Basty bet

Шешімін күткен мәселе көп

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритміне сәйкес Б.Момышұлы ауылын аралады. Іс сапар ауылдағы Ыбырай Алтынсарин көшесі №1, №2А көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесуден басталды.

Жалпы ауданда 23 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішіндегі №1 көпқабатты тұрғын үйде бүгінде сегіз пәтерде 26 тұрғын тұрады. Тұрғын үй 1964 жылы екіқабатты болып салынып, пайдалануға берілген. №2 А тұрғын үйі де осы жылы салынған, сегіз пәтерлі үйде 21 тұрғын бар. Көпқабатты тұрғын үйлердің айналасы аббаттандыру және жөндеуден өткізуді талап етеді.
Кездесуде аудан басшысына аталған көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары мұндағы өзекті мәселелерді жеткізді. Аймақ басшысы тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповпен бірлесіп мәселенің мәнісін шешетіндігін айтты.
Ауыл әкімінің айтуы бойынша, үстіміздегі жылға көпқабатты үйлерді ретке келтіру жоспарлануда, жағдайлар зерделеніп, құжаттары әзірленуде.
Бұдан кейін іссапар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығында жалғасты. Мұндағы қызмет көрсету сапасына, санитарлық талаптардың сақталуына мән берілді. Орталықты Зиядхан Бүрлібаев басқарады. 32 қызметкер жұмыс істеуде. Оның ішінде 23 қызметкер штаттық болса, тоғызы штаттан тыс. Қызмет көрсету орталығында бейнебақылау жүйесі орнатылып, қызметкерлер 21 компьютермен қамтамасыз етілген.
Аудан басшысы орталықтағы кезек күтіп отырған тұрғындармен де тілдесіп, қызмет көрсету сапасы жөнінде әңгімелесті. Тұрғындар орталық қызметкерлері баяу қызмет көрсететінін жеткізді.
-Адам үшін ең қымбаты уақыт. Сондықтан орталыққа қайырылған азаматтарға дер кезінде қызмет көрсетілуі керек. Сұрақтарының шешімі табылып, ары-бері сандалмауы қажет. Мұны осындағы қызметкерлер ұйымдастырып, азаматтарды кезек күттірмей қабылдағаны дұрыс. Кезек күту залында тұрғындарды көп күттірмеген жөн. Қызметкерлер бір-бірін толтықтырып, бос отырмауы тиіс, – дей келе, аудан басшысы орталық қызметкерлеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін, тұрғындар уақыттарын жоғалтпауы қажеттігін ескертті.
Әрі қарай аудан басшысы іссапарын Жібек жолы көшесіндегі №6 көпқабатты тұрғын үй тұрғындарымен кездесуге арнады.
Кездесуге келген тұрғынның бірі: «Мен осы үйде тұрғаныма 20 жылдай уақыт болды. Сондықтан мұндағы мәселелердің бәрі маған жақсы таныс. Біріншіден, үйге ауызсу кіргізілмеген. Әркім өздері құдық қазып алған. Ол ішуге жарамсыз. Ауызсуды тасып ішеміз. Құдықтың суы жаздыгүні тартылып, екінші қабатқа жетпей қалады. Сондай-ақ, тұрғын үйде ортақ кәріз суы жиналатын орын бар. Оны ай сайын тазалап отырамыз. Ортадан жиналып, тазалаушы азаматтарды шақырамыз. Дегенмен кейде тұрғындар оны тазалатуға қиналады. Сондықтан тұрғын үйді орталық кәріз жүйесіне қосып, ай сайын төлем төлеп тұратындай заңды етіп жасап берсеңіздер» деген уәжін жеткізді.
Тұрғын үйдің жағдайымен танысқан аудан басшысы Н.Ергебеков: «Әрине, ешқандай тұрғын үй шетте қалмауы керек. Әсіресе, осындай көпқабатты үйдің тұрғындары. Бүгін бұл жердің жағдайымен танысу мақсатында келіп отырмыз. Үйге бірінші кезекте таза ауызсу қажет. Су – тіршіліктің көзі. Сол себепті, бірінші кезекті осы мәселені қолға аламыз. Сонымен қатар, үйдің айналасын аббаттандырып, жарық орнатып, балалар алаңшасын да жасаған абзалырақ. Мұның барлығы алдыңғы жылдың еншісінде» деді. Яғни, тұрғын үйдің жағдайын ескеріп, ауыл әкіміне құжаттарын дайындауды тапсырды.
Іссапар Диқан жаңа тұрғын алқабымен танысумен аяқталды. Тұрғын алқабында жалпы берілетін жер көлемі 20 гектар, 103 участок бөлуге жоспарланып отыр. Жол, газ, суға жобалық сметалық құжаттамалары дайындалып, сұраныс берілген.
Сонымен қатар, аудан әкімі Пахомов бұрылысы көшесінің шешімін таппаған мәселелерімен танысты.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close