Basty bet

Олар азаматтық борышын орындады

Чернобыль апаты. Әлем тарихындағы осынау алапат апаттың зардабын оның салдарын жоюға қатысқан ардагерлер әлі күнге дейін тартып келеді.

Осыдан 35 жыл бұрын, яғни 1986 жылы 26 сәуірде Украинаның Чернобыль қаласындағы атом-электр стансасының төртінші блогы жарылды. Апаттың зардабын жою жолында жүз мыңдаған сарбаз Отан алдындағы азаматтық борыштарын атқарды. Алайда олар атом электр стансасы сепкен ажал уынан құтыла алмады. Апат зардабын жоюға нақты қанша қазақстандықтың қатысқаны әлі күнге белгісіз.
Тағы бір ескерерлік жағдай, олардың құрамында запастағы әскерилердің, азаматтық саладағы мамандар мен бірге әйелдер мен студенттердің де болғаны туралы дерек бар. Оған басқа ел аумағында әскери міндетін өтеген отандастарымызды қоссақ, апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын саны 40 мыңға жетуі мүмкін деген деректер бар.
Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Чернобыль атом электр стансасында болған жарылысқа 35 жыл толуына орай аталған апаттың салдарларын жоюға қатысқан ардагерлердің қатысуымен жиын ұйымдастырылды.
Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан жуалылық ардагерлерді аудан әкімі Олжас Қаржауов құттықтап, жалпы ардагерлер қауымының елді дамытып, өркендетуге, жас ұрпақтың тәрбиесіне қосып отырған үлестерін аса ықыласпен атап өтіп, олардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық тіледі. Сонымен қатар, ардагерлерді аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков те құттықтап, жылы лебізін білдіре келе, енді мұндай апаттың болмауына тілектестік білдірді.
Ардагерлердің арасынан «Чернобыль-Семей» ұйымының төрағасы Шынарбек Райысбеков, апат салдарын жоюға қатысқан ардагер Әзімхан Әмірсейітов сөйлеп, атом-электр стансасында болған апаттың салдарлары, оны жоюға атсалысқан ардагерлердің жай-күйі туралы әңгіме қозғап, аудан басшылығына алғыстарын жеткізді. Жиын соңында аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ардагерлердің бір тобына «Чернобыль апатына – 35 жыл!» мерекелік төсбелгілерді тапсырды.
Беттегі суреттерді түсірген
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close