Basty bet
Кәсіптік білім – келешек кепілі
Дүниенің кілті – оқу-білімде.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “…Ел байлығы деген не? Ол – білім, ол – жаңа технология, ол- бәрінен бұрын отаншылдық сезім” деген еді бір сөзінде. Шындығында солай. Сондықтан әрбір отбасының, әрбір білім ордасының, жалпы қоғамның мақсаты – рухани-адамгершілік қасиеті жоғары, кемел мінезді, бәсекеге қабілетті, білімді, өнерлі, ойы, сөзі және ісі бірлікте болатын ұрпақ тәрбиелеу болуы керек.
Жастар мамандық таңдауда қателеспеуі керек
Мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды мәселе. Өзінің қызығушылығына, қабілетіне қарай мамандық таңдаған жан өзіне де, қоғамға да үлкен пайда әкеледі. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда мамандық таңдаудан шатасып жүрген жастар көп. Олар келешегін емес, қатарластарының алдында мақтанышты ойлайтын сияқты. Салдарынан қаншама жас өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрсе, қаншамасы бітірген мамандығымен жұмыс істей алмайды. Сондықтан жастарды өздерінің қабілетіне қарай және сұранысқа ие мамандықтарды таңдауына жастайынан дұрыс бағдарлап отыру қажеттігі туындауда. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек.
Мемлекетіміз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың алуандануына аса көңіл аударып отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде кәсіптік және техникалық білім берудің жүйесі жаңартылып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда.
Қазіргі ғылыми-техникалық үрдістің үздіксіз, қарқынды дамуына байланысты білім беру жүйесінің алдына жаңа талаптар қойылып отыр. Оның ішінде кәсіби мамандарды дайындауда негізгі мақсат – ғылым мен білімді тәжірибемен ұштастыру маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” атты халыққа арнаған Жолдауында қолжетімді әрі сапалы білімге ерекше тоқталды. Президент Қ.Тоқаев: “Біз кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн”,- деп тапсырған болатын.
Ауданымыздағы №16 Жуалы колледжі облысымыздағы білім беру саласындағы байырғы оқу орындарының бірі. Яғни, 1957 жылы “Казанка машина-трактор станциясы” деп аталатын кәсіпорынның базасы негізінде №57 Шақпақ-Бірлік училищесі болып ашылғаннан бері жұмыс істеп келе жатқан оқу орнында бүгінде ауданымызда ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан талай озат механизаторлар білім алған.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы елең-алаң жылдары бұл оқу орны да біраз қиындықтарды бастан өткізді. Алайда соңғы жылдары колледж аяғынан тұрып, материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.
Колледжді 2018 жылдың мамыр айынан бастап тәжірибелі маман Медет Иманбаев басқаруда.
№16 Жуалы колледжінде алты, яғни ферма шаруашылығы; бейіні бойынша; ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисті; электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі элетромонтері; тамақтандыруды ұйымдастыру; автомобиль көлігіне қызмет көрсету; жөндеу және пайдалану; тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу; пісіру ісі мамандықтары бойынша алты біліктілік бар. Олар: ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинист; аспаз; арнайы тігінші; электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер; электр газымен дәнекерлеуші және автокөлікті жөндеу слесары.
Оқу орнында 55 кісі қызмет етеді. Оның 32-і педагог. Педагогтардың үшеуі – жоғары санатты, 16-ы І санатты, біреуі магистр, 12-і ІІ санатты ұстаздар.
Колледжде 182 студент білім алуда. Колледжде студенттердің өз мамандықтары бойынша білім алуына барлық мүмкіндік бар деуге болады. Яғни, акт зал, спорт зал, кітапхана, асхана, алты оқу-тәжірибелік шеберхана, бес арнайы пән және басқа да оқу кабинеттері бар. Сонымен бірге 32 балаға арналған жатақханасы да бар.
Оқу-тәжірибелік шеберханалар қажетті оқу құралдарымен қамтылған. Мәселен, тігін шеберханасында жаңа тігін мәшинелері алынған. Өткен оқу жылында еліміздегі карантиндік режімге байланысты студенттер 400 дана бетперде тігіп мұқтаж отбасыларға таратқан. Сонымен бірге аудандық “Жастар ресурстық орталығы” мекемесінің ұйымдастыруымен білімгерлер тігін мәшинелерін аудан орталығына алып барып, мұқтаж отбасыларды бетпердемен қамту мақсатында бетперде тігуге атсалысқан.
Басқа мамандықтар бойынша да шеберханалар заман талабына сай құралдармен жаңартылған. Алайда шеберханалар әлі де толықтыруды қажет етеді.
Ал ферма шаруашылығы мамандығы бойынша шеберхананы жаңалауда колледж директоры қуанышты жаңалығымен бөлісті.
Колледжге 365 миллионға жаңа техникалар беріледі
-Өкен жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Жас маман” бағдарламасына қатыстық. Бұл жобаның бағыты айқын, көздеген мақсаты биік. Яғни, елімізде сұранысқа ие үздік деп танылған колледждер мен жоғары оқу орындарын жаңа талаптарға орай жаңғырту, халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, білікті маман даярлау, өндіріс пен оқу орны арасында үздіксіз байланысты орнату болып табылады.
Республика көлемінде 800-ден аса колледж болса, бағдарлама аясында түрлі мамандықтар бойынша жоба жасап, қорғап, нәтижесінде 180 колледж осы бағдарламаға қатысуға мүмкіндік алды. Сол колледждердің қатарында біздің №16 Жуалы колледжі де бар. Біз ферма шаруашылығы мамандығы бойынша жоба жасап, қорғадық. Бұл мамандықты таңдаған себебіміз, ауданымыз аграрлы аудан болғандықтан, осы мамандыққа деген сұраныс өте жоғары,- дейді Медет Жексенбекұлы. -Жобамыз мақұлданып, нәтижесінде биылғы оқу жылында 365 млн теңгеге Германиядан заманауи техникалар жеткізіледі. Әлемдік аренаға түсу үшін талапқа сай компьютерлендірілген техникаларды алуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінетін болады. Оның ішінде комбайн, 195 аттың күші бар трактор, қажетті агрегаттарымен бірге, шөп оратын трактор, мультимедиялық кабинет жабдықтары, т.б қажетті дүниелер бар. Бұл техникаларды Германиядан арнайы мамандар өздері әкеліп, біздің мамандарға үйретіп, сертификаттап кетеді.
Сонымен бірге жаңа заңға сәйкес академиялық еркіндікке жол беріледі. Бұл дегеніміз – ендігі жерде бар мүмкіндігімізді пайдаланып өзіміз өнім жасап, өзіміз сата аламыз. Бұл – жастардың сапалы кәсіби білім алуына жасалған өте үлкен мүмкіндік. Әрі жастардың кәсіби мамандықтарды игеруге деген қызығушылығының артуына да үлкен септігін тигізетін болады.
Колледждің тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу мамандығының студенттері 50 шақты балаларға арналған түнгі киім, 15 ұлттық киім тіккен болатын. Енді даму жоспарымыз бойынша төсек-орын жабдықтарын тігуді жоспарлап отырмыз. Газбен электрмен дәнекерлеу мамандығының шәкірттеріне темірден халыққа қажетті өнімдер жасатуды жоспарлаудамыз. Академиялық еркіндік берілсе, осы өнімдерімізді сатып, колледж қажетіне жарата аламыз.
Сонымен бірге жоғарыда аталған техникаларды алған соң Ақбастау ауылын техникамен қамтуға мүмкіндік туады. Яғни, ауыл халқының жерін жыртып, дәнін сеуіп, шөбін, егінін орып беру арқылы да табыс табуға болады. Сондай-ақ, даму жоспарымыз бойынша да колледж ғимаратының артынан алмабақ жасау, жылыжай салу, инкубация өнімдерін өндіретін шағын цех салу, т.б сынды жоспарларымыз да бар.
Колледжде Әділбек Байбазаров, Жарас Сармурзин, Жәнібек Айтбеков, Алтай Бегдашев, Шәрия Бегдашева, Айдар Болбырақов, Майра Әшірбаева, Ботагөз Нуретова, Ермахан Кудериев сынды тәжірибелі мамандар бар.
Дуальді оқыту жүйесі жастар
үшін тиімді
Бүгінде кәсіби білім беруде дуальдық оқыту ұғымы халық арасында таныс болып қалды. Әлемнің озық елдерінде табысты қолданылып келе жатқан осы жүйе кәсіптік білім беру саласына енгеніне біраз жыл болып қалды. Дуальдық жүйе дегеніміз – білімгер-түлектер білім алумен қатар кәсіпорында жұмыс істеуді бастайды. Оқуды бітіргенде студент сол кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен және қондырғы-құрылғыларымен толық танысып, сол кәсіпорынға орналасуға мүмкіндік алады. Сонымен бірге “Білім туралы” Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты білімгердің дуальді оқыту бойынша кәсіпорында болған еңбек өтілі оның негізгі еңбек өтіліне қосылатын болды.
Дуальдік жүйенің негізгі мақсаты – осы заманғы еңбек нарығындағы жедел өзгерістерге бейімделетін бәсекеге қабілетті, білікті мамандар даярлаумен қайта дайындау үрдісінде жұмыс берушілер мен кәсіптік маман даярлау оқу орындары арасында әріптестік жасау болып табылады.
Дуальді оқыту тұрғысында колледж студенттері аудандағы “Бурное сүт компаниясында”, “Жуалы су”, “Жасыл Жуалы” мекемелері мен бірқатар “Зылиха,” Ренат”, “Ескендір”, “Родина”, тағы да басқа шаруа қожалықтарында өндірістік машықтанудан өтуде. Аталған мекемелер мен шаруа қожалықтарда студенттерімізді үйретуде тәжірибелі тәлімгерлер таңдалған.
Колледж студенттеріне патриоттық тәрбие беру жұмысына ерекше мән беріледі. Оқу орнында алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Айдар Болбырақовтың жетекшілігімен “Жас сарбаз” үйірмесі жұмыс істейді. Үйірме құрамына 25 бала жасақталған. Үйірме ауданымыздағы 91678 әскери бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Әскери бөлім сарбаздары колледжге немесе студенттер әскери бөлімге барып, сарбаздардың әскердегі өмірімен танысады. Сонымен бірге колледжде студенттердің патриоттық рухын көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар да ұйымдастырылып тұрады.
Колледжде әдеби кітаптар қоры бай кітапхана бар. Әдеби кітаптар қоры – 13 363 дана. Жақында жаңа жыл қарсаңында 2 миллионнан аса қаржыға жаңартылған білім мазмұнына байланысты 953 оқулық пен әдістемелік құралдар алып келдік. 180 электронды оқулық алынды.
Оқытушылар әсіресе жатақханада жатып оқитын шәкірттердің әдеби кітап оқуын қатты қадағалайды.
Оқу ордамызда түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген шәкірттерміз де бар. Мәселен, өткен оқу жылында аудандық, облыстық “Делфилік ойындар” жарысында Сырғабай Нұртас деген шәкіртіміз жүлделі орыннан көрініп, республикалық жарысқа жолдама алған болатын. Алайда карантиндік режімге байланысты республикалық жарыс тоқтатылды. Электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер біліктілігі бойынша білім алған бұл шәкіртіміз өткен жылы колледжді тамамдап, жоғары оқу орнына түсті.
Жалпы біздің колледжді аяқтаған көптеген шәкірттеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Түлектеріміз өз мамандықтарымен жұмысқа орналасып, табысты еңбек етсе, біз үшін үлкен жетістік осы деп білеміз.
102 білімгер шәкіртақы алады
Колледжде сабақ үлгерімі жақсы шәкірттерге шәкіртақы төленеді. Өткен оқу жылында 91 білімгер шәкіртақы алды. Оның екеуі озат, қалғаны екпінді шәкірттер. Ал, биылғы оқу жылында 182 білімгердің 102-і шәкіртақы алды,- дейді колледж басшысы.
Колледжде түйткілді мәселелер де жоқ емес. Колледж басшының айтуынша білімгерлердің жатақханаға деген сұранысын толық қанағаттандыра алмай отырмыз дейді. -Білімгерлер ауданымыздың шалғай ауылдарынан келіп оқитын болғандықтан жатақханамен қамту мәселесі маңызды болып отыр.
Бұл мәселемен аудан басшылары жақсы таныс. 2019 жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданымызға арнаған іссапарында колледжімізге келіп, бос тұрған екі ғимаратымызды аудан балансына алып, күрделі жөндеуден өткізіп, аудандағы баспанаға зәру аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналардың баспана мәселесін шешуге пайдалансақ деген бастама жасаған еді. Бүгінгі таңда ол ғимараттар аудан балансына өтті. Енді жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан әкімінің уәдесі бойынша бір қабаты колледж шәкірттеріне жатақхана ретінде берілетін болады. Бұл мәселеміз де жақын арада өз шешімін табады деген сенімдеміз,- дейді Медет Жексенбекұлы.
Кәсіптік мамандықты игеру – заман талабы
Ең маңызды мәселе – колледжге жастардың кәсіби мамандыққа деген шынайы қызығушылықпен емес, жүрдім-бардым, немқұрайды көзқараспен келуі. Колледжге жастар сапалы білім алуы үшін үкімет қаншама қаржы бөліп, жағдай жасауда. Коллежде шеберханалар, ең бастысы білімді, тәжірибелі мамандар бар. Бірақ, оны жастарымыз қаншалықты тиімді пайдалануда? Жастардың кәсіптік мамандықты игеруге деген көзқарасы дұрысталмай, бұл саланың дамуы екі талай.
Қазір мәселен, кез келген тігін цехын, автокөлік жөндейтін орталық ашқан жанның немесе газбен электрмен дәнекерлеушінің табысы мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкердің жалақысынан бірнеше есе жоғары. Тек сапалы қызмет көрсетіп, халықты өзіне тұрақты тұтынушы ету үшін өз ісінің шебері болуы керек. Өз ісінің маманы болу үшін колледждегі бар мүмкіндікті пайдаланып, білім алуы керек. Уақытты текке өткізбеу қажет. Бұл мәселе жөнінде колледж басшысы да өз әттеген-айын айтуда.
-Колледж шәкірттерінің тең жартысы өзге ұлт өкілдері. Бір қуаныштысы олар кәсіби мамандыққа деген көзқарастары дұрыс. Кәсіп үйренгісі келіп келеді. Әрі қарай жұмыс істеп кететіндер де негізінен солар. Ал, қандастарымыздың арасында ондай жастар сирек. Сондықтан отбасында, мектепте баланың мамандық таңдауда дұрыс таңдау жасау, кәсіби мамандықтардың беделін көтеру туралы көбірек айтылуы керек. Түрлі іс-шаралар ұйымдастыру керек деп есептеймін,- дейді Медет Жексенбекұлы.
Колледж биылғы оқу жылында бала санының аздығына байланысты штаттық режімде, яғни офлайн түрде жұмыс істеуде.
Кәсіптік мамандықты игеру – заман талабы.
Колледж шәкірттерінің заман талабына сай маман болып шығуы колледж педагогтарына да үлкен жауапкершілік жүктейді.
Суреттер өткен
оқу жылдарында түсірілген
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»