Basty bet

Ислам бейбітшілікті қолдайды

2015 жылдың 13 қазан күні. Франция астанасы Париж қаласында халық еш қауіп-қатерсіз жайбарақат күндерінің бірін өткізіп жатты. Кеш басталысымен халық тағы бір жұмыс аптасын артқа тастап, күнделікті әдеттерінше кешкілік серуенге гүлзарларға, кино, концерт залына енді. Бірі 80 000 жанкүйер сиятын атақты «Стад де Франс» стадионында Франция-Германия құрамалары арасында болатын футболдан жолдастық кездесуге ағыла бастады. Дегенмен қаладағы тыныштықты кеш қарая берісімен басталған бірнеше террорлық әрекеттер бұзып жіберді. Бұл тек сол Париж қаласындағы немесе Франциядағы халықты емес бүкіл әлемді дүрліктірген оқиға болды.

Батыс ақпарат құралдары осылайша «ислам» дініне қатысты тағы да теріс ақпараттарды, қаралау ақпараттарын жарыса жазып жатты. Осы оқиғаларды бәріне исламды, мұсылмандарды кінәлі екендігін жарияға жар салды… Ал ислам діні үнсіз қалуға мәжбүр. Себебі, бұл оқиғалардың басында «Ислам мемлекеті» деп аталатын террористік ұйым тұр еді (Париж қаласындағы террорлық әрекеттердің барлығын Ислам мемлекеті өз мойнына алды). Исламды қаралауға батыс елдері үшін тағы бір себеп орын алды. Осы арада біз Елбасымыз айтып өткендей, ислам мәдениетінің ең шығысындағы өлкелердің бірі ретінде шынайы ислам дінін ашып талдауға, ол дін адамдарға зорлық-зомбылық пен жамандық жасамауға үндейтіндігін көрсетуге тырысайық.
Араб тілінде «ислам» сөзі «бейбітшілік», «қауіпсіздік», «алаңсыздық», «сәлемет» «амандық», «есендік», «саулық», «төзімділік» мағынасын білдіреді. Осыған байланысты Алла соңғы пайғамбар Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы бүкіл адамзатқа соңғы және ең тамаша ислам дінін жіберген.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде былай дейді: «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Мұндай қағида Құранда да көрсетілген. Олай болса, соңғы уақыттары жиі орын алып жатқан лаңкестік әрекеттер, қаншама бейкүнә жанды қыршынынан қию – исламға, Құранға, мұсылманшылыққа жата ма? Керек десеңіз адам өлтіру былай тұрсын, малды қинаудың өзі исламға теріс. Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттер мен исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам діні – жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы дін. Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің сөйлеуімен, өзгелермен қарым-қатынасымен, қысқасы әрбір іс-әрекетімен іс-жүзінде көрсетуші тұлға болмақ.
Беліне бомба байлап, өзгелердің жанын қию үшін өзіне де қол жұмсаған жанкештілер өздерін «шейітпіз» деп есептейді. Шейіттік мәртебе бейкүнә жандарды өлтірумен келетін «оңай» нәрсе емес.
Исламда мақсат қандай таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза болуы тиіс. Террорлық әрекеттер арқылы ешбір мәселе қазірге дейін шешілмеген. Әрі бұдан кейін де террорлық іс-әрекетпен мәселе шешілмейді.
Барлық лаңкестік әрекеттер ислам үшін жасалған күрес емес, керісінше исламға қарсы бағытталған күрес. Сондықтан қандай жағдайға душар болса да, исламның, мұсылманшылықтың атына кір келтіретін лаңкестік әрекеттерден мұсылмандар аулақ болуы керек. Себебі, белгілі бір жағдайлар, дағдарыстар мен саяси ойындар күнде өзгереді. Ал діннің ұстанымдары мен ереже-қағидалары мәңгілік. Өтпелі жағдайлармен діннің атына кір келтіруге болмайды.
Ислам дінінің ерекшеліктерінің бірі – рақмет, мейірім діні болғандығы. Адамзат баласы талай күнә және ғапылдық батпағынан шыға алмай жүргенде істегендеріне қарап, оларды зиянға ұшыратып, жоюдан гөрі, рақым және кешірім жасап, бақытқа кенелтуге тырысады. Мейірім, рақмет ұғымдарының ислам дінінің ең маңызды негізгі ерекшеліктері болғаны соншалық, Қасиетті Құранның «Бисмиллаһир рахманир-ра-хим» деген ең басты сөзінде де Хақ тағаланың ең ерекше аты болған Алла деген есімінің қасында мейрім ерекшеліктерін баяндайтын рақман және рақым сөздері келген, әрі ең алғашқы «Фатиха» сүресінің екінші аятында да осы есімдер қайталанған. Бұдан басқа бір сүренің ең алғашқы сөзінде де «Рақман» сипатын қолданып, сүрені осы атаумен атаған. Ал, бұл сүредегі: «Мейірімді Алла (тағылым етсін деп) Құранды үйретті!» деген аят Құранның бүтінімен адамзатқа Алланың мейірімі ретінде ұсынылғанын көрсетеді. Расында, Құран кәрімнің рақым және шипа болғаны «Исра» сүресінің 82-аятында баяндалған.
Алла тағаланың пайғамбарларына берген ең ұлы ерекшеліктерінің бірі – мейірімділік екенін де: «Біз сені күллі әлемге тек қана рақмет қылып жібердік»,- деген сөзі дәлел («Әнбие» сүресі, 107-аят). Хазіреті пайғамбарды (с.ғ.с.) бұл ерекшелік ешбір адамның күші жете алмайтын бір шыңдағы көрініс іспетті. Тайфта өзіне тас лақтырылып, қанға малшынған кезінде оған: «Уа, Расулалла, қаласаң, осы қауымды жоқ қылып жіберейін», деген Жәбірейіл мен басқа періштелерге: «Жоқ, бұны қаламаймын! Мен рақмет пен мейірім пайғамбарымын!» деп жауап бергені әрі сол қауым үшін қайыр-дұға етуі оның кең мархабатының белгісі. Исламда иманның алғашқы жемісі мархабаттан тұрады деп айта аламыз.
Енді жоғарыдағы Франциядағы оқиғаларға қайта оралсақ, Париж қаласындағы Стал де Франс стадионындағы жарылыс құрбандарының саны әлдеқайда көп болар еді. AFP (Agence France-Presse) және WSJ ақпарат агенттіктерінің таратқан жаңалықтарында аталған стадионда күзетші-бақылаушы болып қызмет атқаратын Заур есімді мұсылман жігітінің қырағылығы арқасында мыңдаған жан аман қалған көрінеді. Кейбір баспасөз құралдарында оның шыққан тегі сириялық екені айтылады.
13 қараша күні өзінің қызмет орнында, дәлірек айтқанда, спортшылар киім ауыстыратын бөлмеге апаратын тоннельді қарауылдап тұрған. Дәл осы жерден беліне жарылғыш зат ораған жанкешті билеті барын, бірақ адасып кеткенін айтып, өтіп кетпек болады. Басталғанына он минуттай болған ойынға кешігіп қалғанын айтып алдаусыратқанымен, оның бұл қулығы жүзеге аса қоймайды. Тіпті болмағасын, күштеп өтіп кетуге тырысқан оны Заур ұстап үлгереді. Арпалыс үстінде оның беліне байланған жарылғыш белдік байқалып қалады.
Қанды оқиғаны зерттеушілердің айтуынша, Заурға ұсталып қалған жанкешті жоспар бойынша өз-өзін алаң ортасында жаруы тиіс болған. Бұдан соң шошынған халық шығар есікке топталғанда, оның екі әріптесі «белдіктерін іске қосады. Осылайша, кептеліс кезіндегі жарылыс мыңдаған (жоғарыда бұл стадионға 80 000 адам сиятындығын жазған болатынбыз) жанның өмірімен қоштасуына себеп болатын еді. Қарапайым мұсылман азаматының қырағылығымен көптеген адамдарды ажалдан арашалап қалуына себепші болды.
Қорытындылай келгенде, еліміз мұндай лаңкестік әрекеттерді қолдамайды. Біздің отанымыз тек бейбітсүйгіш діндерді ғана қолдайды. Ал 100-ден аса адамның жанын қиған жанкештілерді ислам атымен байланыстырғанымыз секілді, жоғарыдағы 80 000 жанкүйер болып келген адамдардың өмірін сақтап қалған азаматтың да мұсылман екендігін есте ұстағанымыз абзал. Шындығында ислам «бейбітшілік» діні екендігін ұмытпауымыз керек.

Нұрлан ӘМІРБАЕВ,
ауданның бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close