Basty bet

Былғары қолғап шеберлері намысты қолдан бермеуде

Тұрар Рысқұлов ауданында 17-21ақпан күндері аралығында Жамбыл облысының 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасында бокстан чемпионат өтті.
Чемпионатта Жуалы ауданының үш былғары қолғап шебері жеңімпаз атанды. 40 келі салмақтағы Әділбек Абдумәлік, 44 келі салмақтағы Әшірбай Бейбарыс, 58 келі салмақтағы Бағдәулет Қонысбай жүлдегер атанса, 34 келі салмақтағы Тасжан Алдияр, 52 келі салмақтағы Абдулла Ағарыс жеңімпаз болды. Алдағы уақытта олар Қазақстан Республикасының аймақтық чемпионатында Жамбыл облысының құрама командасының атынан қатысатын болады.
Спортшыларды Нүркен Рахманқұл, Ғабиден Елшібай, Нұрхат Белгібай уақтылы жаттықтырып, балалардың жеңіске жетуіне атсалысты.
-Осындай жас балғындар келешекте ел намысын Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, кәсіпқой боксшы Сағадат Рахманқұл, Қазақстанның чемпионы, әлемнің күміс жүлдегері, жастар арасындағы ең мықты боксшы, Токио олимпиадасы лицензиясының иегері Әбілхан Аманқұл ағалары секілді үлкен жарыстарда қорғап, ел дамуына өз үлестерін қосатынына сенім білдіреміз. Біз балалардың спортқа деген қызығушылығына тәнтіміз. Олардың жеңісі біздің еңбегіміздің ақталғанын, еш кетпегенін білдіреді. Алдағы уақытта да осындай жастармен жүйелі жұмысымызды жалғастырып, шәкірттерімізді жеңіске жетелей беретін боламыз, – дейді №16 бокс мектебінің жаттықтырушысы Мейманғали Қалданов.

Таңдаулы материалдар

Close