Basty bet
Азаматтық орталық ашылды
Үкіметтік емес ұйымдардың саны көбеюімен бірге азаматтық белсенділік артып келе жатыр. Ол өз кезегінде ауданның әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне оң ықпал етеді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарға арналған Азаматтық орталық ашылды. Орталық Б.Момышұлы ауылы «Жуалы тұтынушылар қоғамы» ғимаратында орналасқан, екі бөлмеден тұрады, яғни қабылдау бөлімі және мәжіліс залы. Басшысы – «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова.
Жаңа құрылымның мақсаты – үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында өзара байланысты ұйымдастыру, олардың жұмыс сапасын арттыруға бағытталған үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы өзекті проблемалармен күресуіне қолдау білдіру, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын бір арнаға тоғыстыру, азаматтық институттарға көмек-қолдау көрсету.
Орталықтың ашылуына орай «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. «Дөңгелек үстелге» аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынова, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен мүшелері қатысты.
«Дөңгелек үстелді» орталық басшысы Күлбақыт Айтқұлова ашып, жүргізді.
– Мұндай орталық еліміздің екі облысында ғана жұмыс жасауда. 2017 жылы Атырау облысында және бірнеше аудандарында және 2018 жылы Жамбыл облысында өз істерін бастаған. Ал, облыста үшінші болып біздің ауданнан азаматтық орталық ашылды. Бүгінгі таңда «Ақментей», «Жуалы қанағат» және «Жуалы әйелдері» ұзақ уақыт бойы тұрғындармен тығыз жұмыс жасап келе жатыр. Сонымен қатар, тағы басқа да үкіметтік емес ұйымдар ауқымды шаралар атқарып келеді. Осы орайда, барлық азаматтардың жұмысын біріктіру үшін «Жуалы Шапағат» ҚБ-ның төрайымы Роза Бердібаевамен бірлесіп, Талас және Байзақ аудандарына және облыс орталығынан кеңестер алып, орталықтың жұмысын заңды негізде бастадық. Енді алда осы жерде қандай мәселе болса да, бірге шешетін боламыз, – деді КүлбақытТұрымханқызы.
Шарада «Жуалы қанағат» ҚБ-нің төрайымы Ұлтуған Бекмұханова, «Мехрибан-Шаңырақ» этномәдени бірлестігінің төрайымы Эсмира Мамедова және «Жуалы жан жылуы» ҚБ төрағасы Марат Жамалбеков өз тәжірибелерімен және атқарған жұмыстарымен бөлісті. Олар мұндай орталықтың дер кезінде ашылып отырғанын және одан жан-жақты қолдау күтетінін айта келе, өзара тәжірибе алмасатын, заң тұрғысынан кеңестер беретін, біліктілікті арттыратын құрылым болатынына сенім білдірді. Алдағы атқаратын жұмыстар мен туындаған мәселелерді шешуде бірлесіп, қол ұшын созатындарын да баса айтты.
«Дөңгелек үстелге» тағы да басқа қатысушылар бір-бірлеріне сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіріп, ашық ой бөлісті. Марат Амангелдіұлы «ауданның үкіметтік емес ұйымдары көптеп жоба жасаса, грантты ауыл азаматтары ұтып алса» деген тілегін білдірді. Ал, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айсұлу Арынова: «Бұл орталық үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіру, жетекшілердің біліктігін арттыру, кеңес беру мақсатында ашылып отыр. Алдағы уақытта «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бірлесіп жұмыс жасайды деп ойлаймын. Аудан тұрғындарының игілігі үшін ауқымды жобалар жасалатынына сенім білдіремін» деп жиынға қатысушыларды орталықтың ашылуымен құттықтады.
Сонымен қатар, Күлбақыт Айтқұлова осы ретте орталықтың алдағы атқаратын жұмыс жоспарымен таныстырды. Ол көшпелі семинарлар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен айналысатын мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін семинар-тренингтер өткізетінін және ең ауқымды шара ҮЕҰ арасында «Ең үздік әлеуметтік жоба» байқауын ұйымдастыратынын айтты.
Басқосуда орталық басшысы үкімет емес ұйымдардың жетекшілерімен алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»