Basty bet
Он алты жасында соғысқа қатысқан
Менің әкем Оралбек Ауғанбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Бүгінде ұрпақтары оның ерліктерімен мақтанады, еңбегін үлгі тұтады. Осы ретте, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай майдангер әкемнің ерлігі жайлы сыр шерткенді жөн санап отырмын.
Әкесіне көрсетпей, қолына түсірген туу туралы куәлігіндегі «1925 жылы туылған» деген сөзді «1923 жылы» деп өзгерткен жас жеткіншектің бар ойы ВЛКСМ қатарына ертерек қабылданып, «комсомол» атану еді. Бұл сол кездегі көптеген жастардың бойындағы патриотизмнің белгісі болатын. Көп ұзамай бала Оралбектің арманы орындалып, коммунистік жастар одағының мүшелігіне қабылданады. Қуанышында шек жоқ, омырауына тағылған ВЛКСМ-нің белгісіне мақтана қарап, өзін жігіт сезінгендей халде болады.
Алайда, бұл қуанышы көпке созылмады. Себебі, соғыс басталған соң ауыл-ауылдағы ер адамдарды әскер қатарына шақыра бастады. Сол кезде 16 жастағы Оралбекке де әскер қатарына шақыру келеді. Бұл хабарды естіген әкесі Рысқұлбек, аң-таң болып, «бұл бала енді ғана 16 жасқа келгенде неге әскерге шақырады, мүмкін қателескен шығар» деп таңданады. Сөйтіп әкесі Некрасовка ауылдық кеңесіне барғанда баласының туу туралы куәлігі мен комсомол билетінде 18 жаста деп тұрғандығына көз жеткізеді. Мұны естіген ол үйге ашуланып келгеннен кейін, болған жағдайды баласының аузынан естіп, енді ғана 16 жасқа толған баласының соғысқа аттанатына жүрегі сыздайды.
Оралбекпен бірге әкесі, ағасы үшеуі соғысқа аттанады. Шаңырақта әжесі Өрік, анасы Зейнекүл 3 баламен қала береді.
Әкем алғашқыда Гурьев (Атырау) қаласындағы жаяу әскер училищесінің әскерге дайындық курсынан өтеді. Курстан кейін Ресейдің Саратов қаласындағы жасақталған 31 гвардиялық атқыштар двизиясының 100-ші полкінің ауыр пулемет, зенитшілер бөлімінің командирі болып Дон өзенінің бойында алғаш соғысқа қатысады. Сол соғыста оң аяғынан ауыр жараланып, Ресейдің Балашов қаласында, одан кейін Башқұрстанның астанасы Уфа қаласындағы госпитальда емделеді.
Жарасы жазыла салысымен қайта жасақталған зенитшілер бөлімінің командирі болып, Ресейдің Курск, Орел, Брянск, Тула қалаларын жаудан қорғайды. Сонымен қатар, Польша, Югославия сияқты шет елдерді неміс басқыншыларынан азат еткен қырғын соғысқа қатысады.
Әкем бізге азат еткен жерлердегі басынан кешкен қырғын соғысты еске ала отырып, сол елдің салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін сипаттап отырушы еді. Фашистерді өз жеріне, соның ішінде 1945 жылдың қаңтар айынан бастап, Шнайдемюль, Быдгощ (Бромберг) сияқты тағы да басқа Германияның қалаларына шабуыл жасап, немістерді тықсыра қуып, адам айтқысыз қырғын шабуылдың ортасында соғысқанын айтушы еді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі», демекші, майданда бірнеше рет жараланса да, аман қалды.
Майдангер әкем соғыстағы көрсеткен ерлігі үшін бірнеше рет марпатталды. Соның ішіндегі, ерекше бір үш құжат әлі күнге біздің қолымызда. Ол жаңадан соғысқа аттанған кездегі суреті және 1945 жылдың 23 қаңтарындағы №245 бұйрығымен, 1945 жылдың 29 қаңтарындағы №265 бұйрығымен және 1945 жылдың 14 ақпанындағы №279 бұйрығымен Кеңес Одағының Маршалы Жоғарғы Басқолбасшы Сталиннің соғыс кезінде соғыс қимылдарын ерекше жетік меңгергені үшін лейтенант Ауғамбаев Оралбекті марапаттау туралы Алғысхаты.
Соғысты Германияның Бранденбург қаласында аяқтап, соғыстан кейін өзге елде қалып қызмет етті. 1945-1947 жылдары екі жылдай неміс басқыншыларының Кеңес Одағынан алып кеткен байлығын елге қайтару жұмыстарымен айналысты.
1947 жылы елге оралғанда жарасы әлі жазылып бітпеген еді. Жарасын ауылдық фельдшерлік пунктте емдете жүріп, өзінің саналы өмірін туып-өскен жерінің экономикасы мен әлеуметін қалпына келтіру, дамыту үшін аянбай еңбек етті.
Әкеміздің бір ғана өмірлік принципі бар еді. Ол – әділ болу, ешкімнің ала жібін аттамау. Осы ұстаныммен «Некрасовка», «Жамбыл», «Путь к коммунизму» колхоздарында меңгеруші, жүргізуші, қойма меңгерушісі болып табаны күректей 50 жылдай еңбек етіп, 1998 жылы 12 наурызда дүниеден өтті.
Соғыстағы ерліктері мен еңбектегі жетістіктері үшін 11 рет алынған наградаларына ешқашан мақтанған емес. Қанды қырғын соғыстың бала жүрегін бірден есейтіп, Саратовтан Германияға дейінгі жолдағы көрген сұрапыл соғыстағы оқиғаларды бізге айтудан жалықпайтын. Соғыс кезіндегі майдандас жолдастарының бір-біріне деген адамгершілігін, жанашырлығын, жанкештіліктерін, бауырмашылдығын үлгі етіп айтып отыратын. «Егер жауынгерлердің осындай қасиеттері болмаса, мен тірі қалар ма едім…» Жамбасымнан оқ тиіп қансырап, шала жансар жатқан жерімнен иықтарына кезек-кезек көтеріп, бірнеше шақырым жаудан қаштық. Сондай сәттерде бір-бірімізді оқтың астына қалдырмай, мені медициналық қызмет көрсететін орынға бірнеше күннен кейін жеткізді» деп осы оқиғаны, майдандастарының соғыстағы іс-әрекеттерін үлгі етіп айтып отыратын. Бәрімізді адал, білімді етіп тәрбиелеп, адами жоғары қасиеттерге баулып өсірді. Біз әкеміздің бойындағы жақсы қасиеттерінен үлгі алып, әкеміз мақтан тұтатын азамат болып қалыптастық. Себебі, әкеміз ешқашан балаларына дауыс көтерген емес.
2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, өзінің туған жері Рысбек батыр ауылының көшесіне Оралбек Рысқұлбекұлы Ауғанбаевтың есімі берілді. Бұл әкемізге жерлестерінің көрсеткен құрметі. Осылайша, ерлігімен, еңбегімен еліне қызмет еткен әкеміздің есімі ел есінде мәңгі қала бермек.
Ғалия Оралбекқызы,
Б.Момышұлы
ауылының тұрғыны