Basty bet
Алты айда айтарлықтай жұмыс атқарылды
Ағымдағы жылдың алты айында аудандық сотта айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Сот төрелігінің 2023 жылдың алты айында атқарылған жұмыстарды атап өтетін болсақ, қаралған қылмыстық істер бойынша барлығы 29 қылмыстық іс 36 тұлғаға қатысты қаралған. Солардың ішінде 22 іс 28 тұлға бойынша үкім шыққан, төрт іс бес тұлғаға қатысты іс өндірісімен қысқартылған. Оның ішінде, бір іс билердің қатысуымен медиациямен тоқтатылған.
Азаматтық істер бойынша барлығы қаралғаны – 261 іс, 24 іске сот бұйрығы шыққан, 134 іске шешім шығарылған, 62 іс қысқартылған. Билердің қатысуымен 55 азаматтық іс медиациялық тәртіппен 6 іс бітімгершілікпен тоқтатылған.
Әкімшілік істер бойынша барлығы 174 іс қаралған, оның ішінде 164 іс бойынша әкімшілік жаза тағайындалған. Яғни 102 айыппұл, 35 қамақ, жеті арнайы құқығынан айыру, 12 ескерту, 8 мемлекет шегінен шығару, 10 іс өндірісімен тоқтатылған.
Әрбір өзгертілген, сот актілері жіберілген кемшіліктерді алдағы уақытта қайталамау мақсатында соттың жедел және өндірістік кеңестерінде талқыланып отырады.
Сот жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне аса көңіл бөлінеді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу іс-шаралары туралы, талап арыздарды қайтару, қабылдаудан бас тарту, қараусыз қалдыру, азаматтық істерді сырттай тәртіппен қарау, істерді, ұсыныстарды қарау мерзімдерін сақтау мәселелері, сот мәжілістерін үш реттен көп кейінге қалдыру себептерімен қатар, судьярмен этиканы сақтау нормалары, қызметкерлермен еңбек тәртібін сақтау үнемі бақылауда тұр.
2023 жылдың 6 айында өткізілген іс-шаралар бойынша Жуалы аудандық сотымен 10 дөңгелек үстел, 21 семинар сабақтары, бір брифинг, бәр баспасөз конференциясы, екі лекция, төрт кездесу өткізілді. Аудандық газетке 26 мақала жарияланды, Жамбыл облыстық сотының сайтына сегіз мақала жарияланған.
2023 жылдың алты айында судьялардың іс-әрекетіне шағым айту кездескен жоқ. Соттың мемлекеттік қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар мен арыздар түспеген.
2023 жылдың алты айында билердің тікелей қатысуымен тоқтатылған істердің жоғары көрсеткіші бойынша жемісті болды деп толықтай сеніммен айтуға болады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың алты айында сотта билердің қатысуымен бір қылмыстық, 61 азаматтық және жеті әкімшілік іс тоқтатылған. Сотқа дейін татуластырумен алты әкімшілік құқық бұзушылық іс шешіліп, 38 азаматтық дау тоқтатылды.
Мемлекеттік тілді қолдау бойынша аудандық сотта ішкі құжаттар мен шығыс құжаттар 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізілуде.
Жалпы 2023 жылдың алты айының қорытындысы жемісті болды деп айтсақ болады. Осы тұрғыда жетістіктерді төмен түсірмей, жылдың соңына дейін де жоғары көрсеткіштерге жететінімізге сенемін!
Дулат ДОСЫБАЙЛЫ,
аудандық сот кеңсесінің бас маманы-
сот отырысының хатшысы