Basty bet

Кәсіп игерген келіншек

2020-шы жыл Қайрат ауылында тұратын жас отбасы Ринат Балқыбеков пен Талшын Төлендиеваның отбасы үшін де табысты жыл болды деп айтуға толық негіз бар. Бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған жас отбасының отанасы Талшын Төреханқызы осы жылдың қараша айында дүниеге шекесі торсықтай ұл әкеліп, перзентті болды. «Қуанышың қабат болсын» демекші, соның аз-ақ алдында ғана отанасы Талшын Төлендиева 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған еді.

Жас ана Т.Төлендиева Байзақ ауданы Мәдімар ауылының түлегі. Осы ауылдағы орта мектепті бітірген соң Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны инженер-технолог мамандығы бойынша бітірген. Аталған оқу орнының магистратурасын да тамамдаған. 2014 жылы біздің ауданға қарасты Қайрат ауылының азаматы Ринат Балқыбековке тұрмысқа шығады. Жаңа жыл қарсаңында жас отбасының шаңырағына әдейілеп барып, олардың тұрмыс-тіршілігімен танысқан едік.
Ринат пен Талшын ата-аналарының қолында тұрады екен. Жанұяның үлкендері Асан мен Қалдыкүл Балқыбековтар мал баққан шаруа кісілер болып шықты. Асан Балқыбеков «Асан» шаруа қожалығының жұмысын жүргізсе, отанасы балалары мен немерелерінің тәрбиесімен айналысады екен.
-Осы әулетке келін боп түскеніме алты жылдай уақыт болды,- дейді Талшын Төлендиева. –Ринат екеуміз үш перзент тәрбиелеп отырмыз. Мамандығым бойынша жұмыс істеген жоқпын. Қазір бала күтімімен отырмын. Осы жылы жаз айында бұқаралық ақпарат құралдарынан: «жас отбасыларға, аз қамтылған жанұяларға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар беріледі» деген жағымды жаңалықты естіп, қалайда грантты ұтып алуға бел байладым. Менің бұл ойымды жүзеге асыруға аудандық кәсіпкерлер палатасы көмегін тигізді. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жуалы аудандық филиалында «Бастау-Бизнес» жобасымен бір ай уақыт онлайн оқып, сертификат алдым. Содан бизнес жоба жасап аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы конкурсқа қатысып, 555 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грантты ұтып алдым. 2020-шы жылы отбасымыз үшін сәтті де табысты жыл болды. Қайтарымсыз грант арқылы кәсіпті болып жатырмыз. Ең бастысы, басымыз аман, бауырымыз бүтін, балаларымызды тәрбиелеп келеміз.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» деген. Жас отбасы қазан айында қайтарымсыз гранттың қаражатына екі бас сауынды сиыр сатып алды.
-Жобаның талаптары бойынша сүт бағытын дамытуға екі бас буаз сауынды сиыр сатып алдым. Бұйыртса, алдағы айларда бұзаулайды деп күтіп отырмыз. Алға қойған мақсатымыз – сүт бағытында жұмыс істеу. Сауынды сиырдың басын көбейтіп, тұрмысымызды түзеу. Отбасымызда оған жағдайымыз бар. Атамның атында шаруа қожалығы бар. Жем-шөп қоры жеткілікті. Мал басын көбейту үшін қолға алған жұмысымызды ата-енем де қолдап, қуаттап отыр. Жас отбасыларды материалдық тұрғыдан қолдап, қаржылай көмектер беріп отырған ел Үкіметіне, кәсіпкерлік бастамама қолдау көрсеткен аудандық кәсіпкерлер палатасына, аудандық жұмыспен қамту орталығына алғысым шексіз,- дейді қайтарымсыз грант иегері Талшын Төлендиева.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close