Basty bet

Отбасым, балаларым үшін күрестім

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Еліміз үшін де адам өмірі барлығынан да маңызды. Соның ішінде мемлекетімізде ана мен бала денсаулығына басты назар аударылады. Себебі, ұлттың болашағы – алтын құрсақты аналар мен бесіктегі бала. Ана мен баланың саулығы – бақытты отбасының кепілі. Ал, бақытты отбасы – мемлекеттің тірегі.

Әлемді шарпыған аты жаман індетті жүкті әйелдер де жұқтырып, аурумен бетпе-бет келді. Өмірге әкелер сәбиі үшін де, өзі үшін де күресті. Нұрлыкент ауылының тұрғыны Гүлдерайым Қадыралиева да төртінші перзентіне аяғы ауыр кезінде індетті жұқтырып, баласын дүниеге аман сау әкелді. Дегенмен перзентханада жаңадан туылған сәбиін қолына бірден алмады. Індеттен толық жазылғанша баласымен қауышпай, ем қабылдады. Ол туралы Гүлдерайым Арынғазықызы ол сол бір қиын кезеңді еске алды.
-Ауылда ата-енеммен бірге тұрамыз. Үш перзентіміз бар. Бұл індет барлығымызды жақынымыз үшін, өзіміз үшін алаңдатып, сары уайымға салдырды. Ата-аналарымыз егде жаста. Балалар кішкентай. Отбасымыздың амандығы мен денінің саулығын тіледік.
Төртінші перзентіме аяғым ауыр кезі еді. Жүктіліктің тоғызыншы айы өтіп жатқан. Жолдасым жұмыста. Отбасымызда бірінші болып отағасы тұмауратып ауырды. Оның қамын жасап, дәрі-дәрмек беріп, ем қабылдады. Содан кейін менде де алғашында тұмаудың белгілері білене бастады. Бірден антибиотиктер қабылдадым. Жүктілік кезінде көп дәрілерді ішуге болмайтыны тағы бар. Ем қабылдауымның оң нәтижесі болмады. Жөтел пайда болды.
Оған алаңдаушылық білдіріп, 20 маусым күні аудандық орталық ауруханаға тексерілуге бардым. Онда өкпемді тексеріп, пневмония деген диагноз қойды. Аудандық аурухана дәрігерлері бірден облыстық перинаталдық ауруханаға жіберді. Мұнда ПЦР-тест алынып, ол оң нәтижені көрсетті. Бірден оқшаулап, бөлек палатаға жатқызды.
Аман-есен босанған соң, баланы менен бөлек алып кетті. Баланы толық жазылып кеткенімше, көрмедім. Әрине, баладан жырақта болу ана үшін қиын нәрсе. Балам үшін алаңдаулы болдым.
Дәрігерлер баланы өздері қарап, денсаулығын бақылап отырды. Жалғыз өзім бөлек бөлмеде жаттым. Босанған соң жөтеліп, ентікпе пайда болды. Өкпеме ауа жетпей қалды. Босанғанша мұндай белгілер байқалмаған еді. Облыстық аурухана дәрігерлерінің біліктігі мен дер кезінде ем-дом жасауының арқасында бір аптада жазылып шықтым. Дәрігерлерге мың алғыс. Менің де, сәбиімнің де денсаулығын жіті қадағалап, індетті жеңіп шығуға көмектесті.
Індетті жеңуге өзің де іштей атсалысуың керек екен. Отбасым, балаларым үшін күрестім. Әрине, үрей мен қорқыныш бойымды биледі. Бірақ, оған берілмей, дәрігерлердің кеңестерін тыңдап, жеңдім. Аллаға шүкір.
Біраз уақыттан соң ауруханада қайта ПЦР-тест алып, теріс нәтиже көрсетіп, үйге шықтым. Бірден балаларымның қасына емес, тағы да бір апта оқшаулану керек болды. Үйдегі ата-анам ауырып жатқан соң, жаңа туылған сәбиді ойлап, өз анамның қасында болдым. Бір апта құнарлы тамақ, әсіресе, саумалды көп іштім. Баладан өзімді әлі де болса алшақ ұстап, қорғаныс құралдарын пайдаланып қолыма алып жүрдім. Толық жазылып болған соң ғана емін-еркін сәбиімді қолыма ұстап, денінің саулығын тіледім. Бұдан асқан ана үшін бақыт жоқ.
Саулық – сақтықта. Өз өзіме келу үшін сақтанып, денсаулығымды күттім. Қалжаланып, құнарлы тамақтар ішіп, пайдалы іспен айналысамыз. Қазіргі таңда басымнан сол бір қиын кезеңдерді өткерген соң көп жерге бармай, үйде оқшауланамыз. «Тазалық – саулық негізі» екенін есте сақтап, сақтық шараларын ұстануды жөн санаймыз.
Бұл ауруға бей-жай қарауға болмайды. Деніміздің саулығы өз қолымызда. Барынша карантин талаптарын сақтап, сақтық шараларын ұстануға шақырамын.
Денсаулықтарыңызды күтіп, ұлттық сусындар мен тағамдарды тұтынуды кеңес ретінде айтар едім. Аман болайық, ауырмайық. Індеттен ана да, бала да баршамыз аман болайық, – дейді Гүлдерайым Арынғазықызы.
Індетті жұқтырып, оны жеңген азаматтардың әңгімесінен кейін адам өмірі үшін арпалыста дәрігерлердің өлшеусіз еңбегін бағалайсың. Ақ халатты абзал жандар да, індетті жеңген азаматтарда аты жаман аурумен ешкімнің ауырмағанын қалайды.
Мұндай жандардың індетті табандылықпен жеңіп, жігерлілік танытқандары баршамызға үлгі. Олардың ойлы әңгімесінен кейін бұл індетке немқұрайды қарамай, денсаулықтың қадірін білуді түсінуге әбден болады. Қарапайым қағидаттарды күнделікті ұстанып, өміріміз үшін жауапты екенімізді ұмытпауды еске салады. Ендеше, індеттен сақтанып, сақтық шараларын ұстанайық. Деніміздің саулығы, амандығы бәрінен де қымбат екенін естен шығармайық, ағайын!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close