Basty bet

Сәт сайын басын қатерге тіккен

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, елімізде, оның ішінде біздің ауданымызда өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін нығайуға белсене атсалысып жүрген жастар жетерлік. Осындай қоғамға пайдалы ісімен, елге үлгі боларлық тірлігімен, көркем мінезімен ерекшеленетін, дараланатын жастар туралы аудандық «Jańa ómir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінде «Талаптың мініп тұлпарын» атты жаңа айдарында жазылатын болады. Өңір жастарының тыныс-тіршілігі, іс бастаған кәсіпкерлер мен әр саладағы үздік жастар туралы тілшілер қауымы қалам тартады. Ендеше, бүгінгі жаңа айдарымыздың кейіпкері – аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Бақтияр Мағыртай болмақ.

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары да жоғары болуы керек. Өрт сөндірушілер сәт сайын өз өмірлерін тәуекел етеді, өзіне қауіп төндіреді. Құтқарушы мамандығында қызмет атқаратын қызметкер міндетті түрде ер жүректі, төзімді, физикалық тұрғыдан дайын, сонымен қатар теориялық білімі мен өртпен күресуде практикалық дағдысы болуы керек. Міне, осындай уақытпен санаспайтын мамандық иегері атану – Бақтиярдың да таңдауы.
Адамның адамшылығы оның қарапайымдылығы мен кішіпейілділігінде. Бақтияр да кез келген мекемеге кіріп келгенде, өзінің жарқын мінезімен айналасын баурап алады. Кішіпейілділігімен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – оның адами қасиеттерінің бірі. Мұндай қасиеттерге ие болу оның отбасынан алған жақсы тәлім-тәрбиесінен болса керек.
Аудандық төтенше жағдайлар бөліміндегі жауапты мамандардың бірі саналатын өрт сөндіруші болуды ол бала күнінен армандаған. Талапшыл жас бала күнінен қазіргі әріптесі, аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы Кеңесбек Әбдіраимовқа қарап бой түзеген. Ес білгелі осы кісідей болсам деген алдына мақсат қойған. Мақсаты Бақтиярды Ақмола облысындағы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық университетіне түсуге жетелейді.
Алғаш еңбек жолын туған жеріне келіп бастап, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері қызметін жауапкершілікпен мойнына алады. Қызметке кіріскеніне аз уақыт болса да біршама тәжірибе жинап үлгереді. Мемлекет үшін адам өмірінің қымбаттығын ескеріп, түрлі төтенше жағдай оқиғаларының алдын алу үшін өңір тұрғындарымен түсіндірме, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді. Жаздың күндері аптап ыстықтарда қызыл жалынмен арпалысса, Жуалының қатал қысында қар құрсауында қалған жандарды құтқаруға атсалысады. Мұндай кездері ер жігіттерге табандылық, нағыз ержүректілік қасиеттер тән болуы шарт. Бұл ойымызды да жас маман бірауыздан қолдайды. «Боранды күндері ешкім зардап шекпей, түтеген ақ бораннан аман-есен оралсақ деген ойда боламыз» дейді ол.
– Апат айтып келмейді. Техногендік және табиғи апаттардың зардаптарын жою және дер кезінде көмекке жету төтенше жағдай бөліміндегі тепсе темір үзетін жігіттердің қызметтік міндеттері. Өрт болсын, өзге төтенше оқиғалар болсын, мезгіл талғамайды. Кез келген уақытта дайын болуың керек. Жауапкершілік жүгін сезіне жүріп, көмекке жетіп, адамдарды апаттан құтқарып, көмектесуіміз тиіс. Өзіңе-өзің сенімді болып, қол қусырып қарап отырмай, көмекке жүректілікпен жетуіміз мамандығымыздың жауапкершілігін сезінуде жатады. Әрине, төтенше жағдайдың болмағанын қалаймыз. Дегенмен де тосыннан, кейде адамдардың қолынан жасалған келеңсіз оқиғалардың басы-қасынан табылуға тура келеді.
Ең бірінші орынға зардап шеккен адамдардың өмірін қоямыз. Мұндай оқиғаларда аяқ астынан адам өмірін құтқару сәтінде оқыс жағдайға ұшырап қалуымыз мүмкін. Бірақ, біздің оны ойлауға уақытымыз жоқ. Менің мақсатым мен жоспарым да осы туған жерімді дамытуға, көркейтуге үлесімді қосу, төтенше оқиғалар болмауына атсалысумен байланысты.
Әрбір азамат өзінің туған жеріне пайдасын тигізе білуі керек. Елім деп еміренбесең, жұртым деп жұмылмасаң, өзіңнің азаматтығыңа сын. Мен оны батыр Бауыржан Момышұлы туралы жазылған кітаптардан оқи отырып, ойыма түйдім. Жерлесіміз, даңқты қолбасшы туралы жазылған Александр Бектің «Арпалыс» кітабын оқудамын. Адамды батырлыққа, табандылыққа шыңдайтын, патриоттық сезімімді арттыратын, рухани азық алатын дүние. Сонымен қатар, қазақтың бас ақыны, дара ақын Абай Құнанбайұлының да даналығы мен өсиет сөздерін ойыма түйіп жүремін.
Қазақтың ханы Абылай хан «білекке сенген заманда ешкімге жерімізді бермедік, келешекте білімге сенетін заманда ешкімге есе жіберіп алмаңдар» деп қазіргі заманның жастарына біліммен сынасатынын өсиет етіп кеткен. Сол себепті де жастар қауымы білімділігімен, ақылдылығымен, шынайы патриотизмімен жас өскелең ұрпаққа үлгі бола білуіміз керек. Біз аға буын өкілдеріне қарап бой түзесек, артымыздан ерген ұрпақ та бізге қарап өседі, – дейді өрт сөндіруші Бақтияр Мағыртай.
«Мен өз мамандығымды сүйемін» деген Бақтияр әдебиетке бала күнінен ден қойған. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, әкесінің тарихи кітаптарды оқығанын көріп өскен ол да кітап оқуды әдетке айналдырған. Бос уақытында әкесімен бірге түрлі жанрдағы шығармаларды оқыды. «Кітап – таптырмас рухани азық. Жас кезіңде алған білімің тасқа қашап жазғандай» деп даналар айтқандай, кітаптан оқығаның саған өмірбақи азық болады. Қазіргі заман алға талпынып, ізденіп, жан-жақтылықты қажет ететін уақыт. «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» демекші, алға қойған мақсатыңа жету үшін тәуекелге бел буып, алға ұмытылу керек» деген Бақтияр жас маман ізденімпаз болуы керектігін айтады.
Тәуліктің кез келген мезгілінде, тіпті аптап ыстық пен қақаған аязда отқа да, суға да түсетін өрт сөндіруші үшін жауапкершілікті арқалаған соң құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады. Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Жас маман Бақтияр өзгенің өмірі үшін арпалыса жүріп, отбасының да жауапкершілігін мойнына алған. Ата-ананың үмітін ақтай отырып, артынан ерген қарлығаштай қарындастарыа қамқорлық танытуды парызы санайды. Өмірлік жары Шұғыла екеуі жанұядағы береке мен бірлікті кіргізіп, ата-аналарының амандығы мен бауырдың бүтіндігін тілейді. “Қызметте де, жанұяда да бір мақсат – абыройлы азамат болу” дейді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close