Basty bet
Карантин шаралары күшейтілді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 14 сәуірдегі №33-ПГВр Карантиндік шаралары күшейту туралы Қаулысына сәйкес 17 сәуірден бастап облыс аумағында карантин режімі қатайтылды. Себебі, елімізде, оның ішінде облысымызда коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың саны көбеюде.
Ең бірінші байлығымыз – адам, оның денсаулығы. Сондықтан дәл қазіргідей жағдайда азаматтарымызды аман сақтап қалу үшін шектеу шараларын күшейтуге тура келіп отыр. Бұл сынақтан неғұрлым барлығымыз біркісідей шектеу шараларын қатаң сақтасақ ғана ертерек шығатын боламыз.
Төтенше жағдай елімізде жарияланған күннен бастап ауданымызда да Жедел штаб құрылған болатын. Сонымен бірге, штаб жанынан Жедел әрекет ету орталығы құрылған. Орталық мүшелері жеті топқа бөлінген. Яғни, блок-бекеттердің, аудан штабтарының жұмысын үйлестіру тобы; медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігінің тобы; азық-түлік қауіпсіздігінің тобы; жеке тұлғалардың, көліктің және тауарлардың қозғалысын қадағалау тобы; әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастары тобы; аудан өмірін қамтамасыз ету тобы; тұрғындарды ақпараттандыру және БАҚ-пен өзара іс-қимылды ұйымдастыру тобы.
Аудандық Жедел штабтың төрағасы – аудан әкімі Нарбай Ергебеков. Ал, Жедел әрекет ету орталығының басшысы – аудан әкімінің орынбасары Жабағы Асхат Базарбайұлы. Жедел штаб және Жедел әрекет ету орталығына аудандағы барлық жауапты бөлім басшылары жұмылдырылған. Штаб уақытпен санаспай қызмет етуде.
Жедел әрекет ету орталығының жұмысы, яғни аудандағы карантиндік режімдегі жағдай туралы орталықтың басшысы Асхат Базарбайұлымен сұхбаттасқан едік.
-Асхат Базарбайұлы, сұхбатымызды Төтенше жағдайға байланысты аудан аумағына қойылған блок-бекеттер және олардың жұмысынан бастасақ.
-19 наурыздан бастап Шақпақ ауылдық округі аумағында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бойынан, яғни Түркістан облысымен шекаралық аймағына блок-бекеті қойылып, тәулік бойы жұмыс істеуде. Блок-бекеттің жұмысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жазылып та, айтылып та жатыр. Жақында блок-бекеті маңындағы жол ортасына орнатылған металл жол бөлініс белдеулері алынып, автокөліктердің кері бұрылып, шығып кетуі үшін жол кеңейтілді.
Облыс аумағында жағдайдың өршуіне байланысты Күйік – Теріс-Ащыбұлақ облыстық мәндегі автомобиль жолының үстіне, яғни Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының іргесіне жолды жабуға блок қойылып, жүруге тыйым салынғандығын көрсететін жол белгісі қойылды.
Сонымен бірге, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынан Нұрлыкент елді мекенінің тұсындағы автокөліктердің кері бұрылып кету мақсатында жасалған жолайрығы үстіне блок-бекеті орнатылды. Сондай-ақ, осы республикалық мәндегі автомобиль жолының Аманбаев бұрылысына жолды жабуға блок қойылып, жүруге тыйым салынған жол белгісі орнатылды.
Және де аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының төрт жеріне блок-бекеттер қойылды. Блок-бекеттерде полиция бөлімінің қызметкерлері мен елімізде Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты аудан бойынша арнайы қызметке шақырылған әскери міндеттілерден құрылған еріктілер тобының мүшелері қызмет көрсетуде.
– Блок-бекеттерден аудан шаруалары қалай өтуде?
-Шаруалар өзінің шаруа қожалық жетекшісі екендігін анықтайтын куәліктері арқылы өтеді. Шаруаларға, кәсіпкерлерге рұқсат қағаз беру аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы бірлесуі арқылы сарапталып, аудандық штабта келісіліп барып, базаға енгізу арқылы жүзеге асырылады. Осыған дейін шаруалар блок-бекеттерден рұқсат қағазбен өткен болатын. Ендігі жерде Мемлекетіміздің Бас санитарлық дәрігерінің 17.04.2020 жылғы №34-ПГВр Қаулысына орай шаруа қожалық жетекшісі екендігін анықтайтын куәлігі арқылы, ал жұмысшылары ШҚ жетекшісінің анықтамасы арқылы өтетін болды. Алайда, егер ШҚ жетекшісі 65 жастан асқан адам болса, оған рұқсат берілмейді.
Сонымен қатар, баса айта кететін мәселе – шаруа қожалықтар тек көктемгі дала жұмыстарына байланысты ғана блок-бекеттерден өте алады. Ал мал, құс тасымалдауға мүлдем рұқсат жоқ. Шаруалар осыны ескерулері қажет.
-Жалпы көліктер мен тауарлар қозғалысы қалай? Кәсіпкерлерге рұқсат қағазын беру қалай жүзеге асырылады?
-Бұл індеттен бізді темірдей тәртіп қана алып шығады. Сондықтан Жедел штаб мүшелері уақытпен санаспай жұмыс істеуде, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халықта шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырудамыз. Сондықтан көшеде бей-берекет жүруді тоқтату керек. Бұл әрбір отбасы, әрбір азаматтың денсаулығы үшін өте маңызды.
Алайда, халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамту маңызды мәселе. Сол себептен «Сергек» электронды базасына енгізілген, яғни блок-бекеттердегі тексеру алаңдарындағы арнайы планшеттерге енгізілген азаматтар ғана өте алады. Бұл мақсаттағы тізімнің өзі облыс бойынша қайта тазартылуда. «Сергек» базасында қалдырылатындар: азық-түлік тауарларын, медициналық бұйымдар мен препараттарын, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын, көктемгі егіс және ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұлғалар мен автокөлік құралдары ғана өткізілетін болады.
Рұқсат қағаздары бүгінгі таңда 20 сәуірге дейін азық-түлік тасымалдауға 37 көлік, шаруа қожалықтарының автобөлшек, селитра, тұқым алып келу мақсатында 67 көлік, жанар-жағармай тасымалдауға 8 көлік, 18 сәуір күні тағы 27 кәсіпкер, барлығы 139 көлікке рұқсат беріліп отыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының төрағасы Руслан Айтбаев белгілі бір уақыт аралығында блок-бекеттерге барып кәсіпкерлердің кедергісіз кіріп-шығуын бақылауда.
Жалпы, карантин режімін бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ауданда жергілікті полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілер жұмыла отырып, тұрғындардың жүріс-тұрыс мақсатын жіті тексеру жұмыстары жүргізілуде.
-Ауданда халық көп жиналатын орындар, оның ішінде «Халық банкі» мен «Қазпошта» АҚ аудандық торабының жұмыс режімі өзгертілді ме?
-«Халық банкі» мен «Қазпошта» байланыс торабы әзірге жұмыс істеуде. Халық банкі сақтық шараларын қатаң сақтай отырып қалыпты режімде жұмыс істесе, «Қазпошта» АҚ байланыс торабы жұмыс режімін сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін деп өзгертті. «Қазпошта» тіпті демалыссыз жұмыс істеуде. Алайда мекеме басшылары мен полиция қызметкерлері халықтың кезекке талапқа сай тұруын қатаң бақылап, ішке кірген тұрғындардан антисептикалық құралды пайдалануын талап етуде.
Әрине, бұл жұмыстың барлығы індеттің алдын алу үшін жасалып отыр. Сондықтан барша жуалылықтарды түсіністікпен қарап, тәртіпті, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын. Яғни, «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанып, сабыр сақтап, үйден шықпаңыздар.
-Әңгімеңізге рақмет! Індетті жеңіп шығуға халқымызға сабыр мен күш-қуат берсін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»