Basty bet
Аналар алқасы құрылды
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мәжілісі өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев, облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы төрайымының орынбасары Нұргүл Оспанбекова, қоғамдық құрылымның хатшысы Хадиша Оспанова, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары мен белсенді мүшелері қатысты.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының ережесін бекіту. Екенші мәселе – «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымының мүшелерін бекіту.
Бірінші мәселе бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы «Аналар алқасы» қоғамдық құрылымы төрайымының орынбасары Нұргүл Оспанбекова «Аналар алқасының» мақсаты мен міндеттерімен таныстырды.
– Үстіміздегі жылы «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде бір белсенді ана өзінің ауылында «Аналар алқасы» құрылып, нәтижелі жұмыс істеп, яғни қоғамда орын алып жатқан көптеген келеңсіз жағдайлар осы қоғамдық құрылымның араласуымен шешімін тауып жатқандығын айтқан болатын. Осыдан кейін осы «Аналар алқасының» тәжірибесін еліміздің барлық аймағына тарату мақсатында жер-жерде қоғамдық құрылымдар құрыла бастады. Соның бірі – біздің облыста да құрылды.
Қоғамдық құрылымның мақсаты – аудандық ардагерлер кеңесінің отбасы институтын нығайту, ата-аналармен балалардың қарым-қатынасын жақсартуға ықпал ету, балалар арасындағы, әсіресе қыздар мен әйелдер арасындағы құқық бұзушылықты төмендету мәселелері бойынша мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға атсалысу болып табылады.
Негізгі міндеттері –отбасы дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттау мен дамыту, отбасы мәртебесін көтеру және бала тәрбиесіндегі үздік тәжірибелерді тарту, отбасындағы рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие берудің барысына, балалардың ата-аналарымен немесе ата-аналардың балаларымен арақатынасына байланысты проблемалық мәселелерді зерделеу, тағы да басқа мәселелер,-дей келе, Нұргүл Оспанбекова сондай-ақ ажырасу, қыз тәрбиесі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелеріне араласу керектігін айтты.
Екінші мәселе бойынша Естемес Аманбекұлы аудандық «Аналар алқасына» мүшелікке лайық деген аналардың тізімін ұсынды. Яғни 7 адамнан тұратын «Аналар алқасының» мүшелері тізім бойынша бірауыздан сайланды. «Аналар алқасының» төрайымы болып жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Күлбақыт Айтқұлова сайланды. Сонымен бірге ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымының жанынан «Аналар алқасын» құру бастауыш ардагер ұйымының төрағаларына жүктелді.
Алдағы уақытта қоғамдық құрылымның жоспары жасалып, аптасына бір күн әртүрлі мәселелермен аналарды қабылдайтын болады.
Жиын соңынан «Аналар алқасының» мүшелері облыстық қоғамдық құрылымның мүшелерімен бірлесіп, болашақ жоспарларын ақылдасты.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»