Basty bet

Мақсаты – Заанен ешкілерін көбейту

Мемлекет тарапынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек беріліп отырғаны баршамызға белгілі. Отбасыларға кәсіпкерлік саласында да өз бақтарын сынап, аяқтан тұрып кетуі үшін де мүмкіндік берілуде. Мұндай мақсатты көздейтін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында тұрғындар кәсіпкерлікке бет бұрып, өз-өзін жұмыспен қамтып отыр.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, биыл 584 адам қайтарымсыз грант иегері атанған. Оның ішінде Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Қалияш Жаулыбаева да бар.
Қалияш Ешкімқұлқызы жұмыссыз азамат ретінде аудандық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған. Төрт баланың анасы. Жолдасы да ауылда қолдан келген әртүрлі жұмыстарды істейді. Көбінесе, ауыл ішінде тұрғындарға такси қызметін ұсынады. Бала тәрбиесінде үйде отырған ана бір іспен айналысып, отағасына қолғабыс етуді көздейді. Осы мақсатта биыл жұмыссыз әрі көпбалалы ана ретінде 555 мың көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атанады. Мақсаты – Заанен ешкілерін өсіру.
-Біз отбасымызбен 2004 жылы көршілес Өзбекстаннан көшіп келдік. Атажұртымызды аңсап, ағайын-туыспен осында қоныс аудардық. Сол уақыттан бері үй шаруасымен айналыстым. Содан аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, Айбек Жанұзақов деген маманнан кеңес алдым. Ол менің жұмыссыз екенімді ескеріп, өз-өзімді жұмыспен қамтуға болатындығымды айтты. Бәрін түсіндіре келе, қайтарымсыз грант иегері атануыма септігін тигізді.
Заанен ешкілерін алу үшін алдымен оған арналған шағын қораны соғып, дайындап алдық. Қаражатты алған соң, Тұрар Рысқұлов ауданынан бес бас ешкіні сатып алдық. Оның ерекшелігін де зерттеп, сараладық. Көрші үйде тұратын ағайынымыз осы ешкілерді асырап, пайдасын көріп отырғанын білеміз. Олардан да кеңес алып, жақсы мәліметтер жинадық.
Заанен ешкілерінің бағасы қымбаттау болады екен. Оның ерекшелігі сүтінде. Бір ешкі екі-үш литр болмаса одан да көп сүт береді деседі. Сонымен қатар, егіздеп төлдейді. Яғни, тез көбейеді. Ешкі сүті ана сүтімен теңестіріп жатады. Жаңа туған балаға ішуге жеңіл. Кезінде қазіргідей қосымша тамақ болмағанда баланы осы ешкінің сүтімен асыраған. Сүті құнарлы әрі пайдалы.
Бір текені арнайы сатып алдық. Бір кішкене ғана лағымыз бар. Қорада бес заанен ешкісі жүр. Алла қаласа төлдейді деп күтіп жүрміз. Ешкілер жем-шөппен бірге нан берсең, оны да жейді. Суыққа төзімді. Кенже ұлым Бекболат ешкі, лақтармен бірге асыр салып, жүгіріп ойнап жүреді. Көмекшілерім де балаларым. Олар маған көмектесіп, жем-шөбін, суын уақтылы беріп тұрады. Қыстың қамын ойлап, мал азығын да жеткілікті етіп дайындап алдық.
Сүтін сатпаймын. Перзенттеріміздің ағзасын пайдалы тағамдармен толтыру үшін сүттің де рөлі зор. Сондықтан көбінесе балаларыма беремін.
Мемлекет тарапынан көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жағдай жасалып жатқанына қуаныштымын. Бізді еш қараусыз қалдырмайды. Барынша көмегін алып, қолдауын сезінудеміз. Мұндай істі бастауыма мүмкіндік бергеніне ана ретінде ризамын. Алдағы уақытта кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отырмын. Күнкөріс үшін ешкі санын көбейтуді де жоспарлаудамыз. Мұндай істі бастауыма септігі тиген аудандық жұмыспен қамту орталығына да алғыс білдіремін. Мекемедегі мамандардың уақтылы қызмет көрсетіп, ұсынуының арқасында қайтарымсыз грант иегері атандық. Шүкір. Балаларымыз үшін ерінбей, осы бағытта жұмыс істейміз деген үміттеміз, – дейді көпбалалы ана.
Қалияш Ешкімқұлқызы өмірлік жары Қуанышбай Өрісов екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеуде. Барлығы да №29 орта мектеп оқушылары. Тұңғыштары Тұрар 8 сыныпта, Айдана 6 сыныпта, Бекзат 4 сыныпта және кенжелері Бекболат 1 сыныпта оқиды.
Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты мұқтаж азаматтарға тиіп жатқаны қуантарлық. Ендігі кезекте аяқтан тұру үшін берілген мүмкіндікті дұрыс пайдалану тұрғындардың еншісінде. Алға айқын мақсат қойып, істің көзін таба білсе, нұр үстіне нұр.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close