Basty bet
Дамыған мемлекеттің басты құжаты
Еліміздің басты құжатында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Міне, осы Ата Заң – азаттықтың айғағы, тәуелсіздіктің тірегі. Конституция әлеуметке қорған болатын басты құжат. Оның қолданысқа енгізілгеніне биыл 25 жыл толып отыр. Елімізде бұл айтулы мерейтойлардың бірі ретінде аталып өтілетін болады.
Мемлекеттің тәуелсіздігін әлемде таныту үшін басты құжат керек, ол құжат, әрине Конституция. Халықаралық аренада мемлекеттің демократиялық бағытын ең бірінші көрсететін Ата Заңның ішінде жазылған азаматтардың құқықтарының сақталуының кепілі. Мемлекеттегі дінаралық татулыққа, азаматтардың қауіпсіздігіне, соғыс қатерінен сақтайтын және қауіпсіздігіне кепілдік беретін де – Конституция.
Ата Заңымызға осы 25 жылдың ішінде біраз толықтырулар мен өзгерістер де келтірілген, әрине бұл заманның талаптарына сай жасалған қадамдар. Осы орайда заң саласында жұмыс істейтін азаматтарды әңгімеге тартып, ой өрбіткен едік.
– Мен сот жүйесінде жұмыс істегеніме 17 жыл болды. Осы уақытқа дейін көптеген жаңа кодекстер мен заңдар шығып, қолданысқа енгізілді. Негізінен, Ата Заңымыз 98 баптан тұратыны белгілі. Оның ішінде мемлекетімізге және онда тұратын барлық азаматтарға керекті принциптер, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм және мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелері демократиялық тұрғыда көрсетіледі.
Егер де қысқаша тарихқа үңілетін болсақ, сонау замандарда біздің кең-байтақ жеріміздің шекараларын қорғайтын басты құжат болмаған. Ерте заманда ата-бабаларымыз көбінесе малмен айналысып, көшіп-қонып жүрген.
Қазіргі жас ұрпаққа Ата Заңымызды айтып, түсіндіру – біздің міндетіміз, әрі парызымыз. Өйткені, ата-бабаларымыз осы кең байтақ жерді бізге аманат етіп тастап кетті. Біз тәуелсіздікке оңайлықпен қол жеткізбедік. Ата-бабаларымыздың ерліктерінің арқасында егеменді ел болып, 1995 жылы 30 тамызда Ата Заңымызды қабылдадық. Ендеше біздің бүгінгі міндетіміз – Конституциямызды құрметтеу, аялау, оның қағидаттарын сақтау.
Менің ойымша, қазіргі таңда жас ұрпаққа Конституцияның не екенін, оның азаматтарға деген пайдасы және оның негізгі қолдану құралдары қай салада болатынын мектептегі оқушылар есіне жиі салып отыруымыз керек. Өйткені мемлекеттің келешекте дамуына сүбелі үлесін қосатын жас ұрпақ екенін білеміз және оны ұмытпауымыз керек. Мемлекетіміздің Туын биікке көтеретін және Ата Заңымызды қорғайтын осы болашақ ұрпақтарымыз екені даусыз.
Біз XV ғасырда «Қазақ» деген ел болып біріккенімізді Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырылған ел едік. Бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқанымыз да, Конституциямыз да тасқа басылған таңбадай деп білемін,- дейді аудандық сот кеңсесінің жетекші маманы Берік Иманәлиев.
Әлемдегі БАҚ-қа үңілер болсақ, кез келген мемлекетте заң саласындағы өзгерістер мен толықтырулар мәселесіне қатысты жаңалықтар негізгі талқылайтын тақырыпқа айналып отыр. Себебі, ол әр мемлекеттің демократиялық дамуындағы келбеті болып келеді. БҰҰ-ның құрамындағы барлық мемлекеттер өздерінің Конституцияларына міндетті түрде сілтеме жасайды. Ол бекер емес, өйткені кез келген дамыған мемлекеттің дамуы содан ғана басталады.
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»