Basty bet
Игі бастамаға «Жасыл ел» жасақтары да атсалысуда
Президенттің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ағымдағы жылдың 8 сәуірінде бастау алғаны белгілі. Аталған экологиялық акцияның аясында ауданда тал-дарақтардың көшетін егу және ауыл-аймақтарда тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар, «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» аталатын игілікті шара ұйымдастырылған болатын. Бұл маңызды бастаманы аудан тұрғындары да белсенді қолдау үстінде. Акцияның негізінде ауданға қарасты барлық ауылдық округте экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарланса, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа бағытталып отыр.
Бұл ретте, жалпы қоршаған ортаны қорғау, өңірде тазалық жұмыстарын атқарып, тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыру ісінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жүйелі жұмысын жарқын үлгі ретінде айтуға болады. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысын үйлестіру ауданда да қолдау тауып, туған өңірдің гүлденіп, көркеюіне жанашыр және еңбекқор жастар еңбек жасағына жұмысқа қабылданып, өңірдің тазалығына айтарлықтай үлес қосу үстінде. Айта кетсек, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына аудан көлемінен барлығы 50 жас қабылданып, олар қарқынды жұмыс жасауда. Бағдарламаның негізгі шартына сәйкес, жасақ құрамына 16 мен 35 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жастар қабылданған.
Жастарды еңбекке баулу – негізгі міндет. Бір қуантарлығы, «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарындағы жұмысшы жастардың еңбекақысы алдыңғы жылдары небәрі 50 мың теңгені құраса, қазір олардың еңбекақысы 71 мың теңгеге дейін өсіп отыр. Әрине, еңбекақының едәуір артқаны еңбекқор жастардың жігеріне жігер қосатыны сөзсіз. Жұмысқа қабілетті жастардың көмегімен аталған бағдарлама жақсы нәтиже көрсетуде.
Қазіргі таңда «Жасыл ел» жасағы – жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналып отырғаны даусыз. Жастардың күшімен елдегі экологиялық мәселелерді шешу, елді көгалдандыру – игілікті де дәстүрлі шараға айналып келеді.
Айта кетсек, «Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» деп аталатын экологиялық науқанның аясында аудандық «Жасыл ел» жасақтары аудан орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Парасат көшесінің бойына санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара барысында өңірдегі арықтарды тазалау, ауыл-аймақты абаттандыруға баса назар аударылғанын да баса айтқымыз келеді.
Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекендердің айналасын жасыл желекпен көмкеру дейтін болсақ, «Жасыл ел» өңірлік еңбек жасақтары осынау сенім үдесінен шығып отыр.
Ауыл-аймақты көркейтсек, қасиетті Отанымыз да гүлдене бермек. Тазалық жұмыстарына қоғам болып атсалысайық!
Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”