Basty bet

«МЕГА АРЗАН» ашылды

Пандемияның өршуіне байланысты енгізілген карантин режімінің той бизнесіне салқынын тигізгені белгілі. Аудан орталығындағы ең ірі көңіл көтеру орталығының бірі болып есептелетін «Қаракөз» тойханасы да бұл тығырықтан шығатын жол іздеп, екінші қабаттағы той рәсімдері өтетін тұтас залды «Мега арзан» деген атпен сауда орталығы етіп қайта ашты.

Баспалдақпен көтеріле салысымен сол қапталдан тұтынушының қол жүгін салатын жәшіктер қаз қатар қойылса, оң жағына есеп айырысу блогы орналасқан. Мұнда жаңа бесіктегі сәбиден еңкейген қартқа дейін киім-кешекті табуға әбден болады. Заттарды жинақы әрі қолайлы етіп орналастырып, ретімен қойған. Аяқ киім, күртешелер, үйге керекті тұрмыстық заттар мен техникалар тағы басқа да заттар бар.
«Мега арзанды» ерлі-зайыпты Айтжан Азтаев пен Салтанат Амангелдиева ашып, кәсібінің нәсібін көруде.
– Дүкенді жақында ғана аштық. Бұл екеуіміздің отбасылық жоспарымыздың бірі еді. Ақылдаса келе, ғимаратты жалға алып, кәсібімізді бастадық. Тауарлардың барлығын Алматы қаласынан әкелдік. Бағасына келетін болсақ, дүкендегі барлық бұйымдар Алматы қаласының бағасымен сатылып жатыр. Сауда залдарына ең бірінші сөрелерді орналастырып, әрқайсының орнын дайындадық. Тұрғындар іздеген заттарын тез табуы үшін барлығын ыңғайластырып қойдық. Тәуекелге бел буып, көптен күткен ойымыздағы «Арзан мегамыздың» салтанатты ашылуын да өткіздік.
Ашылу салтанатына қазіргі еліміздегі ахуалды ескеріп, көп адам жинамадық.
Сауда орнын ашудағы мақсатымыз – халыққа қолжетімді әрі тиімді бағаға сауда жасауға мүмкіндік жасау. Өзге дүкендердің ерекшелігі де бағаның арзандығында болып отыр.
Дүкеннің жұмыс уақытты демалыссыз таңғы сағат 09.30-дан кешкі 18.00-ге дейінгі аралықта. Мұнда төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Жұмысшыларға күнделікті 2000 теңгеден төлейміз.
Ғимаратта қаупсіздік үшін бейнебақылау орнатылған. Дүкенде тұрғындар еркін таңдауларын жасап, есептесу блогына келіп, төлем жасайды. Төлем қолма-қол және «kaspi.kz» қолданбасы арқылы жасалады.
Қазіргі таңда сақтық шараларын ұмытпағанды да жөн санаймыз. Келушілерге міндетті түрде медициналық бетперде киюлерін, антисептик қолдануларын айтамыз. Сонымен қатар, дүкенде де санитарлық талаптарды сақтау үшін қорғаныс құралдары бар.
Сауда жасаушы жандардың қатарынан ой-пікірлерін айтып, жақсы лебізін білдірушілер де табылады. Барлығы өзге жерлерден бағасы жүйелі екенін айтып, тілектерін білдіруде, – дейді Салтанат Амангелдиева.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close