Basty bet

Әл-Фараби ғылымы

Білімді аңсаған әл-Фараби Бағдадта білім алуға және ғылыми-танымдық қызметке белсене араласып кетеді: ол әртүрлі тілдерді зерттейді, олардың ішінде парсы, грек, сирия және т.б. бар, бірақ бірінші кезекте өзі бұрын білмеген араб тілін үйренуге ден қояды, теориялық деп аталатын ғылымдарды – математиканы, медицинаны, астрономияны, логиканы, философияны, поэзияны және тағы басқаларын игереді.
Тарихта Екінші Ұстаз деген жоғары атаққа ие болған әл-Фараби өзінің энциклопедиялық дарынының арқасында философиялық, әлеуметтік, саяси, этикалық эстетикалық мәселелермен бірге, жаратылыстану және математика саласындағы көптеген ауқымды ғылыми мәселелердің түйінін шешкен ғалым. Ойшылдың өте бай ғылыми мұраны қалдыруымен қатар, осындай күрделі мәселелерді шешуі, әлемдік ғылымның даму тарихында өзіндік бағасын алып, адамзаттың табиғат пен оның заңдылықтарын тануға деген үнемі артып келе жатқан құштарлығына зор ықпалын тигізгені сөзсіз.

Ұлы ойшылдың шығармашылығына арналған «Таңдамалы трактаттары» атты еңбегі әл-Фарабидің ғылымға, оның жаратылыстанудағы, яғни медицина, физика, химия және тіл білімі мен логика тағы басқа салалардағы, сондай-ақ, «ғылым патшасы» аталған математикадағы ізденістерге арналады. Бұл жинаққа ғалымның белгілі трактаттары енген, олардың арасында «Евклидтің бірінші және бесінші кітап кіріспесіндегі түсініксіз тұстарды түсіндіру», «Геометриялық денелердің табиғи құпиялары мен рухани шебер амалдар туралы кітап», «Адам денесінің мүшелері туралы Аристотельмен келіспеген Галенге айтылған уәждер» т.б.
Бұлармен танысқан қазіргі оқырман ортағасырлық ислам ғылымының проблематикасына бойлап, олардың философиямен тығыз байланысына сөз жеткізеді және ғылыми әдіснаманың қалыптасуы, тірі және өлі табиғатты тану үдерісінің қаншалықты қиын әрі күрделі боғланын да көреді. Бұдан ізденіске бейім, ойлы оқырман бұрын ұмытылған қызық деректерге қанық болады.
Ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын түсінуге жол ашатын әл-Фарабидің «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» атты трактаты осының анық дәлелі болады. Расында да бұл – исламдық ортағасыр Шығысындағы ғылым дамуының ауқымдылығы мен дәрежесінің жоғарылығын көрсететін ғылым энциклопедиясы. Мұндай жағдай білім қарқынды дамып, кең әрі тармақшаланған пішінге иеленген кезде ғана болатыны белгілі.
Сол сияқты әл-Фараби ғылымдардың жіктелуі тақырыбына «Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарына кіріспелеріндегі қиын тұстарына түсініктемелер», «Логикаға кіріспе», «Бақытқа жету жайында», «Бақытқа жол көрсету кітабы» еңбектерінде де көңіл бөледі. Ол мұнда ғылымдардың теориялық және қолданбалы, силлогистік және силлогистік емеске бөлінетінін айтады. Сондай-ақ, рационалды жолмен пайда болған білім мен ойлау әдісі арқылы шығатын білімдер туралы да сөз болады.
«Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» трактатында әл-Фараби классикалық «өнерлер» мен Қасиетті жазбаларды зерттеумен шектелген ортағасыр Батысына белгісіз ғылымдар жүйесін береді. Ойшыл сол тарихи заманға белгілі білім тізбегін берумен ғана шектелмеді, керісінше, олардың түрлі салалар бойынша мазмұнын ашады. Ортағасыр ислам Шығысында ғылымды жіктеу тақырыбына әл-Кинди, Ибн Сина, әл-Ансари және тағы басқа еңбектерін арнайды. Олар белгілі дәрежеде әл-Фараби көзқарасының ықпалына берілді немесе білім даму тенденцияларының жалпы фарабилікпен ортақ көрінісін берді.
Әл-Фарабидің жіктеген ғылымы өзінен бұрынғы антикалық жіктеуден ерекшеленді, ол бойынша теориялық білімдермен қатар қолданбалы ғылымдар қамтылмас еді. Бұл еңбек өзіне тән энциклопедиялық ерекшелігінің арқасында ортағасыр Таяу мен Орта Шығыста кеңінен танылып, кейінгі ғылым даму тарихында да тиісті орнын алды.
Әл-фараби түрлі ғылымдар қосындысын мынандай топтарға бөледі: тіл туралы білім және оның бөлімдері, логика және оның бөлімдері, математикалық ғылымдар, физика мен метафизика және оның бөлімдері, азаматтық ғылым және оның бөлімдері, құқық және дін. Әл-Фарабише иләһи ғылым – пәндік құрамына абсолютты болмысты жалпы біртұтас ретінде қосатын болмыс бастаулары. Әл-Фарабидің метафизикасы Құдайды тану мәселелерін болмыстың абсолютты бастамасы және ||Оның |Жаратушы екенін мойындау деп қарастырды. Ойшылдың жұлдызы нақ осы білім саласында жарқырай түсті. Әл-Фараби әлемдік философия ойының дамуында терең із қалдырды. Оның метафизикалық мәселелерді шешу барысында айтқан тамаша идеялары исламдық |Шығыстағы көптеген атақты ойшылдарға ықпал етті. Бұлардың қатарында әл-Фарабидің тікелей ізбасарлары – Ибн Сина, |Ибн Рушд және тағы басқа оның оппоненттері – әл-Ашари, әл-Ғазали, тағы сол сияқты ойшылдар болды.
Әл-Фарабидің философиялық идеяларының мағыналық мазмұны, мәселелерді тереңінен қоя білу қабілеті мен шебер ой жүгірту қасиеттері исламдық |Шығысты ғана емес, ортағасырлық христандық Батысты да таңдай қақтырып, ғылым мен философияның қайта дамуы мен жаңа еуропалық тарихында өзінің кейінгі дамуын тапты. Күні бүгінге дейін Әбу Насыр әл-Фарабидің іргелі үлесін қоспай философия тарихын елестету мүмкін емес.

Әбу Насыр әл-Фарабидің
«Таңдамалы трактаттары»
кітабынан алынды

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close