Basty bet

Үздік ресторатор

Бүгінде жеке кәсібін ашып, ауданда игілікті істерімен таныла бастаған жастардың қатары артып келеді. Соның бірі – Еділ Әбдіқадыр. Ол Алматы қаласындағы Алматы технологиялық университетінде мейрамхана ісі-мейманхана бизнесі мамандығы бойынша үздік білім алған. Университетте білім ала жүріп қосымша Тараз қаласындағы «Гүлнәр» кәсіптік оқыту орталығында үш айлық курстан да өтеді. Сөйтіп «II разрядті аспазшы» атанған.

Еділдің ауданда жұмыс жасап жатқанына үш жыл уақыт болыпты. Үш жыл төңірегінде аспаз мамандығы бойынша бес оқушыны өз тәжірибесінен өткізген. Екі мектеп түлегі Еділдің жол сілтеуіммен мейрамхана ісі мамандығына оқуға түсті. Білікті маман 2023 жылдың мамыр айынан бастап «Қаракөз» мейрамханасында бас аспаз болып жұмыс жасайды.
Бұдан бөлек, Еділ той-жиындардың, мерекелік отырыстардың, туған күндердің дастарқанына қойылатын тағамдарға тапсырыс қабылдап, түрлі ас мәзірін дайындаумен де айналысады. Тапсырыс берушінің үйіне барып, асханасын пайдаланып, қонақ бөлмеге әдемілеп дастарқан жаяды.
– Өткен аптада «Үздік Премия-2024» атты іс-шараға алдын шақырту алдым. Бұл іс-шарада өткен жылдың қорытындысы бойынша әр өңірдің үздік мамандары марапатталды. Кеш Тараз қаласында «ГулСарай» мейрамханасында өтті. Оған 40-тан аса әр саланың мамандары қатысты,- дейді Еділ.
Еділ Жанәділұлы аталған шарада халықтың қуанышына ақ дастарқанымен креативті идеяларымен көзге түскен мықты аспаз «Үздік Ресторатор-2024» номинациясымен марапатталды. «Үздік рестаратор» төсбелгі мен куәлігін иеленді.
«Кәсіпте табысқа жеткің келсе, пайда алып келетін емес, жүрегің қалайтын іспен айналыс»- дейді Еділ Әбдіқадыр.
Жас аспаз кәсіпте табысқа жетудің бірнеше құпиясымен бөлісті. «Егер, шынайы қуаныш әкелетін іспен айналыссаң, онда сен үшін ешқандай шектеу де, шекара да жоқ. Көпшілік адамның тұлғалық дамуы, жеке өмірдегі және жұмыстағы жетістік көрсеткіші тікелей айналысатын ісіне байланысты. Егер өзің қаламаған іспен айналыссаң, алдыңнан кедергілер жиі шығады.
Мақсатың айқын болса, қиындықтардан оңай жол табасың кез келген істі бастамас бұрын алдыңа анық мақсат қойып, сол мақсатқа аз-аздан, бірақ, үздіксіз жүріп отырған жөн. Егер, мақсатың анық, айқын болса, тау қопарып, белесті бағындыруың анағұрлым оңай болмақ. Артық нәрсеге бас қатырма,- дейді аспаз.
Еділ кәсіпте табысқа жетудің маңызды белестерінің бірі ретінде артық ойдан арылып, қажетті нәрсеге зейін қоюға шақырады. Кезінде өзі де барлық нәрсені бақылауда ұстауға тырысқан. Уақыт өте келе артық нәрсені арнайы мамандарға тапсырып, кез келген нәрсеге уайымдап, бас ауыртпауға дағдыланғанын айтады.
“Кедергілерден қорықпа! Кәсіпте жетістікке жету үшін эмоционалды тұрғыдан мықты болуың керек. Бизнес бірде шыңға шығарады, енді бірде еңіске құлдилатады. Бастысы, күйзеліске түсуден сақтану керек. Адам визуалды түрде жеңіске жеткенін, кедергілер мен бөгеттерден шыққанын елестетіп дағдылануы керек.
Біздің миымыз жұмыстан емес, артық ойлар мен бос уайымнан шаршайды. Психологиялық және эмоционалды ойлардың әсерінен мидың жұмысын әлсіретіп алмау керек. Жұмыстан паника емес, ләззат алып үйренейік.
Жоғарыда айтып өткенімдей, осы мақсатқа жету үшін аянбай еңбек еткен дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана жақсы жетістіктерге жетесің”,- дейді Еділ Жанәділұлы.
Өз ісінің шебері Еділ алдағы уақытта дәмхана ісін жандандырып, аудан орталығынан мейрамхана ашуды жоспарлау үстінде.

Таңдаулы материалдар

Close