Basty bet

Намысұлы

(Басы №81 санда)

Бұл сөзді естігенде, біздің ойымызға мынадай бір оқиға орала берді.
Ұлы Жеңістің 25 жылдығын тойлап жатқан күні Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков әдебиетшілердің Мәскеудегі Орталық үйіне келеді. Ол сахнаға көтерілгенде, залдағылар орындарынан тұрып: «Жеңістің авторы жасасын! Ура!» деп дауыстайды. Әлгі сөздерді естігенде, маршал тұнжыраған күйде тұрып қалған.
Содан соң микрофонға жақындайды да, бұйрық беріп тұрғандай қысқа да қатқыл үнмен: «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірден-бір авторы – барша кеңес халқы. Осыны мықтап есте ұстауларыңызды өтінемін», – дейді.
Маршал мен дивизия командирі. Олардың өздеріне берілген бағаға деген көз-қарастары… Қандай қарапайымдылық, қандай кішіпейілділік. Аға ұрпақ өкілдері бүгінгі жастарды өздерінің осы сөздерімен-ақ тәрбиелеп отырған жоқ па?
– Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында неміс армиясы Мәскеу түбінде масқара болып, оңбай жеңілді, – деді Баукең. – Бұл фашистік қарулы күштердің генералитетіне сұмдық зобалаң туғызды. Оны Гитлердің 1941 жылдың декабрінде Мәскеу бағытындағы шабуылға қатысқан 177 генералын шайқаста қабілетсіздік көрсетті деп айыптап, армиядан мүлде аластауынан, фельдмаршалдар – Бокк, Рунштедт, Лееб пен моторландырылған 2-ші танк армиясының қолбасшысы Гудерианды қызметтерінен жұлып тастауынан анық байқауға болатын. Ол ол ма, гитлерлік Германияның құрлықтағы әскерлерінің бас қолбасшысы фельдмаршал Браухич те өзінің қызмет орнынан осы кезде кеткен еді. «Генералдардың мұндай тамұқ отында өртенуі, – деп еске алды кейінірек ағылшынның әскери тарихшысы Фуллер,– сонау Марн түбіндегі шайқастан бері болып көрмеген жайт». Менің мұндағы айтпағым, астана іргесіндегі бұл жеңісіміз совет-герман майданында ұлы бетбұрыс болды, Батыстағы мемлекеттердің «жеңілмейтін армия» деген сандырағының күлі көкке ұшты, үшінші рейхтің генералитетіндегі әскери мамандарды психологиялық дағдарысқа ұшыратты. Біздің Қазақстанда жасақталған дивизияның осы ұлы шайқасқа қатысып, Отан тапсырмасын абыроймен орындауы – зор мақтаныш еді. Мен оны ойдан қосып отырғаным жоқ, бұл өзі Ұлы Отан соғысының тарихында солай деп бағаланып, солай деп айтылған. Тағы қандай сұрағың бар?
– Майдан даласында өзін-өзі құрбан ету, жанкештілік, ерлік, қорқақтық… Соғыста мұның бәрі де болды ғой. Осылар сіздің есіңізде қандай жағдайлар арқылы сақталып қалды.
– Отан үшін өлімге бас тігу, ерлік… Бұл жайлар Бектің, Момышұлының кітаптарында аз жазылды деп ойлайсың ба, жоқ әлде соларды қайтадан айт деп тұрсың ба? Ертеректе «Төлеген Тоқтаров» деген әңгіме жазғанмын… Білмегеніңді содан біл, содан жауап аласың. Ал қорқақтық деген сөзіңе келетін болсақ: «Соғыста мен қорықпадым», деген адам болса, маған жібер. Көрейін. Онда адамдар неге қорықпасын? Қорықты. Бірақ мұны өлімнен бас сауғалап қашу деп емес, мынадай мағынада, мынадай жағдайда түсінген жөн.
Соғыс басталған күннің кешінде Батыс майдандағы Әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Копец өзін-өзі атып өлтірді. Бұл не, қорқақтық па? Жоқ, ол кезінде халықтық Испанияға көмекке барған интернационалдық бригаданың нағыз жаужүрегі, франкошылардың тәубесін келтірген батыл ұшқыш болатын. Қызуқанды, албырт қолбасшы фашист авиациясының опасыздықпен баса-көктеп кірген шабуылынан алғашқы күннің ішінде жоғалтқан аэродромдарына, қапы қалған қаһарман ұландарының қазасына күйіп кетіп, соған шыдай алмай опат болды. Мұны қорқынышпен, қорқақтықпен шатастыруға болмайды, қарағым.
Ал нағыз қорқақтық деген не сонда? Соғыста оны да көруге, байқауға тура келді. Нағыз қорқақтық деген өлімнен қорқу емес, майдан алаңындағы сол сәтте, сол сағатта болып жатқан қиындықты, шындықты жасырмай айтудан тайсақтау, жауапкершілікті өзіне алмай, басқа біреуге аудару. Соғыста одан өткен қауіпті, одан өткен қатерлі нәрсе жоқ. Өйткені, мұндай қорқақтықтың арты біреудің қымбат өмірін қиюмен немесе көп құрбандыққа жол берумен аяқталатын.
Тегінде, адам баласы қызу ұрыс үстінде өлім туралы ойланбайды. Жау оғы батырға тие ме, сужүрек қорқаққа тап келе ме, оны ол таңдап та жатпайды. Бұл қатер көзге көрінбей, алды-артыңды орағытып жүреді деуге болады. От пен оқ ішіндегі арпалыста ол шіркіннен аман қалсам деп үміттенудің өзі – тым тайғанақ үміт. «Ең жақсысы – оны естен мүлдем шығарып жіберу», дейтінбіз біз жауынгерлерге.
– Отан солдаты Бауыржан Момышұлының өмірі, творчествосы – жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің тамаша үлгісі. Кейінгі жеткіншек ұрпақты еліміздің ерлік тарихымен терең таныстыра түсуде, ерлік дәстүріне тәрбиелеуде ардагер ағаның тағы қандай ойлары бар? Енді соны білсек…
– Біз өзі эпоспен ауызданып, сонымен өмір сүрген халықпыз, бала. Шыбындаған аттай шұлғи бермей, оны ана қалқаңқұлағыңа құйып ал. Ата-бабамыздың тарихындағы ерлік, батырлық қасиеттеріміз сол эпостан нәр алып, дамыған. Оның алтын арқауы, адал тәрбиесі кешегі Ұлы Отан соғысындағы қазақ жігіттерінің бойынан да үзілген жоқ. Біз кезінде соған қуанып, соны мақтаныш тұттық. Бүгінгі жас ұрпақ халқымыздың ер¬лік гимні – батырлар жырына сергек те сезімталдықпен қараса, оқыса екен деймін. Олай дейтінім, ерлік дәстүріне тәрбиелеудің табиғи әліппесі, міне, осында.
Жеткіншек ұрпақты еліміздің ерлік тарихына баулуда азамат соғысының отты жылдарындағы, Ұлы Отан соғысының сын сағатындағы жаппай ерліктер өзінше бір үлкен мектеп. Бұл бүгінгі жастар жадынан шығаратын нәрсе емес.
Халық батырымен арадағы әңгімені бұдан әрі соза берсек, ескерту естіп қалармыз деген оймен кетуге жинала бергенімізде, ол кісі оң қолымен ишарат жасап, орындыққа қайтадан отырғызды.
– Мен сендерге көп ұрсатыным бар, – деді ардагер аға жөткірініп қойып. – Оны орынсыз қыжырлыққа санамаңдар, қарақтарым. Бұл тиісуге қара таппағандықтан емес, халқымызда «Ата – балаға сыншы» деген дана сөз бар. Ұрыссам – бойларыңдағы мінді көріп қалып ұрсамын. Көрген кемшілікке көз жұмып қарау – қасиетімде жоқ нәрсе. Өмірде жалтақ болмаңдар, біреудің аузына қарап, соның айтқанына көніп, айдауына жүруді ізеттілік осы екен деп жаңсақ түсінбеңдер. Үлкеннің айтқанын екі етпеу, сөзге тоқтау – сыйластықтың, әдептіліктің әліппесі екені рас. Бірақ тек сонымен шектеліп қалушылық жас адамға пайда бермейді. Оған қосымша өзіңнің кісілігің, жол білер азаматтығың болуы керек. Әйтпесе біреудің айтқанына көніп, айдауымен жүру немесе «барып кел, шауып келдің» адамы ретіндегі қолбала болу жасқаншақтыққа, кіріптарлыққа ұшыратады. Сендер бейқұт, жақсы заманда уызға жарып туған ұрпақсыңдар. Сондықтан батыл болыңдар, жүректеріңде жігер, көздеріңде от ойнап тұрсын. Понятно, тебе!
– Түсіндім! – дедім қарт кісінің алдында барынша ширақ болуға тырысып.
– Олай болса, жөнел, бала. Мен шаршадым, демалайын. Осы бір сөзді айтып, Баукең сұқ саусағымен орныңнан тұр дегендей белгі берді. Қағаз, қарындашымды жинап жатып, қартқа қайыра көз салдым. Үй иесі қаққан қазықтай болып тіп-тік отыр екен. «Шаршағаны қайсы жарықтықтың, әлі ширақ қой» деген оймен есікке бет алдым.
* * *
Бұл әңгімені осымен аяқтауға болар еді. Бірақ, халқымыздың аяулы перзенті Баукеңнің өмірінің соңғы кездеріне қатысты төмендегі екі-үш мөлтек сәтті оқырмандарға хабардар етуді өзіміздің парызымыз әрі міндетіміз санадық. Соның біріншісі, 1981 жылғы 14 шілдедегі 8-ші гвардиялық дивизия құрылуының 40 жылдығы қарсаңындағы кездесуден кейін арада үш ай өткен соң, редакцияның тапсырмасымен ол кісіге тағы да телефон соғуыма тура келді. Баукеңнің «Известия» газетінің 1981 жылдың 24 қарашасындағы санында «Мәңгі өшпес ерлік» (ескерте кетелік, бұл оның орталық баспасөзде жарияланған соңғы дүниесі еді) атты мақаласы жарияланды да, сол дүниені жастар газетіне аударып басу үшін, автордың рұқсатын алуымыз қажет болды. Біздің бұл өтінішімізге ол кісі келісім бермеді.
– Керегі жоқ, – деді. Баукеңнің сондағы қарлығыңқы үні құлағымызда әлі шыңылдап тұр. – Әуре болып қайтесіңдер. Құдайға шүкір, бүгінгі елдің бәрі оқыған, сауатты. Оларға менің дүнием керек болып жатса, қажет деп тапса, сол шыққан газеттен тауып алсын. Аудармаңдар!
Арада арбаның дөңгелегіндей айналып ай өтті. Бұл астанамыз Алматының миллионыншы тұрғыны өмірге келген Жаңа жыл қарсаңы – 31 желтоқсан болатын. Қуанышты хабар! Одақтағы миллион тұрғыны бар қалалар қатарына 22-ші болып Алматы да қосылды. Ал: «Миллионыншы адам кім еді?» дейсіздер ғой. Ол – «Алмаатапромстрой» тресіне қарасты № 22 құрылыс-монтаж басқармасында балташы-бетоншы болып істейтін Дәулет Қадырсызов пен сол трестің сылақшысы Гүлназия Жақыпованың тұңғышы – Бауыржан есімді сәби болатын. Бауыржан! Алматының миллионыншы тұрғынына Бауыржан есімі қойылуының өзі қандай жарасымды. Мұнда жас сәби батырлығымен атағы жер жарған айбынды атасы Баукең есіміне лайық, еліне, халқына ардақты азамат болып өссін деген игі тілек, ізгі ниет жатқандай. Біз сол сәтте Ұлы Отан соғысынан кейін дүниеге келген сансыз Бауыржандардың ең кішісі туралы хабарды дереу Баукеңе жеткізіп, интервью алу үшін телефон құлағын бұрай бастадық. Ол бұл хабарды толқи отырып естіп білді де, бізді үйіне шақырды.
– Сәбиге қандай тілек тілер едіңіз? – дедік біз журналист Жарылқап Бейсенбаев екеуміз ол кісіге қосарлана сұрақ қойып. Сауалды асықпай тыңдап алған майдангер-жазушы темекісін будақтата сәл ойланып отырды да, былай деді:
– Біраз күндерден бері тұмауратып үйде жатыр едім. Бүгін қуанышты хабар естідім. Дүниеге қаламыздың миллионыншы тұрғыны болып бір сәби келіпті. Сәбидің атын Бауыржан қойыпты. Әрине, шүкір, Қазақстанда менен басқа да Бауыржандар аз емес. Солардың ішіндегі жасы үлкен жасамысы да, жолы үлкені де мен екенім белгілі. Менің жасым қазір жетпістен асып кетті.
Сәбидің дүниеге келгені қашанда қуаныш. Ата дәстүрі бойынша, бүгін өзім ақсақал ретінде қуанып отырмын. Мен әуелі сәбидің ата-анасына нәрестенің бауы берік болсын айтамын. Бауыржан есімді сәби дені сау болып өсіп, ер жетіп, өз қатарынан қалмай, болашақта туған Отанының ортан қолдай азаматтарының бірі болсын деп, ақ ниетпен ақ батамды беремін!
– Сәби Алматыда туды, – деді бұдан соң Баукең. – Менің өз басым баяғыда осы қаламызды кішкентай станица кезінде көргенмін. Бұл заманда ол өсіп, өркендеп кетті. Қазақстан сияқты үлкен республиканың атына лайық астана болып отыр. Оның экономикасының, мәдениетінің, ғылымының, білімінің дамуы да ерекше қарқынды. Мұнда жас ұрпақтың жақсы тәрбие алып өсуіне барлық жағдайлар жасалған. Мен өз тарихындағы елеулі оқиғалардың бірін атап өтіп отырған астанамызға алдағы уақытта өркендеп, даңқың асып өрлей берсін деп тілеймін!
«Әсірелеп, боямаңдар. Мен не айттым, соны қағазға түсіріп тасқа басыңдар», – деді атамыз өз сөзін аяқтай келе. Біз бұл тілекті орындайтынымызды айтып уәде бердік. Ертеңінде жастар газетінде батырдың ақ тілегі жарық көрді. Бұл – Баукеңнің төлтума баспасөзімізге берген соңғы сұхбаты еді.
Содан арада 5 ай, 10 күн өткен соң, 1982 жылғы 10 маусымда Баукең дүниеден қайтты. Сөйтіп, туған елдің тастүлегі – Намысұлының жүрегі мәңгілікке тоқтады…

Журналист-жазушы
Жанболат АУПБАЕВТЫҢ
«Рухы күштілер» кітабынан.
«Раритет» баспа компаниясы. Алматы қаласы, 2015 жыл

Таңдаулы материалдар

Close