Basty bet

Жұмыспен қамту- маңызды мәселе

Сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық жиналыс өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы жүргізді. Аппараттық жиналыстың күн тәртібінде «Жұмыспен қамту: 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуы туралы мәселесі қаралды. Аталған мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков баяндады.

Оның айтуынша, ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2020 жылы жалпы 38 инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуға жоспарланған, оларда жалпы 856 жұмыс орындарын ашу, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде 427 жергілікті жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасуы жоспарланған екен. Нысандарда жұмыстар аяқталған кезде тұрақты 67 жұмыс орнының ашылуы болжамданған. Нысандарға мемлекеттік бюджеттен жалпы 2 млрд 496 млн 200 мың теңге бөлінген.
Интеграциялық картаның жоспарына жалпы 858 жұмыс орындары енгізілген. Аталған жобаларда жұмыстар жүргізіліп, жергілікті 433 адам уақытша жұмысқа орналастырылып, жоспар 427-ге жетіп, яғни, орындалуы 101,4 процентті құраған. Барлық нысандарда жұмыстар аяқталған.
Баяндамашы өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, биылғы жылдың бірнеше жоспарына да тоқталып өтті. Мәселен, биылғы жылы болжам бойынша «Жуалы-Су» МКК мәліметтеріне сәйкес, ауызсу жүйелері құрылысына қатысты 7 нысанда 28 тұрақты жұмыс орны ашылады және аудандық газ мекемесіне қатысты 8 газ жүйесі құрылысы нысандарында 3 жұмыс орны, барлығы 31 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп болжамдалуда. Оның сөзіне қарағанда, алғашқыда ауызсу жүйесінде 14 және газ жүйесінде 32 жұмыс орны ашылуы болжамданып, яғни барлығы 46 жұмыс орнын ашу көзделген.-2020 жылдың сәуір айында «Жұмыспен қамту жол картасы» жоспары бойынша 74 жұмыс орындарының ашылуы болжамданған болатын. Бірқатар нысандарға объективті себептермен тұрақты жұмыс орындары ашылмады. Білім бөліміне қарасты 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарында сегіз орын, Билікөл ауылдық округіндегі бір электр желісін орнату жобасына бес орын тізілімнен алынып тасталды.
Сонымен қатар, Қарасаз ауылдық округі бес орын, Ақтөбе ауылдық округі екі орын, Ақсай ауылдық округі сегіз орын су қоймалары (тоғандарының) жөндеу жұмыстары нысандарында ашылатын тұрақты жұмыс орындары нақтыланбай отыр. Себебі, бұл нысандарда ашылатын жұмыс орындарының сипаты – маусымдық (жалпы 15 орын, тапсырыс беруші Табиғат қорғау басқармасы).
Биылғы жылы жоғарыда көрсетілген 67 тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуге барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз. Сонымен қатар 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына қатысты жобаларда ашылатын жұмыс орындарының санын жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес және жұмыс берушілердің нақты сұранысы негізінде құрылуына арнайы ұйымдастырушылық шаралар қабылданады, – деді аудандық жұмыспен қамту орталығының директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша аудан әкмінің орынбасары Асхат Базарбайұлы тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуы өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.
-Биыл да ауданда ауқымды жобалар іске асырылады деп күтілуде. Өткен жылдағыдай өңірімізде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамту тапсырылып отыр. Биыл біз 67 адамға жұмыс беруіміз керек. Тапсырма баршамызға ортақ. Ол уақтылы әрі сапалы орындалуы қажет. Сонымен қатар, бағдарлама аясындағы жобалар басталғанда, олармен міндетті түрде келісімшартқа тұру қажет. Сол келісімшарттың жобасын жасап, әзірлеу керек. Мердігер компания жұмысшыға зейнетақы қорының төлемін аударуы тиіс. Техникалық қауіпсіздік қатаң сақталуы қажет. Осы жұмыстың барлығын ескеру керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиналыста аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев сөз алып, тиісті сала мамандарына, ауылдық округ әкімдеріне ақпараттарды нақты беру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Ол өз сөзінде биыл ауданда «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында тұрғындарды қоғамдық жұмысқа тартып, қайтарымсыз грант пен несиелер берілетінін атап өтті. Ауылдық әкімдерге қайтарымсыз грант пен шағын кәсіпкерлікке арналған несиелерге ниет білдіруші тұрғындарға хабарлама беріп, аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, аппараттық жиында өңірдің эпидахуалы туралы әртүрлі мәселелер көтерілді. Ең біріншіден, тұрғындардың денсаулығы мен амандығы үшін сақтық шаралар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мониторингтік топтардың жұмысын қайта жандандыру тапсырылды. Ауылдық округтерде де тұрғындармен барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.
Ал, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева облысымызда індетті жұқтырушылардың саны едәуір өсіп отырғанын айтып, балалардың да денсаулығына мән беру керектігін жеткізді. Ол өз сөзінде «2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Аңсаған сәби» атты бағдарламасын жүзеге асыру керектігін айтқан болатын» деді. Осы бағдарлама бойынша аудандық ауруханаға мемлекет тарапынан балалы бола алмай жүрген жанұяларға биыл 30 квота бөлініп отырғанын хабарлады. Егер де осындай мүмкіндікке ие болғысы келген жанұялар болса, аудандық ауруханаға хабарласулары қажет. Аудандық акушер-гинеколог дәрігерінің есебінде тұрған 57 әйелдің 30-на кезек арқылы толық беріледі. Квота алушылар толық тексерістен өтіп, тізілім бойынша құжаттар жинайды. Аурухананың акушер-дәрігері Ардақ Тойбекова бұл жұмыстарға жауапты маман болып бекітілген екен.
Сондай-ақ, аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы тұрғындардың арасында 6500-ге жуығы әлі күнге дейін 2020 жылдың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тиісті жарна төлемегенін жеткізді. Өткен жылдың жарналары төленбесе, биылғы жылдың жарналары қабылдандайтынын атап өтіп, тұрғындармен бұл мәселе бойынша жұмыс жасау керектігін айтты.
Жиындағы айтылған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары А.Базарбайұлы бірлесіп жұмыс істеуге, шешімін табуға шақырып, жиынды қорытындылады.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close