Basty bet
Кардиологтың тапшылығы жүрек ауыртады
«Жүрейік жүрек ауыртпай» демекші, қоғамдағы болып жатқан кейбір жағымсыз жағдайларға жүрек ауыртатынымыз бар. Мен Жуалы ауданының байырғы тұрғындарының бірімін. 1942 жылы майдангер отбасының шаңырағында туылған екенмін. Ауданда бірқатар салаларда тер төгіп, біраз мекемелерде өз мамандығым бойынша ұзақ жылдар жемісті жұмыс жасадым. Мен де соғыстан кейінгі халықтың тұрмысы ауыр жылдарда еңбекке ерте араластым. Қаншалықты бала болсақ та ауыр жүкті қайыспай көтере білдік. Сөйтіп жүріп ержетіп, азамат қатарына қосылған жайымыз бар.
Алайда менің айтпағым бұл емес. Бізбен қатар өмірге келген азаматтардың барлығы тұрмыстың ауыр тауқыметін тартты. Құдайға тәуба, еліміз тәуелсіздік алған 30 жылға жуық уақыт аралығында Қазақ елі барлық жағынан дамып, халықтың да әл-ауқаты артып келеді. Соның ішінде басты байлығымыз саналатын денсаулықтың адам үшін орны бөлек екені сөзсіз. Денсаулық сақтау саласына да орасан зор көңіл бөлініп отыр. Менің айтпағым, өмірдің сынағын көп көрген соң денсаулығым онша мәз емес. Жүрегім қатты ауырады. 2015 жылы жүрегіме күрделі ота жасатып, нәтижесінде кардиостимулятор қойылды.
Қаймағы бұзылмаған қазақы ауданды қоныс еткен соң көп отбасылармен, жекелеген азаматтармен де араласып тұрамыз. Сондағы естігенім, біздің ауданда халықтың елеулі бөлігі түрлі жүрек ауруларымен ауыратынын байқадым. Ол аудандағы табиғи әсерлердің салдарынан болуы мүмкін деп ойлаймын. Адам қартайған сайын денсаулығына, балаларының, немерелерінің де ертеңіне, болашағына көп алаңдайды екен. Жүрек ауруымен ауыратын мен сияқты қария кісілер қаншама. Оларға уақтылы күтім керек. Өз басым жүрек ауруымен ауыратындықтан аудандық аурухана қызметкерлерінің көмегіне көп жүгінемін. Сондағы байқағаным, аудандық емханада 2015 жылдан бері кардиолог дәрігері тұрақтаған емес. Аудандық емханаға кардиолог дәрігердің тұрақтамауының нақты себептерін білгім келеді. Бұл жүрек ауруымен ауыратын науқастардың көкейінде әзірше сұрақ күйінде қалып отыр.
Орайы келіп тұрғанда тағы бір айтатын жағдай, ауруларға мемлекет тарапынан берілетін тегін босатылатын дәрілердің тапшылығы. Бұл да біздің елде үлкен проблема. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан фармацевтика саласына, оның ішінде дәрі-дәрмек бағасын реттеуге қатысты бірқатар түйінді мәселелердің шешілуіне бағытталған жұмыстар да оң нәтиже бермей отырғаны жүрек ауыртады. Тегін дәріге қол жеткізсек деген ниетпен учаскелік терапевт дәрігерге бара қалсаң, жылдың аяғы болып қалды деп шығарып салады. Сонда қолында билігі мен қалтасында қомақты қаражаты жоқ зейнеткерлер қайда барып емделеді. Мен сияқты ауру азаматтарға кім қол ұшын береді?!
Ауданда кардиолог дәрігердің тұрақтамауына байланысты аудандық орталық аурухананың табалдырығын тоздырдым десем де болады. Аурухана басшылығынан: «Кардиолог дәрігердің тапшылығы бар. Біз бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Маманның тұрақтамауына байланысты маманды мекеменің тарапынан тиісті жағдайларды жасап оқытсақ деп отырмыз» деген жауап алдым. Қорыта айтқанда, аудандық ауруханада жүрек дәрігерінің жоқтығы әзірше жүрек ауыртып отыр…
Қуантай ИСАЕВ,
зейнеткер.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны