Basty bet
Білім саласында сыбайластықты болдырмау жолдары талқыланды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дамеш Ускумбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетова және аудандағы білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Сонымен бірге бейне байланыс ZOOM арқылы балабақша меңгерушілері және мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен ҚР заңнамаларын және 2020 жылы жүргізілген бақылау шараларының қорытындысы бойынша ақпараттық-түсіндіру туралы.
Алғашқы сөз Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық ағарту штабының мүшесі Дамеш Ускумбаеваға берілді. Дамеш Ускумбаева ҚР “Білім туралы” Заңына енгізілген өзгерістермен таныстырды. Яғни, аталған заңдағы назар аударар маңызды тұстарының бүге-шігесіне дейін тоқталды. Атап айтқанда, “Аттестациялау қалай жүргізіледі?”, “Аттестациялауда заң талаптары сақталмаған жағдайда қандай шара қолданылады?”, “Кәсіптік білім беру мекемелерінде қолға алынған дуальді оқыту жүйесінің білім алушы үшін қандай тиімділігі бар?” дегендей маңызды тұстарын түсіндірді.
-Кәсіптік білім беру мекемелерінде дуальді оқыту жүйесі жүргізілуде. Бұл туралы сіздер мектеп оқушыларына дұрыс түсіндірулеріңіз керек. Дуальді оқыту жүйесі бойынша өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан білімгердің кәсіпорындағы өтілі жалпы еңбек өтіліне есептеледі. Сондықтан кәсіптік колледждегі дуальді оқыту жүйесінің тиімділігін мектеп бітіруші түлектерге дұрыс түсіндіріңіздер.
Ендігі мәселе – мемлекеттік аттестаттау. Аттестаттаудан қорқудың еш қажеті жоқ. Жұмыс істеп жүрген мұғалім, мектеп басшысы аттестаттаудан қорықпауы керек. Ол үшін үрейленбей, заң талаптарына сай мұқият дайындалуы қажет.
Аттестаттауда арнайы экспериментші топ құрылады. Топ келіп құжаттардың талапқа сай болуын тексеріп, тексеру барысында орын алған кемшіліктер туралы нұсқама жібереді. Кемшіліктердің түзелуіне уақыт беріледі. Егер белгілі уақыттан кейін қайта тексеріп барғанда кемшіліктер түзетілмесе, онда айыппұл салынады және іс сотқа жіберіледі. Өкінішке орай, қанша тексеріліп, түсіндіріліп жатса да әлі де заң бұзушылықтар орын алуда,- деді Дамеш Ускумбаева.
Ал сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Қуанышбайұлы ҚР “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңға енгізілген өзгерістер туралы түсіндірді. Оның ішінде білім беру саласында орын алып отырған сыбайлас жемқорлықтың көріністері және елімізде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы туралы айтты. Сонымен бірге облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, білім беру мекемелерінің басшыларын парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолында сапалы, әділ әрі ашық жұмыс істеуге шақырды.
-Елімізде жүргізілген сауалнаманың қорытындысы бойынша біздің облыс сыбайлас жемқорлық өршіп тұрған өңірлердің қатарына жатады.
Оның ішінде әсіресе, артқа тартып отырған салалар: денсаулық сақтау, білім, құқық қорғау саласы, төртінші кезекте жер қатынастары саласы. Білім саласында ҰБТ кезінде, жұмысқа орналасу кезінде, ЖОО сессия кезінде және мұғалімдерге сағат бөлу кезінде орын алауда.
Біздің мақсатымыз – бірден қылмыстық іс қозғау емес, оның себебін анықтап, диалог жасай отырып мәселені шешу. Яғни, бар маманмен жұмыс істеу арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, болдырмау. Халықтың көзқарасын өзгерту, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қасиетті қалыптастыру.
Мектеп қабырғасында оқушыларға тек өз еңбегімен, білімімен ғана жетістікке жете алатынын түсіндіріп, талап ету керек. ЖОО түлектер білімін дәлелдеу арқылы ғана түсуі қажет. Себебі, мемлекеттік гранттарда оқыған жастардың 30 проценті ғана жұмыс істеуде. Оның өзі кейбірі өз мамандығы бойынша емес.
Ұстаз деген – биік тұлға. Ұстаз мәртебесін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде көтеру – ол ұстаздың өзіне байланысты.
Мектеп жылына бір рет шығарған спортшы немесе өнерлі шәкіртімен 10 жыл мақтанбай, барлық баламен жұмыс істеуі қажет. Мектеп директорының іскерлігі, күш-жігері әр балаға жетуі керек. Яғни, әр баланың ерекше қабілетін дамыту, ата-анамен байланыс, мектеп бітірген түлектермен байланыс, түлектердің сабақтастығын қалыптастыру қажет.
Мектептерде құрылған “Адал ұрпақ” клубтарының жұмысын жандандыру керек. Балаларды көпшіліктің алдында сөйлеуге, ана тілінде өз ойын әдемі жеткізе білуге үйрету, білімге сену, өзіне деген сенімділік оның тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Біз сіздердің әрбір игі бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз.
“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидасы білім саласына да қатысты. Жұмысыңызда ашықтық, әділдік болған кезде ғана сіз өзгелерге талап қоя аласыз,- деді Равиль Қуанышбайұлы.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ернұр Маратұлы қорытындылады.
Жиын соңынан Дамеш Ускумбаева мен Равиль Төлебаев жиынға қатысушыларды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Перизат шымыртайқызы,
«Jańa ómir»