Basty bet
Ежелгі тарихтан тағылым
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте туған өлкеміздің өткен тарихи туралы сыр шертетін іс-шара өткізді. Мектептегі тарих апталығына орай ұйымдастырылған бұл тарихи-танымдық шараға музей жәдігерлерінен жылжымалы көрме қойылды. Көрмені музейдің экскурция жүргізушісі Манзура Қырықбай таныстырды.
Шара барысында оқушыларға Теріс аймағындағы Жылқышытөбе мен ортағасырлық Баркуаб қалашығынан табылған өте сирек кездесетін жәдігерлер үлкен қызығушылық тудырды.
Музейдің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев оқушыларға Жуалы өлкесінің жер-су атауларының қалыптасу тарихы және туған жеріміздің тектоникалық ерекшеліктері туралы лекция оқыды.
Сонымен қатар, музей қызметкері Ұлжан Исаева оқушыларға өлкеміз туралы жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» және «Әулиеатаның қасиетті жерлері», «Жуалы жер-су атауларының этимологиясы» атты кітаптар туралы әңгімеледі.
Шара соңында оқушыларға «Таңғажайып Қазақстан» атты бағдарламаға арнайы түсірілген Берікқара шатқалы туралы бейнефильм және «Сегізінші аймақ» атты ауданымыздың қасиетті жерлері туралы бейнеролик көрсетілді. Музейдің ғылыми қызметкері Д.Байдалиев оқушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Манзура Қырықбай,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурция жүргізушісі