Basty bet

Ырыс алды – ынтымақ

ауданда «Бейбітшілік және келісім керуені» болды

Елбасы барша қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында елдегі қалыптасқан жағдайдың мамыражайлығы туралы «Біз 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтап, нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды»,- деп атап көрсетті. Шынында, нақ сол ауызбірліктің арқасында ғана еліміз нақтылы кезеңде жер-жаһандық бәсекелестікке қабілетті елу елдің қатарынан табылып, алдағы уақытта әлемдегі әлеуметтік-экономикалық әлеуеті барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды діттеп отыр.

Өткен аптаның соңында Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Бейбітшілік пен келісім керуені» шарасы өтті. Мектеп алдына үлкен жолаушылар автобусы келіп тоқтады. Түрлі этномәдени орталықтардың жетекшілерінен, Аналар кеңесінің мүшелері, «Жаңару жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшелерінен құралған керуенді аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев, ішкі саясат бөлімінің башысы Марат Нарымбеков, «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы, «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова және аудандағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, мектеп ұстаздары мен оқушылар құрметпен күтіп алды.
Шараның ашылуы мектептің акт залында өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мұхаббат Тұрдыева жиынды ашып, ассамблеяның қоғамдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі үлесі туралы айта келіп, көпшілікті басқа әріптестерімен таныстырып өтті.
Сонымен бірге «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Мұхаббат Миражанова, дүнген этномәдени бірлестігінің төрағасы Ыдырыс Юунусов, Мыңбұлақ ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Есдәулетов те сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Іс-шара әрі қарай секция-секцияға бөлініп, әр кабинетте жалғасты. Яғни, «Медиация – ел бірлігінің негізі», «Жастар жылы – даңғыл жол», «ҚР этномәдени саясатының жалпы негізгі тәсілдері мен принциптері», «Қазақтың дәстүрлі құндылықтары: отбасындағы әйелдер образы және тәрбие» т.б тақырыптарда отырыстар өтті.
Дәл осы сәтте сыртта қайырымдылық акциясы өтіп жатты. Акция аясында бес аз қамтылған және көпбалалы отбасыға азық-түліктер таратылды.
Шара акт залда концерттік бағдарламаға ұласты.

Перизат Шымыртайқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close