Basty bet
«Адам өзінің жаны қалаған іспен айналысуы керек»
Қазақтың халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов «Мен жастарға: «Алдарыңда таудай талап тұр. Өмір заңғарлары үнемі биікке шығарады. Оған жету үшін талмай ізденіңдер!» – дер едім. Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады» деп жастар қауымына ағалық ақылын айтып, бағасын берген. Ал, ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін!» деп жырға қосып, жастарға үлкен сенім жүгін артқан. Мұндай үкілеген үмітті ақтау үшін жастарға білімді, ізденімпаз әрі өз ісінің маманы болуы керек.
Жастар – жарқын болашақ кепілі, еліміздің ертеңі. Осы ретте, болашағынан үміт күткен ел, ең алдымен қоғамдағы жастар мәселесіне көңіл бөледі. Елімізде де жастар саясатының қоғамның дамуына белгілі бір дәрежеде үлес қосып келе жатқаны анық. Ауданымызда да жастар саясаты қолға алынып, олардың күшімен бірқатар істер атқарылуда. Ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі инспекторлары сол елді мекеннің тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, жастар саясатын жүзеге асырылуына атсалысуда.
Мұндай белсенді жастардың бірі – Аружан Қуанышбай. Ол қазіргі таңда Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы болып жұмыс істейді. Ол елімізде төтенше жағдай режімі кезінде волонтерлық қызмет еткені үшін аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталған жастардың қатарынан табылған болатын.
Аружан Қарасаз ауылының тумасы. Ауылдағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзін жан-жақты көрсете біледі. Әрдайым белсенділік танытып, барлық қоғамдық шараларға қатысып, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжін музыкалық білім беру мамандығы бойынша тамамдаған.
-Әкем мен атамнан бойыма дарыған өнерімді одан әрі дамыту, музыкалық қабілетімді шыңдап, сапалы білім алу мақсатында аталған колледждің музыка бөліміне оқуға түстім, – деп бастады әңгімесін Аружан. -Мектептегі жан-жақты оқушы атанған соң колледжде де белсенді, үздік білімгерлердің бірі болдым. Колледж қабырғасында жүріп қолдан келгенше белсенді студенттердің қатарынан көріндім. Мамандығымның қиындықтары салдарынан көп нәрседен бас тартуға тура келді. Жалпы музыка маманы болу оңай дейтіндер қатты қателесетінін айта кеткім келеді. Себебі, өмірімде қолыма алмаған баян, домбыра, фортепиано секілді аспаптарды меңгеру, қала берді вокалдық сабақпен, хормен жұмыс жасау қиындыққа соқты. Дегенмен ата-анамның артқан үмітін ақтап, оқу орнын қызыл дипломмен бітірдім.
2019 жылы оқуымды аяқтап, жоғары білім алу үшін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің сырттай бөліміне оқуға түстім. Дипломымды қолыма алған соң, «Жастар тәжірибесімен» Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратына жұмысқа орналастым. Осы кезде маған ең көп қойылған сұрақ – неге ауылға келдің? Оған бірінші жауап, ата-анамның қасында болу. Екіншіден, неге ауылға келіп жұмыс жасамасқа? Бәріміз қалаға кете берсек, ауылда кім жұмыс жасайды? Ауылдың жастарын кім көтереді? Өз ісінің мамандары ауылға келіп, одан әрі жұмыс жасауы керек.
Аталған жұмыс орнымдағы мамандардан көп нәрсе үйрендім, әлі де үйреніп келемін. Мемлекеттік қызметте аса мұқият болу керектігін және әрбір іске жауапкершілікпен қарауды бірінші орынға қойдым. Осылайша үш айдан кейін Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы қызметіне тағайындалдым.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің қызметкері болу – менің нағыз жаным сүйіп жасайтын жұмысым. Округ жастарымен жұмыс жасаудың қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызмет. Іс-шаралар ұйымдастыру, қажет кезде ән айту, мерекелік шараларды жүргізу, газет бетіне мақала жариялау, ауыл жастарын байқауларға қатыстыру, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту шараларына тарту, кәсіп ашуына ықпал жасау, жемісті еңбек етіп жүрген немесе жетістікке жетіп жүрген жастардың еңбегін жариялау, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, т.б.жұмыстарды атқару, 14 пен 29 жас аралығындағы барлық жастардың тыныс-тіршілігінен хабардар болу – белсенділікті, жауапкершілікті, жан-жақтылықты қажет ететін жұмыстар.
Волонтерлық – бұл нағыз жаны жомарт, қайырымды, патриот адамның ісі. Себебі, волонтерлық қызмет барысында біз округтегі жалғызбасты қарияларымыздың үй шаруасына қолғабыс етіп, көмек қолын создық. Мен осы қызметке келгеннен бастап, ең көп қолға алған жұмысым, волонтерларды тарта отырып, көмекке мұқтаж жандарға көмектесу болды. Әлемді аты жаман індет жайлап, елімізде төтенше жағдай орын алған уақытта ерікті жастар қолдарынан келгенше жұмыс атқарды. Жұмысынан айырылып, қиындық көріп жатқан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға азық-түліктей көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, 200-ден астам бетперделер тігіліп, волонтерлардың көмегімен таратылды. Осындай шараларды ұйымдастыру арқылы Қарасаз жастарының қандай белсенді, қайырымды және мейірбан жүректі екендіктерін көрсете білдік.
Жастарды қолдап, жасаған еңбектерін елеусіз қалдырмауы оларға күш-жігер береді. Осындай қолдаулардың арқасында біз әрі қарай жұмысымызды тоқтатпай жүргізіп отырмыз. Дәл қазіргі уақытта «Жомарт жүрек» акциясы аясында үйінің жағдайы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуді қолға алдық. Бұл шараның аясында мен нағыз жомарт азаматтардың көп екендігіне тағы да көз жеткіздім. Қайырымды жандардың тарапынан жиналған қаражатқа қажетті құрылыс материалдарын түгел алып, жұмысты бастап та кеттік.
Негізгі мамандығым осы жұмысқа келгеннен бастап сүйікті ісіме айналды. Адамға жеті өнер де аздық етеді. Ән айтып, аспапта ойнаудан бөлек, қыз баласы асханаға жақын болғандықтан тәтті бәліштер де әзірлеймін. Сонымен қатар, жұмыс барысымен жазылатын мақалаларымда журналистикаға жақындығымды одан бетер ұлғайта түсті.
Алдағы уақытқа қойған мақсатым – қай салада жүрсем де өз ісімнің нағыз маманы болу. Әлі де жан-жақты дамып, біршама істерді қолға алғым келеді. Нақты мақсат қоя білген адам оған жетері сөзсіз.
Адам жаны қалаған іспен айналысуы керек. Жан-жақты болуы қажет. Жас азамат бір орында тұрақтап қалмауы қажет. Үнемі ізденіс пен өзін-өзі дамытып отыруы қажет. Сонда оның өмірі мағыналы бола бастайды. Сонымен қатар, жастар бір іспен шектеліп қалмауы тиіс. Қолынан келетін істі қолға алып, жұмыс жасау қажет. Бір адамның қолынан келген іс екінші адамның қолынан келеді емес пе?! Сондықтан білмегеніңді үйреніп, білгеніңді үйретіп жүру тамаша қасиеттердің бірі. «Жас келсе, іске!» демекші, мемлекет бізге жан-жақты қолдау білдіріп тұрған шақта, соны пайдаланып, елімізді көркейту жолында қызмет етеуіміз керек, – дейді Аружан Қуанышбай.
Берекелі, ұйымдасқан істе нәтиженің болары анық. Жастардың күшімен атқарылып жатқан мұндай қайырымды істер көп болса, еліміздің көсегесі көгеріп, еңсесі биік болары сөзсіз. Ендеше, осындай қазақ жастарының туған жеріне деген ыстық ықыласы, жанашырлығы әрдайым көрініс таба беруіне тілектеспіз.