Basty bet

ӘР АУЫРЛЫҚТЫҢ АРТЫНАН ЖЕҢІЛДІК БАРЫ ХАҚ!

Елді жайлаған ауыр індет талай адамдарды жақындарынан айырды. Кеше ғана аман-есен жүрген кісілер бүгін де бақилық болып, мәңгілік мекеніне аттанды. Біреудің анасы, екіншісінің әкесі, тағы бірінің әжесі … Алайда, мұның барлығы еліміздің қаралы оқиғасы. «Әрбір қазақ – жалғызым» дегендей, барлығымыз ел болып жалғызымыздан айырылдық.
Алладан келдік, Аллаға қайтамыз. Бұл туралы Ұлы Раббымыз: «Әркім өлім дәмін тартады» деп баяндаған.
Адам баласына бұл өмірде Алла тағаланың түрлі сынақтар беретіні хақ. Бұл туралы Хақ тағала Құранда: «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен және мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз» деп ескерткен («Бақара» сүресі, 155-аят). Сондай сынақтың бірі – індеттің тарауы.
Қазіргі уақытта коронавирус атты жұқпалы ауру бүкіл адамзатты алаңдатуда. Бұл індет бірқатар елге таралып, мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіруде. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы денсаулығына жете мән беруі қажет. Жұқпалы індеттің алдын алу үшін барлық сақтық шарасын көру керек.
Алла тағала адамзат баласына: «Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер» деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз.
Кейде Алла тағала өзінің сүйікті құлдарын ауру беріп те сынайды. Бұған жиіркенерліктей ауруға шалдыққан Аюб пайғамбардың (ғ.с.) өмірі өнеге бола алады. Оның тақуалығының кемелдігі соншалықты, басына түскен қиыншылықты үлкен сабырлылықпен жеңе білген. Оның сабырлығы жөнінде Алла тағала Құранда: «Шынында, оны сабырлы көрдік. Ол не деген жақсы құл! Өйткені, ол өте бойұсынушы» дейді. Денсаулыққа зиянның келуі сабырсыздықтан да болып жатады, ал, Алла тарапынан сынақ ретінде келген ауру түрлері шынайы мүмін үшін үлкен құрмет екені белгілі. Осыған байланысты хадистердің бірінде былай делінген: «Алла тағала айтады: «Егер Мен құлымның екі сүйіктісін (екі көзін) алып сынасам, ал ол оған сабыр етсе, онда Менің тарапымнан ол үшін оның сауабы – жәннат болады».
Әлбетте, Алла сүйген құлдарына «Бақара» сүресінің 155-аятында: «Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой» дейді. Сонымен қатар: «Әй, мүміндер! Сабырлылық танытып, намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз, Алла сабыр етушілермен бірге» дейді «Бақара» сүресінің 153-аятында.
Кей кісілер ауырған жағдайда «мен саған не жаздым?» деп Алланы жазғырып жатады. Халық даналығында «ешкім ауруды сұрап алмайды» деген сөз бар. Ауру адам үшін сын, одан ешкім сақталмаған, Алла тағала ауру арқылы өзінің пенделерін сынайды. Шариғат бойынша ауру адамдар қамқорсыз және қуатсыз күйде болғандықтан, бірінші кезекте оның қорғауына түседі. Шариғаттың барлық негіздері әлсіз және ауруларды емдеу мен олардың игілігі үшін жұмыс істейді.
Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) дерттердің ішінде жұқпалы аурулардың алдын алуға баса назар аударған. Айталық, әз Пайғамбар (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) оба ауруы туралы: «Бір жерден оба ауруы шыққанын білсеңіз, ол жерге бармаңыз. Отырған жеріңізден оба ауруы шықса, басқа жерге қозғалмаңыз» (Бұқари, Тибб: 30, Муслим, Сәлам: 92. Тирмизи, Жанайз: 66) дейді. Бұл хадистен Алла Елшісінің (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын) жұқпалы індеттің таралып кетпеуіне баса көңіл бөлгенін аңғарамыз. Яғни, адам көздеген мақсатыңа қол жеткізу үшін, пәлекеттен қорғану үшін алдымен қолынан келер бар әрекетін жасауы керек. Алла Елшісінің (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын): «Әуелі түйені байлап, сосын тәуекел ет» (Тирмизи, Қияма: 60) деген хадисінің мәні де осында жатыр.
Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді» делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» деп айтылады.
Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла тағала «Бақара» сүресінің 153-аятында: «Ей, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге» деп бұйырады.
Хадис шәрифте былай деп бұйырылды: «Лә хаулә уәләқууәтә иллә билләһил алии ил-азыйм» кәлимасын оқу 99 дертке дауа болады. Бұлардың ең жеңілі қайғы». Бұған «тәмжид кәлимасы» деп айтылады. Қорыққан кездерде және жыннан қорғану үшін де оқылады.
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» деп айтылған. «Әрбір қиындықтың артынан бір оңайлық бар, әрбір ауырлықтың артынан бір жеңілдік бар» дейді Құранда. Ашуды жеңе білу – ол да сабырлық.
Сондықтан келген аурудан ең әуелі Алладан шипа сұраңыз. Талаптарды сақтап, ем алып, болып жатқан қаралы оқиғаларда сабыр сақтауға шақырамыз!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Бас имамы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close