Basty bet

Денсаулық күзетіндегі жас мамандар

бағдарлама аясында үш жылда ауданға 40-қа жуық жас маман келді

Денсаулық – зор байлық. Шынында, коронавирустық инфекция таралған тұста қу жанымызды шүберекке түйіп, денсаулығымызды уайымдағанымыз анық. Аты жаман індеттің таралуы әлі де басылмай тұр. Сондықтан денсаулықтың күзетін әлі де босаңсытуға болмайды.

Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласында, жалпы денсаулық күзетіндегі дәрігерлердің тапшылығы анық сезілді. Ауруханалардағы дәрігерлер мен орта және кіші медициналық қызметкерлердің саны аз. Медицина қызметкерлерінің кейбірі аты жаман ауруды жұқтырып, ем қабылдап жатты. Осы тұста білікті дәрігерлер мен жас мамандардың денсаулық саласын ілгерілетуге деген талпыныстары таразыға түсті деуге болады.
Ұрпақтар сабақтастығының жалғасындай болып, биыл аудандық орталық ауруханаға, сонымен қатар, ауданға қарасты емдеу-алдын алу мекемелеріне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 18 жас маман келіп, еңбек етуде. 2018 жылы – 14, ал 2019 жылы сегіз маман келіп жұмыс істеуде. Солардың қатарында Ернар Амангелді де бар. Ернар Русланұлы Б.Момышұлы ауылында туып-өскен. Аудан орталығындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Жастайынан медицина қызметкері болуды армандаған оның жоғары оқу орнындағы өмірі елордадағы Астана медициналық университетінде жалғасады. Жалпы жоғары оқу орнында оқыған жеті жылдың бес жылында жалпы медицинаның бакалаврын оқыса, соңғы екі жылында интернатура бойынша оқыған. Университетте оқып жүріп, екінші курстан бастап №3 жедел жәрдем бригадасында мейіргер болып жұмыс істеген. Оқу бітірген соң аз уақыт провизорлық орталықта да жұмыс істеген. Қазіргі таңда емханада №16 учаскелік дәрігер қызметін атқаруда. Оған 1706 тұрғыны бар Көлбастау ауылы қарайды.
-Ағымдағы жылдың қыркүйек айында осында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен өз мамандығыммен жұмысқа орналастым. Ең басты мақсатым, өзімнің туып-өскен ауылымда еңбек жолымды бастап, осында жұмыс істеп, тұрғындарға адал қызмет көрсету. Сол арманыма қол жеткіздім. Аудандық орталық ауруханаға жұмысқа келгенде өз салам бойынша біршама тәжірибе жинап келдім деуге болады.
Алғашқыда аудандық аурухананың тәжірибелі дәрігерлері Ғазиза Егізбаева мен Зарина Сыздықбаевның тәлімінде болып, аға дәрігерлерден көп нәрселер үйрендім. Оның бәрі күнделікті жұмыс барысында өз нәтижесін беріп жатыр. Жалпы медицина қызметкерінің міндеті – халықтың денсаулығын жақсарту, денсаулық көрсеткішін жоғарылату. Біз негізінен осы бағытта жұмыс жасаймыз.
Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласында бірқатар жаңа технологиялар енгізілуде. Соңғы жылдары салада «DAMUMED» тағы басқа бағдарламалар қолданысқа енгізілген. Одан басқа да салалық бағдарламалармен жұмыс істейміз. Тұрғындар арасында денсаулықты жақсартуға үгіт-насихаттар жүргіземіз. Қазір тұрғындар арасында созылмалы аурулар көп кездеседі. Оның ішінде жүрек қан тамырлары аурулары, қант диабеті, артрит, тағы басқа аурулар бар.
Адамның денсаулығы физикалық тұрғыдан ғана мықты болмауы қажет. Сонымен қатар, моральдық, психикалық тұрғыдан да жақсы болуы керек. Кейбір адамдар күйзеліс, депрессияға, басқа да психикалық ауруларға бейім тұрады. Қандай жағдайда да адам неғұрлым сабырлы, ұстамды болса аталған аурулардан алыс болады. Негізінен әрбір адамның денсаулығы өз қолында,- дейді ол.
Жас маманға ауруханаға алғаш қабылданған тұста Үкімет тарапынан біржолғы көтерме жәрдемақы берілген. Тұрғын үй алу үшін аурухана әкімшілігіне құжаттарын өткізіп қойған. Ол биыл Б.Момышұлы ауылының түлегі Ақбота Бейімбетқызы екеуі шаңырақ көтеріп, жаңа өмірге бірге қадам басып отыр.
***
Қайрат ауылының түлегі Мирас Ағыбаев та Астана медициналық университетін үздік бітіріп, ағымдағы жылы аудандық орталық ауруханаға реаниматолог болып орналасқан жас маманның бірі. Мирастың негізгі мамандығы аннестезиолог-реаниматолог. Жас маманға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шапағаты тиіп отырғанын айтуымыз керек. Ол аталған бағдарлама аясында біржолғы көтерме жәрдемақыны иеленіп, тұрғын үй алуға құжаттарын өткізіп қойған.
Мирас Байқадамұлы Тараз қаласындағы №13 орта мектебінде, 7 сыныптан бастап дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатында оқыған. 2009 жылы елордадағы Астана медициналық университетіне оқуға түсіп, оны мемлекеттік грантпен оқып шығады. Медуниверситеттің бакалавр, интернатура, сонымен қатар, резидентурасын тамамдаған.
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінен бастап аудандық орталық аурухананың жансақтау бөлімінде екі ай уақыт реаниматолог болып жұмыс істеп, қазір аталған бөлімнің меңгерушісі қызметін атқаруда.
-Өздеріңіз де жақсы білесіздер, ауруханадағы жансақтау бөлімі өте күрделі әрі жауапты бөлім. Мұнда негізінен өте ауыр жағдайдағы науқастар түседі. Оның ішінде, жол апатына, басқа да тосын жағдайларға тап болған, сондай-ақ, есін жоғалтқан, жүрек жетіспеушілігі мен жүрек талмасы бар адамдар бар. Оларды жағдайына қарай емдеп, қарау, жалпы науқасты қалыпты жағдайға келтіру біздің міндетіміз.
Ота жасалатын науқастарға наркоз беру де біздің міндетімізге кіреді. Науқастарға берілетін наркоздардың түрлері көп. Тамырға жіберетін көп компонентті наркоз, бел омыртқадан салынатын наркоздардың түрлері бар. Ота жасалатын науқасқа наркоз берілгенде оның жүрегі мен ішкі органдары ғана жұмыс істеп тұрады. Қалған органдары уақытша жансыз күйде болады. Отадан шыққан науқастар жансақтау бөлімінде ес жинайды. Біз оларды осында қарап, отадан айығып кетуі үшін дәрігерлік бақылау жасап отырамыз,- дейді жас маман-реаниматолог Мирас Байқадамұлы.
Оқуды жаңа бітірген жас маманды жоғары оқу орны 2019 жылы аудандық ауруханаға көшпелі тәжірибеден өту мақсатында осында жіберген екен. Оның сала жұмысына бейімделуіне жансақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған білікті дәрігер Әлімжан Хайтметов жол көрсетті. Мирас та білмегенін аға дәрігерден үйреніп, біршама тәжірибе жинақтады.
Мирас бізбен әңгімелесу барысында аудандық ауруханада жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалғанын айтады. Жансақтау бөлімі негізінен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осыған сәйкес жұмыс істеуге де мүмкіндік мол. Жалпы бұл жауапты бөлімде бес дәрігер, 11 орта буынды медициналық қызметкер, төрт санитар жұмыс істейді.
Жас маман дәрігер Мирас Ағыбаевтың әкесі Хасен мұғалім болса, анасы Нағима Жексенбаева есепші. Өз салалары бойынша ұзақ жылдан бері жемісті жұмыс жасап келеді. Келіншегі Элмира Құсманованың мамандығы педагог. Қазір декреттік демалыста.
***
Өмірін денсаулық сақтау саласымен байланыстырған, жалпы адамдарға кәсіби медициналық көмек көрсетуді алдына мақсат етіп қойған жас маманның бірі Жамбыл Қазыхан. Жамбыл да ағымдағы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен аудандық емханаға балалар дәрігері болып жұмысқа орналасты. 2013 жылы аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны ойдағыдай бітірген ол сол жылы Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түседі.
Жамбыл ауданға танымал дәрігер, акушер-гинеколог, маммолог Қазыхан Есмамбетовтың кенже ұлы. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала кезінен әкесінің жұмысын көріп өскен ол да дәрігер болуды армандаған екен. Қазыхан Есмамбетов аудандық ауруханада 1992 жылдан бері үзіліссіз жұмыс жасап келеді. Ал анасы Маружан Есмамбетованың мамандығы мұғалім.
Кішкентай балаларды жақсы көретін әрі жүрегі жұмсақ бала Жамбыл дәрігер болуды армандап, сол асыл арманына қол жеткізіп, қолына «Балалар дәрігері» деген диплом алып, туған ауылында жұмыс істеуде. Туған ауылында қызмет жасау, елге еңбек сіңіру кім-кімнің де арман-мақсаты екені анық.
Бір ғасырға жуық уақыттан бері медицина қызметкерлерінің талай буынын оқытып, еліміздің емдеу мекемелерін білікті де білімді мамандармен толықтырып келе жатқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде жеті жыл оқып білім алған Жамбыл Қазыхан осы жылдың күзінде аудандық емханаға балалар дәрігері болып орналасты.
Жалпы балалар дәрігері болудың өз қиыншылықтары бар. Баланың анатомиясы мен физиологиясын әрине үлкендермен салыстыруға келмейді. Балалардың ауырған жерін ата-аналарынан сұрау арқылы және аспаптық зерттеулер арқылы анықтауға болады екен. Жасыратын несі бар, қазір экологиялық құбылыстарға байланысты нәрестелердің түрлі аурулармен туылуы жанымызға бататыны рас. Оның ішінде эпилепсия, басқа да жазылуы қиын туабітті науқас балалар кездесіп жатады.
-Әр баланың өзіндік ерекшеліктері болады. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін адамға бала кезінде дұрыс қарап, дер кезінде екпесін салып, күтім жасай білу керек. Әрбір ата-ана баланың өміріне асқан жауапкершілікпен қарау керек деп есептеймін. Себебі, бала ауырған жерін, басқа да жанына батқан ауыртпалықтарды жеткізе алмайды. Сол себептен оларға профилактикалық шараларды ұдайы жүргізіп отыру жұмыстары маңызға ие. Әрбір ана балаға екі-үш жасқа дейін дұрыс күтім жасауды, дұрыс емізу мен тамақтандыруды жақсы білулері қажет.
Менің негізгі міндетім – балаларды қарап, тексеріп, балабақша және мектеп жасындағы балаларға түрлі екпелер егу. Балалар арасындағы аурулардың алдын алуға атсалысу. Ата-аналарға кеңес беру болып табылады.
Балалар – біздің болашағымыз. Мен де жастайымнан кішкентай балаларды жақсы көріп өстім. Балалар дәрігері мамандығын таңдауыма балаларға жақындығым себеп болды. Сонымен қатар, дәрігер болып жұмыс істейтін әкемді де үлгі тұтып өстім. Жұмыс бабында жол көрсетіп, тәлім беріп келе жатқан ауданның бас балалар дәрігері Қалбике Сәрсеноваға, балалар дәрігері Диляра Мырзахметоваға алғыс айтамын,- дейді Жамбыл Қазыханұлы.
«Денсаулық – зор байлық» демекші, денсаулық сақтау саласына еңбек сіңіруді басты мақсат тұтып, аталған салаға өмірін арнап, аянбай жұмыс істеуге бел буған жас мамандардың талпынысы әрине бізді де қуантады.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close