Basty bet

15 ауылға ауызсу, жеті елді мекенге газ тартылады

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудандарға жұмыс сапарын жалғастыруда. 22 мамыр жұма күні облыс басшысы Жуалы ауданына барып, ауызсу, көгілдір отынмен қамту, мектеп құрылыстары мен жөндеу жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты. Ауданда түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша 38 жобаны жүзеге асыруға 4,6 миллиард теңге бөлінген.

Қарасаз ауылдық округінің Ақбастау ауылында 136 аулада 720 адам тұрады. Бердібек Сапарбаев 1993 жылы бой көтерген, бүгінде 187 бала білім алып жатқан ауыл мектебіне атбасын бұрып, кабинеттер мен спорт және акт залдарын аралады. Ол мектеп басшылығының назарын оқу ордасының ішкі безендіру, балаларға қолайлы жағдай жасау қажеттілігіне аударды.
Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Құны 178 млн теңгені құрайтын жобаны «Байсын-А» ЖШС жүзеге асыруда. Су құбырының ұзындығы 14 шақырымды құрайды.
Осындай жоба Жұрымбай ауылында да қолға алынған. Сумен жабдықтау құрылысының нәтижесінде 400-ге жуық ауыл тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізбек.
Жалпы аудан бойынша биыл барлығы 15 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек, биыл аудандағы жеті ауылдық елді мекен газдандырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды мердігер ұйым «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жүзеге асыруы көзделген. Осы тұрғыда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге қарастырылған.
Өңір басшысы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылындағы жұмыстардың барысымен де танысты. Сондай-ақ, аудандағы Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Кәріқорған, Қоңыртөбе және Күреңбел ауылдарына да көгілдір отын тартылатын болады. Нәтижесінде аймақтағы тұрғындарды газбен қамту деңгейі 75,5 пайызға, сумен қамту 71,5 пайызға жетпек.
Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы №21 орта мектеп 80 оқушыға шақталған десек, бүгінде мұнда 136 бала білім алуда. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін мұнда екі қабатты қосымша кеңейту құрылыс жұмыстары басталған. Ол бойынша спорт залы мен алты оқу кабинеті қосылмақ. Жоба құны – 162 миллион теңге.
Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Нарбай Ергебековке ескі мектеп ғимаратының қасбетін және оған жақын орналасқан ауыл клубын ретке келтіруді тапсырды.
Күреңбел ауылындағы №10 орта мектеп 1985 жылы салынған. Мұнда 300-ден астам оқушы оқиды. Нысанның шатырын жөндеуге биыл жергілікті бюджеттен 14 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дейін мектеп жылы дәретханамен жабдықталмақ.
«Биыл және келесі жылы біз осындай қажеттілігі бар барлық мектептердегі ескі парталар мен тақталарды жаңартуды жоспарлап отырмыз. Басты міндетіміз – балаларға сапалы білім беру, соған сәйкес қолайлы жағдай жасау. Бұл еліміздің болашақ дамуының негізі», – деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ, облыс әкімі аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Биыл мұнда жалпы ұзындығы 11,2 шақырым болатын 10 көше жөндеуден өтеді. Оған 219 миллион теңге бөлінген.
Бердібек Сапарбаев аудан әкіміне барлық жұмыстардың тиімді әрі кешенді түрде жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Асфальт төсеу барысында жол жұмыстарының сапасын бақылау үшін қоғам өкілдерін, депутаттар мен белсенді тұрғындарды тарту қажет. Тиісті бақылау болмаса, ақша желге ұшады», – деді ол.
Сондай-ақ, аймақ басшысы 1200 бас сиырға арналған сүт-тауарлы фермасын салып жатқан «Гамбург» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Шаруашылық жетекшісі Егор Кохтың айтуынша, ферма ең озық автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталатын болады. Ол екі операторға 4 сағат ішінде 1000 бас сиырға дейін саууға мүмкіндік береді.
Жалпы, бүгінгі таңда серіктестіктің 1,8 мың бас ірі қарасы бар. Кәсіпорынның жемшөпке қажеттілігін қамтамасыз ететін өзіндік жем базасы да құрылған. Жоба құны – 1,8 миллиард теңге. Алайда, кәсіпкер ферма құрылысын аяқтау жолында туындап отырған қаржы тапшылық мәселесін алға тартты.
Аймақ басшысы аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай өндірістерді құрудың маңыздылығын тілге тиек етіп, ондай жобаларды жүзеге асыруға барлық қажетті қолдаулар көрсетілетін жеткізді.
Жұмыс сапарының соңында Бердібек Сапарбаев Нұрлыкент ауылында болып, құны 88 млн теңгені құрайтын 90 орындық Мәдениет үйінің құрылыс жобасымен, нысан салынатын орынмен танысты.
«Ауылда 3200 тұрғын тұрады. Ал бар-жоғы 90 орындық Мәдениет үйін салу жоспарлануда. Меніңше, бұл жеткіліксіз. Болашақта кемінде 200 орынға дейін кеңейту керек болады. Неліктен типтік жобаны пайдаланбасқа? Бұл жобаның құнын едәуір азайтуға және кеңірек нысан салуға мүмкіндік береді. Құрылыс жобасын қайта қараңыздар. Мемлекет қаражатын мүмкіндігінше ұтымды ұқсату керек», – деді аймақ басшысы

Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close