Basty bet

МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ ЕСЕП БЕРДІ

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезекті қырық екінші сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімінің орынбасарлары, ұйым, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сессияға аудандық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе, яғни, аудандық мәслихат хатшысының атқарған жұмыстары туралы есебі бойынша сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілді.
-Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық деп бекітілген, – деді Ерғали Өтемісұлы. – Мәслихат халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес өз міндетін іске асыру үшін қажетті шараларды белгілеп, жүзеге асырылуын қадағалайтын сайланбалы жергілікті өкілді орган. Мәслихат өз өкілдігін ҚР Конституциясына және ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заңына, ҚР Президенті, Парламенті және Үкіметінің актілеріне және мәслихат жұмысының регламентіне сәйкес жүзеге асырады. Мәслихат депутаттары жергілікті бюджетті қалыптастырып, нақтылап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалап, сайлаушыларды ақпараттандырып, өз қызметі арқылы сайлаушылардың көкейкесті мәселелерін шешеді, еркін білдіреді, – дей келіп, жалпы атқарылған жұмыстар туралы ауқымды баяндама жасады.
Баяндамашыдан соң жарыссөзге аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев шығып, атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға берді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2018 жылы ауданның елді мекендеріне жұмыс істеуге келген түрлі саладағы жастарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы, яғни, «Дипломмен–ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы жайлы болатын. Бұл туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың баяндамасы тыңдалды.
Оның айтуынша, 2018 жылы несие алу үшін 26 маман құжат өткізіп, ережеге сәйкес әр маманға 3 607 500 теңге көлемінде, барлығы 50 505 000 теңге 14 маманға тұрғын үй сатып алу үшін қаржы берілген. Оның ішінде, білім беру саласынан 9 маман, денсаулық сақтау саласынан 2 маман, агроөнеркәсіптік кешені саласының 3 маманы қамтылған. Көтерме жәрдемақы алу үшін 41 маман құжат өткізіп, 33 маманға 168 350 теңге көлемінде ережеге сәйкес барлығы 5 555 550 теңге көтерме жәрдемақы берілген. Оның ішінде, білім беру саласына 19 маман, денсаулық сақтау саласында 11 маман, мәдениет саласының 1 маманы және агроөнеркәсіптік кешені саласының 2 маманы қамтылған. Сондай-ақ баяндамашы бұл бағдарламаның жүзеге асуына өзгерістер енгізілгенін, яғни, жас мамандар құжатты тапсырған күннен бастап кезекке тұратынын айтты. Қазіргі таңда осы мәселе күрделі болып тұрғанын да қоса жеткізді.
Айтулы мәселеден кейін жарыссөз басталып, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының іске асуы бойынша өзінің іс-тәжірибесінен түрлі мысалдар келтірді. Ол әлеуметтік көмекті лайықты жас мамандарға беру керектігін, бұл істе «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді қою қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, жарыссөзге аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов шығып, аталған бағдарламаны іске асыруда кеткен олқылықтар мен кемшіліктерді баса көрсетті.
Сессияда күн тәртібіне қойылған басқа да мәселелер бойынша баяндамалар тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралғандықтан, қайта қараудың қажеттігі жоқ екендігі айтылып, бірауыздан шешім қабылданды.
Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close