Basty bet

Азық-түлік бағасын назарда ұстау қажет

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, елдегі пандемиялық ахуалға байланысты ма, әлде нарықтың заңы солай ма, әйтеуір тауар бағасының біресе аспандап біресе төмендеп, сан құбылып тұрғаны жасырын емес.

Бірі жан бағып, бірі қарманып, енді бірі жалданып жүрген базар іші. Дуылдап тұрған базар ішінде жүрген жұрт әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерлерден сауда жасағысы келетіні ақиқат.
«Арыстан алыстан ақырса, аттың аяғы шалынады» дегендей, зейнетақы өсіп, жалақы көбейеді деген ақпар тараса болды, нарық та құн құбылып шыға келеді. Сонымен қатар, базар бағасы маусымдық кезеңге байланысты да өзгеріп отырады. Ал кейбір тауарлардың бағасы қанша болатыны саудагердің өз еркінде. Кей саудагер келушінің көңілінен шығу үшін 5-10 теңге түсірсе, базбіреулер жаңалықты қалт жібермей, өнімін лезде қымбаттатып жібереді. Ал, кәсіпкерлер бағаның қыбаттауын тауарды шығаратын компаниялардан көруде. Осы ретте орталық базардағы баға нарығын сараптап көрген едік.
Алдымен «Табиғат байлығы» сауда орталығына атбасын бұрып, қой етінің келісі 2400 теңге, сиыр еті – 2000, жылқы еті – 2500-2600 теңге тұратынын білдік. Сонымен қатар, «Оңласын» дүкенінінде де ет бағасы дәл осындай. «Алтын ұн» сауда кешенінде 50 келілік ұнның бағасы – 7500, 25 келі құмшекер – 7400, күріштің келісі 250 теңгені құраса, сұйық май – 700-750 теңгеден, ас тұзының бір келісі 45 теңгеден сатылуда. Жеке кәсіпкерліктің басшысы Оңласын Бүтінбаев нарық бағасы күнделікті құбылып тұратынын және бұл ең алдымен азық-түлік өндіретін зауыттар мен өндіруші компаниялардағы жағдайға байланысты екенін алға тартады. Бірақ, кәсіпкер халық тұтынатын тауардың бағасын аспандатпай арзан бағада сатуға тырысатынын жеткізді.
«Жуалы – жер жаннаты» сауда орталығында қызанақтың бағасы – 150-200 теңге болса, қияр – 200 теңгеден сатылып жатыр. Саудагерлердің айтуынша, қызанақ, қияр Түркістан облысы Жетісай, Сарағаш аудандарынан келеді. Жеке кәсіпкер Л.Оздамировтың жеміс-жидек сататын дүкенінде картоптың бағасы – 100-150, пияз – 100, қырыққабат 100, жергілікті қияр бағасы – 150 теңгеден сатылуда.
Сонымен қатар, «Универсам» сауда кешенінің алдында орналасқан «Әлеуметтік нан» сататын дүңгіршекте бөлке нанның бағасы – 75 теңгеден.
Бүгінде Б.Момышұлы ауылы Жамбыл көшесінің бойында орналасқан «AQ-SAYI» маркетінің ашылғанына үш айға жуық уақыт болды. Қазіргі таңда бұл дүкеннің де бағасы тұрақты деуге болады. Аталған маркеттің иесі Қуаныш Мешеловтың сөзіне сүйенсек, жеке кәсіпкер барынша халық тұтынатын тауарлардың бағасын көтермей, орташа бағада ұстап тұруға тырысатынын айтады. Мұнда көкөністер Тараз қаласындағы «Ауыл береке» базарынанан жеткізілетін көрінеді. Бұл маркетте картоп – 180, пияз – 120, қызанақ, қияр – 200, сәбіз –320 теңгеден сатылып жатыр.
Осы ретте, базар бағасының тұрақтылығы туралы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Абдалиевті сөзге тартқан едік.
-Аудандағы негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін аудандық штаб құрамын қайта құру туралы 2021 жылдың 1 ақпандағы №20 қаулысына сәйкес, аудан әкімінің штаб мүшелері тұрақты сауда нүктелерін аралап, әлеуметтік маңызды тауарларға негізсіз бағаны көтермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, баға мониторингі жүргізілуде.
Тұрғындарды азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету үшін, негізгі әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына үстеме бағаны 15 пайыздан артық көтермеуге, аудан орталығындағы үлкен 11 көтерме сауда дүкендері иелерімен меморандум жасалынған.
Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларын шекті бағадан асырмау және тұрақтандыру мақсатында барлық 14 ауылдық округте және аудандағы бес ірі сауда дүкендерінде әлеуметтік бұрыштар құрылған. Олар «МЕР», «Жасыл» супермаркеттері, «Ахан», «Гүлнәр» азық-түлік дүкендері, «Жуалы жер жаннаты» сауда қатары көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға арналған.
Сонымен қатар, орталық базардың ортасында әлеуметтік нан дүңгіршегі орнатылып, әлеуметтік нан 75 теңгеден күніне 120 бөлкеге дейін сатылуда. «Бақыбеков Д.Т.» жеке кәсіпкерлігінің наубайханасы тәулігіне 1000-1500 дана нанмен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде ауданда төрт наубайхана жұмыс жасауда. Наубайханалар аудан орталығы мен шалғай елді мекендерге 75-80 теңгеден нан таратуда. Нанның орташа сатылу бағасы 85-90 теңге. Жыл басынан бері «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на бағаны тұрақтандыру наубайханалардың сұраныстарына сәйкес, 10 тонна ұнға сұраныс берілді, алайда «Тараз ӘКК» АҚ тарапынан ұнның жоқтығына байланысты ұн берілген жоқ,- дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Абдалиев.
Хош, базар бағасы жөнінде тұрғындардың да өз айтары бар. Олардың тілегі баға тұрақталып, үнемі бақылауда болса дейді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі сараптап көрген тауарлар тұтынушылардың көп қолданатын азық-түлігі. Сондықтан, нарық бағамының құбылуы әрине тұрғындарды алаңдататыны түсінікті. Осы мәселеге байланысты Үкімет баға бақылауға алынады деп үнемі айтып келеді. Әліптің артын бағып көрейік…

Таңдаулы материалдар

Close