Қазақ халқы бір-бірімен сәлемдесіп, жөн сұрасқанда ең алдымен: «Мал, жаның аман ба?» дейді. Жаннан бұрын малдың жайын сұрайды. Бұл ең алдымен малың аман болса, жаның да есен болады деген мағынаға келіп саяды. Ежелден төрт түлік бағып, бүкіл өмірін кең сахарада мал бағумен тікелей байланыстырған халқымыз үшін бұл заңды құбылыс сияқты. Қанша заман алмасып, тұрмысымызға жаңа технологиялар дендеп еніп жатса да қазақ халқы төрт түліктен алыстаған емес. Керісінше, қазіргі таңда сол жаңа технологияларды мал бағу ісіне, шаруашылықтың сан-салалы жұмыстарына енгізіп жатқан жайымыз бар. Бұл өз тиімділігін көрсетіп отыр.
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай» деп ақын Абай жырға қосқандай, қараша айы биыл қытымырланып басталды. Айдың ортасында күн де күрт суытып, қара суықтың арты қарға ұласты. Апта бойына шыңылтыр аяз табиғатты құрсауына алды. Қытымыр қыстың алдындағы мұндай суық мезгілде малдың қоңын түсірмей, жылы орынға қамап ұстап бағу – жуалылық шаруалардың жылдағы дағдысы.
Мал қыстату науқанының барысы туралы өткен аптаның соңында аудан орталығымен іргелес жатқан Қарасаз ауылына барған болатынбыз. Онда біз ауыл шетінде орын тепкен «Құлтай» шаруа қожалығының мал қыстауындағы қарбалас жұмыстармен таныстық. Айта кету керек, аталған қожалық ауылдағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналады. Зеңгі баба тұқымының басын көбейтіп, сүт бағытында өнімді жұмыс жасап жатқан шаруашылықтың тыныс-тіршілігін бізге қожалық басшысы Әмірқұл Мақатаев айтып берді.
Мал қыстату науқанының барысынан бұрын «Құлтай» шаруа қожалығы туралы аз-кем ақпарат бере кетсек дейміз. Аталған шаруашылық 1996 жылы құрылған. Алғашқыда бұл агроқұрылым бірер жыл жер өңдеумен айналысқан екен. Одан жақсы нәтиже болмаған соң шаруашылық мал басын көбейтуді, оның ішінде сүт бағытындағы сауынды сиырды көбейтуді қолға алады. Осыдан алты жыл бұрын «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалынан алты миллион теңге несие алып, оған сауынды сиырлар сатып алды. Жұмысын небәрі 20 шақты сауынды сиырмен бастаған шаруашылықтағы ірі қара малдың басы осы уақыт аралығында 270-ке жетіп отыр. Оның 120-сы сүтті сауынды сиырлар. Сауылған сүт облыс орталығындағы сүт өңдеу кәсіпорны «Көкжиек-2030» ЖШС-ның Жуалы ауданындағы сүт қабылдау пунктіне өткізіледі. Шаруашылық басшысының айтуынша, көктем және жаз айларында бір тоннаға дейін сүт сауылатын көрінеді.
Осыншама ірі қараға жем-шөп және азықтық қорды дайындау ісі де маңызды жұмыс екені белгілі. Шаруашылықта 100 гектар жайылымдық жерден бөлек, 200 гектардай егістік жер бар. Оған жыл сайын арпа-бидай, мақсары дақылдары егіледі. Мал азығы үшін жоңышқалық алқабы да бар. Егістік жерлер тиісінше, екі дана «МТЗ-80», «К-700» деп аталатын қуатты техникамен және «ГАЗ-53», екі дана комбайнмен, ауыл шаруашылығына қажетті тағы да басқа агрегаттармен тиімді игерілуде.
Қыстың қамын жазда ойлаған шаруа қожалық азықтық арпа-бидайдан бөлек, 1200 тонна сүрлем, 200 тонна сабан, одан бөлек, 100 тонна жоңышқа дайындаған. Бұл малдың қыс бойғы азықтық қоры. Осының арқасында мал да қыстан қысылмай, қоңын түсірмей шығатыны анық.
Мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар азамат Әмірқұл Мақатаевтың өзі де Қарасаз ауылындағы бұрынғы Карл Маркс совхозында 20 жылдан аса жұмыс жасаған. Оның жеті жылында ферма меңгерушісі болып істеген. Мамандығы мал дәрігері болғандықтан, төрт түліктің жайын да бес саусағындай жақсы біледі.
Көпшілікке белгілі, Карл Маркс совхозы тараған соң бұл шаруашылық «Бірлік» өндірістік кооперативі болып қайта құрылғаны белгілі. Осы тұста совхоздан қалған мал-мүлік, фермалар, техникалар талан-таражға түсе бастады. Әркім әр жаққа тартқан соң жұмыстан да береке кетті. Осындай берекесіздіктерді көрген Ә.Мақатаев өндірістік кооператив толық тарап біткен тұста ауыл сыртындағы фермалар мен қоймаларды өз қаржысына сатып алды. Ондағы мақсаты – осында мал басын көбейту болатын. Алға қойған мақсат бірте-бірте орындалып келеді. Қазір сауынды сиырдан бөлек, мұнда 30 бас жылқы бағылуда.
-Біздің шарауашылық отырған мал қыстауы бұрынғы совхоздың сүт тауарлы фермасы болған. Өндірістік кооператив тараған тұста осы фермаларды сатып алып қалдық. Әйтпесе, өздеріңіз де білесіздер, қандай ғимарат болсын иесіз жатқан соң аз уақытта бұзылып, тоналып кетеді. Сауынды сиырларымызды осында ұстаймыз. Дән сақтауға арналған қоймаларымыз да осында орналасқан.
Ферма орналасқан аумақтың бір тиімді тұсы, мұндағы қыстаудың жанында артезиан құдығы бар. Ағын су да жеткілікті. Сиырларды суғару үшін ферманың ішіне су кірігізілген. Қыстыңкүні малға жем-шөп сырттан трактор тіркемесімен жеткізіледі. Сауынды сиыр болған соң оларға күтім бойдақ малдан қарағанда екі есе артық жасалады. Қазір күніне екі мезгіл сүрлем мен майдаланған сабан беріп жатырмыз. Сонымен қоса, екі мезгіл жем беріледі.
Малдың жайын білмейтін кейбір адамдар мал бағуды, одан өнім алуды оңай жұмыс деп ойлайды. Шын мәнінде мал қараудың бейнеті көп. Табыс та бар. Жүйелі әрі аянбай жұмыс істегеніміздің арқасында осыншама шаруашылықты игеріп отырмыз. Біздің шаруашылықтағы басты проблема – жұмысшы күшінің тапшылығы. Ауылда жұмыссыз отырған отбасылар көп. Бірақ, жұмыс істегісі келмейді. Оңай жолмен, жан қинамай нәпақа тапқысы келетіндер де бар. Олай болмайды. Еңбек етпей, жұмыс істемей жетістікке жеткен ешкімді көрген жоқпын.
Мұнда жұмыс жасауға жағдай жасалған әр жұмысшыға 100 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленеді. Одан бөлек, азық-түліктей де көмек көрсетіледі. Отын-суынан ешқандай проблема жоқ. Қазір көбінде малды отбасымызбен қараймыз. Жаздың күндері сиыр сауыны таңғы сағат 6-да басталады. Сауылғандары өріске жіберіледі. Ал қыстыңкүні сауын азайады. Қазір сүттің әбден азайған кезі. Алдағы желтоқсан-қаңтар айларында сиырлар бұзаулай бастайды. Оған дейін малдың қоңын түсірмей азықтандырып жатырмыз,- дейді шаруашылық басшысы Әмірқұл Мақатаев.
Түліктің төлден өсетіні белгілі. Ірі қараның басын көбейтіп, сол арқылы сауынды сиырдың басын, сүт өндіру ісін көбейтуді көздеген «Құлтай» шаруа қожалығы сауынды сиырдан жыл сайын 90 бастай бұзау алып отыр. Ал бұл өз кезегінде малдың басын арттыратыны сөзсіз. Шаруашылық басшысы Ә.Мақатаев ферманың басында жыл он екі ай отыратын малшы мен сауыншының тұрақтамауынан жыл сайын сауынды сиырдың басын 50 басқа кемітіп отыратынын айтады. Әйтпесе, осыншама малды игеру де бір отбасына оңайға түспейді.
«Береке басы – бірлікте» демекші, шаруашылық жұмысын отағасымен бірге отанасы Күлия апай, ұлдары Бақтияр мен Қанат бірлесіп атқарып келеді. Біріккен істе береке барын олар жақсы біледі. Өз кезегінде бұл шаруашылықта жұмысшыларға да жақсы жағдай жасалады. Мал азығынан бөлек бір-екі гектардай картоп та егіледі екен. Шаруа қожалық басшысы Ә.Мақатаев сауыншының және мал қарайтын тұрақты жұмысшы отбасылардың табылмау себебін жалқаулықпен байланыстырады.
-«Еңбек ер атандырады» деген ұлағатты сөзді біздің халқымыз қалай дөп басып айтқан десеңші. Ел ішінде еңбек ету арқылы еңсесін тіктеп жатқан жеке адамдар, шаруашылықтар өте көп. Бізге де осы малды, дүниені ешкім бере салған жоқ. Бәріне отбасымызбен еңбек етудің арқасында жетіп жатырмыз. Ауылда жұмыссыз отбасылар өте көп. Жасыратын несі бар, кейбір отбасылар балаларына Үкіметтен төленетін азын-аулақ жәрдемақымен күнелтіп отыр. «Шаруашылыққа жұмысқа алайын. Жалақыңды ай сайын беріп тұрамын, одан бөлек, отбасыңды азық-түлікпен қамтамасыз етейін. Жұмыс істе, осында нәпақа тауып, отбасыңды асыра» десең, оған намыстанатындар бар. Менің ойымша, адал еңбекпен жұмыс істегеннің еш айыбы жоқ. Адал еңбек қана адамды мұратқа жеткізеді. Жалқаулықтан, басқа да теріс пиғылдан арылғанда ғана кез келген адамның тұрмысы түзеледі деген ойдамын,- дейді ол.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ