Basty bet

Қиындықтан қысылмай шығамыз

Әлемді шарлап кеткен коронавирус індетімен күрес жүргізу мақсатында елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалды. Осындай қиын кезеңде қарапайым халықтың Ұлттық қордың көмегін алып жатқаны көңілге медеу болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі зейнетақы мен әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға арттырды. Ол үшін 200 миллиард теңгенің бөлінгенін телеарналар мен аудандық газет бетінен оқып танысып шықтық. Бұл – әрине, көңіл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, жұмыстары тоқтап, уақытша табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі айлық мөлшерінде 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек берілуі олардың тығырықтан шығуына септігін тигізеді деп ойлаймын!
«Ақынға қара сөзден өлең оңай»демекші ,сөзімнің соңын күні кеше ғана жазылған өлеңіммен аяқтасам деймін.

Сен келгелі, пәләкет..
(үміт)

Карантиннің – бөліміндей «жансақтау»,
Сәлемді де бердік жерден алшақтау,
Сен келгелі төбелерге төменшік,
Жақындады аласарып мансап – тау!

Сен келгелі сергелдеңде кәрі жер,
Жер-жаһаның әлегіңмен әбігер.
Салдарыңмен күні-түні күресіп,
Аяғынан тік тұрды бар дәрігер.

Карантинің – «ойды түзеу» жай тамда,
(Тірек ізде тілеуіңе қайдан да!..)
Сені, бәлем, еңсерерміз аз айда-ақ,
Жан алысып, жан беріскен майданда.

Тек әзірше күпті көңіл нөлде отыр,
Ұлы ем-домнан дәмеленіп ел де отыр.
Сол вакцина қолда тисе таяуда,
Сонда сені құп құртамыз, көр де тұр!

Тек уақытша «оқшауланды» даламыз,
Тек уақытша «үйқамақта» қаламыз.
Әл-әзірге шыда, жұртым, шыдап бақ,
Арқамызды әлі-ақ кеңге саламыз…
Үмітіміз бар!

Ілияс Ахметов,
ақын.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close