауымдастығының мүшесі ретінде ел ішінде ара-тұра болып тұратын араздықты шешіп, екі тарапты бітістіруге күш салып келеді. Бүгінде ол аудандық билер кеңесінің төрасы болып, жергілікті билердің қызметін үйлестіруде.
– Қазақта ежелден келе жатқан салт-дәстүрдің ішінде сатылатын малдың бас жібін бермеу деген ырым бар. Бұл мал басының көбеюіне, азаймауына, себебі, малдың ноқтасын беріп жіберсе, мал тұрақтамайды деген ырым болған, – деп бастады әңгімесін Сағындық аға.
Бұл жағдай менің өз басымнан өтті және қызметімде көп көмегі тиді. 1980 жылдардың бас кезінде мен «Бауыржан Момышұлы» совхозында, Карл Маркс совхозында және Максим Горький колхозында учаскелік милиция инспекторы болып қызмет атқардым. Ол кезде мал базары ауылдың ішінде, қазіргі Сарыағаш базарының құрамында болатын.
Мал базары жексенбі күндері болатын. Базар сайын милиция қызметкерлерінен кезекші сайланатын.
Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірінде мен кезекшілікте едім. Таңғы сағат алтыда елең-алаң кезде мал базарға кіре бергенім сол еді, алдымнан Сегізбай Қаймақбаев деген танысым жолыға кетті.
– Сәке, міне, мен айғыр сатып алдым, – деп айғырын көрсетті.
– Мал егесі асығыс екен, ноқтасымен бірге беріп кетті. Базарда тағы бір құлынды бие сатылды, оны Шақпақата ауылының бір әйелі сатып алды. Оған да ноқтасын беріп кетіпті, – дегенді қосты.
Менің басыма бірден «қазақ мал сатқанда бас жібімен бермеуші еді ғой. Бұл тегін болмады» деген ой келді.
Сөйтіп, сол жерде Сегізбайдан сатқан жігіттің түр-сипатын, киген киімін сұрап алдым. Ол сатқан жігіттің ұзын бойлы, үстінде қоңыр жұқа күртешесі мен асынған жолқапшығы бар екенін айтты.
Мен базардан сыртқа шықтым. Алдымнан Шоқыбасов Жамбылбек жолыға қалды. Ол да кезекшілікке келген екен. Ол кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшенің инспекторы болып істейтін. Мен оған әлі мал сатқан жігіттің шайханадан тамақтануы мүмкін екенін тұспалдап, «қазір шайханаға баршы» деп оның түр-түсін сипаттап, шайханаға жібердім.
Өзім үлкен жолдың бойына қарай жүгіріп кеттім. Ол кезде үлкен жол ауылдың ішінен өтіп жататын. Онда барсам, әлгі мен іздеген жігіт әлі кете қоймапты, жолдың бойында көлік күтіп тұр екен.
– Інішек, жаңа мал базарда бір айғыр, бір құлынды бие сатып кетіпсің, қолыңда анықтамаң бар ма? – деп сұрадым. Ол:
– Аға, әйелім мен балам ауруханада жатыр еді. Өз малым, ақша керек болып сатып кеттім. Дер кезінде анықтама ала алмадым. Түлкібас ауданының Ақсу Жабағылы ауылында тұрамын, – деді.
– Інішек, жүр, ана жерде малдарды ұстап тұр, соған түсініктеме бер, – дедім оған.
– Аға, айып етпеңіз, мен асығыстау едім, мына ақшаны пұл қыларсыз, – деп маған 120 рубль ұсынды.
Сол арада менің күдігім одан бетер ұлғая түсті. Мен оған «базардың шет жағына барып, айтасың да кетесің» деп оны базарға ертіп келдім. Әрі қарай милиция бөлімшесіне алып келдік.
Сол жерден Түлкібас аудандық милиция бөліміне телефон шалып, «түр-түсі осындай малдар жоғалды ма?» деп сұрадым. Олар «ондай малдардың жоғалғаны туралы ориентровка» жоқ деп жауап берді.
Содан кейін жақын маңдағы Жамбыл ауданының ішкі істер бөліміне хабарластық. Олар бір күн бұрын кешкісін дәл сондай малдардың жоғалғанын айтты. Біз сондай малдардың табылғанын, өзімізде ұстап отырғанымызды айттық.
Түстен кейін мал иелері де келіп, малдарын таныды. Малды иелеріне қайтарып, ұрлаған жігітті қамауға алдық.
Ол жігіт Түлкібас ауданының жігіті екен. Жамбыл ауданында жекенің малын жайып жүріп, сол жердің қызына үйленіпті. Жергілікті тұрғындар оған жаны ашып, бөлек үй-жай беріп, жайландырған екен. Сөйтсе, әлгі жігіт ұрлықпен айналысып жүргенге ұқсайды. Басқа да бірнеше ұрлығы дәлелденді.
Кейіннен Аса ауылында сот процесі болып, мен оған куәгер ретінде қатыстым. Жандар Кәрібаев ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Қалима сот төрағасы еді. Істі сол кісі қарап, маған алғысын айтып, облыстық ішкі істер басқармасына қызметтегі қырағылығым үшін марапат беру туралы ұсыныс жолдады.
Мен осылайша, дәстүрді білгенімнің арқасында облыстық ішкі істер басқармасынан Мақтау қағазын алдым. Әрі қарай қызметімде көп септігін тигізді, – дейді Сәкең.
Сағындық аға бүгінде ел ішінде, соның ішінде өз өңірімізде асар дәстүрінің қайта жаңғырып жатқанына да риза.
– Біздің бала күнімізде үй тұрғызу көпшіліктің күш біріктіруімен атқарылатын. Мен Андреевка, қазіргі Алатау ауылында өстім. Екі ру ғана тұратын ауылда халық өте тату болатын. Мәселен, біреу үй соға ма, бәрі бірлесіп кететін. Кірпіш құятын қалып он кірпішке шақталған болушы еді. Соны атқа тіркеп алып, біз, балалар, аттың үстінде жүріп, қалыпты сүйреп, аударатын жерге апаратынбыз.
10-15 күнде кірпіш кепкенде, 100 данадан үйіп, қалайтынбыз. Сол ауылдағы қазақтардың үйлерінің көпшілігі асар дәстүрімен салынды. Ол кезде ешкім еңбегіне ақы сұрамайды.
Сол асар дәстүрі бір кездері жоғалып кетіп еді. Міне, қазір облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қайта жаңғырып, ортамызға оралды. Қазір биылғы жылдың өзінде ауданымызда тұрмысы нашар, көпбалалы отбасыларға 10 үй жөнделіп, не болмаса жаңадан соғылып беріпті. Қарасаз ауылының өзінде бір үйдің шатырын ауыстырып берсе, бір жалғызбасты үш қызы бар әкеге 4 млн. теңгеге ел-жұрт қаражат жинап, үй сатып әпердік.Бір нашар тұратын жалғызбасты ананың үйіне кіреберіс қақпасын сырлап, әрлеп бердік. Міне, осы асар дәстүрінің қайта оралғанына ел-жұрт риза. Бұл адамдардың арасындағы сыйластықты, ынтымақты, бірлікті, бауырмалдықты, түсінушілікті арттырады, – дейді ауыл-аймаққа сыйлы, қадірменді қария, билер кеңесінің төрағасы Сағындық Құралбайұлы.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close