Basty bet
Менингит: белгілері мен алдын алу
Менингит – бұл адам денсаулығы үшін қауіпті ауру, онда жұлын мен мидың қабынуы пайда болады. Ол тұмаудан толық жазылмаған жағдайда, денеге түскен жарақаттан, кейде тазалық сақталмаған жерде, көп адам жүретін жерде пайда болады.
Қоздырғыш көзі тек адам ғана болып табылады. Инфекция қоздырғышы – ауа тамшылары арқылы беріледі. Жұқтыру жөтелу, түшкіру, сөйлеу, сүйісу арқылы болады. Менингококкты инфекцияның негізгі көздері ауыратын адамдар, бірақ көбінесе таратушылар (дені сау адамдардың мұрын-жұтқыншағында да бактериялар болуы мүмкін) аурудың клиникалық сипатын айқындайтын бір науқасқа 1800-2000 менингококк таратушыларының сәйкес келуіне байланысты. Менингиттiң жұқпалы түрiне шалдыққан адамнан ауру жан-жаққа тез таралады.
Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Сонымен бірге менингит адамның жүйке жүйесiне қатты әсер етiп, нәтижесiнде бұл ауруға шалдыққандардың 20%-ы өз өмiрiмен қоштасады. Менингококк инфекциясының дамуы тұмауға өте ұқсас: екі аурумен де ауыратын науқастарда дене қызуы көтеріледі, бас ауырады, құсады. Бастапқы кезеңдерде бұл ауруды қарапайым уланумен де шатастыруға болады, бірақ бір нәрсені ескеру қажет: улану кезінде құсу жеңілдетеді, ал менингит кезінде науқас өзін жақсы сезінбейді
Вирустық менингит бактериалдықтан жиі кездеседі және жеңіл өтеді. Әдетте, ол жаздың соңында және күздің басында кездеседі. Көбінесе, балалар және 30 жасқа дейінгі ересектер шалдығады.
Бактериалдық менингит – шұғыл медициналық жәрдемді қажет ететін ауру. Бұл жағдайда науқасты дереу ауруханаға жатқызу қажет.
Аурудың симптомдары тез дамуы мүмкін. Олар:
-Қызба және қалтырау;
-Психикалық жағдайдың өзгеруі;
-Жүрек айнуы және жеңілдік әкелмейтін құсу;
-Жарыққа сезімталдық;
-Қатты бас ауыруы;
дыбыстарға төзбеушілік
-Бұлшық еттің сіресуі;
-Басы мен мойны артқа шалқайған;
Сонымен қатар, бастапқыда бұлшықет ригидтілігі жеңіл ыңғайсыздықпен және бас пен арқадағы бұлшықеттердің аздап қаттылығымен сипатталады. Уақыт өте келе кернеу күшейіп, жоғарғы және төменгі аяқтың бұлшықеттеріне таралады. Қолдар мен аяқтардағы ауырсыну спазмы пайда болады.
Егер де сіз жоғарыда аталған белгілерді байқасаңыз, шұғыл түрде дәрігерге баруыңыз керек.
Менингиттің алдын алу үшін:
• қажет болмаса, адамдар көп жиналатын жерлерге, сауда-ойын-сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға баруды шектеу. Бетперде тағып жүру;
• суықтамау және ауа-райына қарай киіну керек;
• жеке бас гигиенасын сақтау. Дәретханадан соң, жануарларды ұстағаннан кейін, әсіресе тамақ ішу алдында мұқиятты түрде қолды сабындап жуу керек;
• тұрып қалған су объектілерінде көлдер, су қоймалары және басқа да орындарда шомылмау қажет. Мұндай орындарда міндетті түрде бактериялар болады;
• иммунитетті күшейту. Дәрумендер қабылдап, таза ауада серуендеу;
Сондай-ақ, ауруды емдегеннен, әрқашан алдын алған жеңіл екендігін есте сақтау қажет!
А.Ахметова,
Жуалы АОА-ның бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары
Е.Амирова,
эпидемиолог дәрігер