Basty bet
Балабақшада карантин талаптары қатаң сақталуда
Төрткүл дүниені шарпыған аты жаман індет адамдардың өмір сүру дағдысын түбегейлі өзгертті. Әсіресе, балабақшадағы жай-күй бұрынғыдан өзгерген. Балалар да денсаулықты күтуді түсініп, сақтану шараларын күнделікті қолдану керектігін үйренген. Іші балалардың күлкісі мен у-шуына ұласып жататын балабақшалар елімізде енгізілген төтенше жағдай режімі кезінде жұмыстарын тоқтатты. Біршама уақыт ғимарат бос қалып, айналадағы қарбалас тоқтағандай күйде болды. Ата-аналар үшін балаларының жанында болып, олардың тәрбиесіне аса көңіл бөлуге мүмкіндік туды. Барлығы да уақыт еншісінде қалған қиын күндерді еңсеріп, мектепке дейінгі ұйымдарға балалар санитарлық талаптарды сақтай отырып қайта оралды. Бүлдіршіндермен кездескен тәрбиешілер сағыныштарын басып, жұмыстарына кірісті.
Аудан орталығындағы мектепке дейінгі ұйымдардың бірі №5 «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында кезекші топтар ашылып, әр топқа 15 баладан қабылданған. 145 орынға арналған балабақшада қазіргі таңда алты, яғни «Аққайың», «Болашақ», «Бәйтерек», «Балдәурен», «Балауса» топтарында 90 бүлдіршін тәрбиеленуде. Жалпы 46 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 20-сы педагог болса, 26-сы кіші персонал қызметкері.
Мекемеде үш тіркеу журналы ашылған. Екі дана дене қызуын өлшегіш құрал алынған. Ата-аналар ішке кірізілмейді. Балалар есік алдынан қабылданып, ішке дене қызуын өлшеген соң топтарына жіберіледі. Мұнда дене қызуы көтерілген бүлдіршін анықталған жағдайда бірден сүзгі бөлмесіне кіргізу қолға алынған. Балабақшадағы мұндай жұмыстарды медбикелер Жанат Қашкеева мен Рано Сұлтанова жүргізеді.
-Бір сәтке балалардан жырақтап, жұмысымыз тоқтап қалған болатын. Ол бізге де, ата-ана мен балаға да оңай соқпады. Күнделікті жұмысымызға үйреніп қалғандықтан, шыны керек, балаларды сағындық. Әр топтағы әр баланың орны бөлек. Еліміздегі төтенше жағдай алынып, карантин режімі сақталып, біз соған орай санитариялық талаптарға сай жұмысымызды бастауға дайындық жасадық. Ең біріншіден, мұндағы тазалық мәселесіне мән берілді. Балалардың бір-біріне жақын араласпауы, арақашықтықты сақтауы үшін біршама жұмыстар атқарылды. Мекеменің барлық топ бөлмелеріне антисептик қойылып, дезинфекциялық кілемшелер алынды.
Ұйқы бөлімшесіндегі төсектер, ойын бөлмесі мен залдағы орындықтар арақашықтықтың сақталуы бойынша қойылды. Балалардың қолданатын мата сүлгілері жиналып, орнына қағаз майлықтар қолданылуда. Кейбір ойыншықтар балаларға бермеу үшін жинастырып қойылды. Алайда біздің балабақшада күніне екі рет кварцтау жұмыстары жүргізіледі. Барлық бөлменің ауасы тазартылуы үшін балалардың уақтысына қарай кварцтап, желдету схемасы бойынша жұмыс жасалады.
Ата-аналардың өтініштері бойынша әр топта балалар жиналды. Ата-аналармен де түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Талап пен тәртіп – баршамызға ортақ. Сондықтан ата-аналарымыз барынша түсіністік танытып, бірлесіп жұмыс істеудеміз. Жалпы санитариялық талаптарды сақтауды ата-аналар да балаларда үйренген. Алғашында балалар қызуын өлшегенде қорқып, жылап, біраз әбігерге түскен болтынбыз. Кейіннен балалар ішке қызуын өлшемей кірмейтін әдет шығарды. Яғни, бала да бұл үрдіске үйреніп, тәртіпке бағынуды меңгерді. Медбикені күтіп, кезекпен топтарына барады. Тіпті, топтарында қолдарын жууды жақсы үйреніп алған. Сабынмен қолын жуған соң, антисептикті қолдануды әдетке айналдырған. Балалар «қолымызды антисептикпен жуамыз» деп тұрады. Бұл жұмыстарды тәрбиешілердің өзі күнделікті жұмыс процесіне енгізген. Ойын болса, сабақ өту процесі болсын, балаларға міндетті түрде тазалық сақтау туралы айтылады. Қызметкерлердің де денсаулығын бақылап, санитариялық талаптарды сақтауын жіті қадағалаймыз. Себебі, балалармен араласып, жұмыс жасайтын солар.
Балаларын сеніп тапсырған ата-аналардың үміті мен сенімін ақтау міндетіміз. Олардың бір күндік уақытын жүйелі әрі тиімді етіп өткізуіміз керек. Балабақшаға келген баланың уақытын тәрбиешілер пен педагогтар ұйымдастырып, олардың таңғы жаттығу, ас ішу, оқу қызметі, серуендеуін, өзге де дамытушылық жұмыстарын атқарады. Осы мақсатта тәрбиешілер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасымен жұмыс істеп, бірнеше авторлық әдістемелік көмекші құралдар шығарды. Яғни, сюжеттік-рөлдік ойындар, серуеннің бала өміріндегі орны, ұлттық ойындар тақырыптарында авторлық кітаптар жарық көрді. Сонымен қатар, балаларды «Ақылды бала», «Үркер» конкурстарына қатыстырып, олар марапаттарға ие болуда, – дейді №5 «Балдырған» балабақша-бөбекжайының меңгерушісі Сәуле Даниярова.
Бар жақсыны балаларға арнайтын халықпыз. Баланы болашағымызға балап, ертеңгі күнінің жақсы болғанын қалаймыз. Дәл осындай қиын кезеңдерде ата-ана баласының денсаулығы мен амандығына алаңдаулы. Дегенмен олардың тәрбиесі мен дамуына үлес қосатын балабақшаларда санитарлық талаптар қатаң сақталуда.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»