Basty bet
«Хат жазып тұр, хат жазып тұр…»
сапалы қызмет көрсету – пошта қызметкерлерінің басты міндеті
«Қазпочта» акционерлік қоғамы еліміздегі Ұлттық почта желісінің операторы, сондай-ақ, халықаралық хат-хабарлар мен жөнелтілімдерін жеткізуді іске асыратын бірден-бір компания. Ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретіндегі өз маңызын жоймай келе жатқан «Қазпочта» АҚ-ның Қазақстанның ішкі-сыртқы байланыс саласында алар орын ерекше.
Жаңғыру мен жаңару заман талабы дейтін болсақ, бүгінде қазақстандық почта қызметтердің дәстүрлі түрлерінен басқа бұрын-соңды болмаған уақыт сұранысына ие жаңа форматтағы қызметтерді іске қосу үстінде. Сондай-ақ, почта бөлімдерінде халықаралық жеделдетілген почта, электрондық почта сияқты заманауи коммуникация түрлері жүйелі жұмыс жасайды. Қаржылық салада да түрлі мекемелермен өзара тығыз байланыс орнатыла бастағанын байқауға болады. Бұрын тек хат-хабар алмасу қызметі ретінде қабылданатын почта бөлімшелері қазіргі таңда жаңа заманның сұранысына орай түрлі коммуналдық қызмет төлемдерін жасауға, мерзімді басылымдарға жазылу мен оны жеткізуде, ғаламтор арқылы сауда-саттық жасауға, теміржл және әуе билеттерін сатып алу бойынша да ыңғайлы орынға айналғанын айтуға тиіспіз.
Ал ендігі кезекте почтаның тарихына тоқталатын болсақ, Қазақстанда ресми почталық байланыс бөлімшесі алғаш рет 1860 жылы қазіргі Алматы қаласында ашылған. Ол көп ұзамай почта-телеграф кеңесі болып қайта құрылған. Төңкеріске дейін Қазақстан аумағында барлығы 250 почта-телеграф кәсіпорны болды. Алғашқы жылдары олар шенеуніктер мен жергілікті ақсүйектерге қызмет еткен. Шалғай ауылдарда почта сирек кездесетін болған.
Ұлы Отан соғысы почта қызметінің алдына барлық жағдайда әскерде, тылда, майдан мен тыл арасында сенімді және тұрақты байланыс орнату туралы қиын да жауапты мәселе қойды. Көптеген білікті байланысшылардың әскер қатарына алынуына байланысты соғыстың бастапқы жылдары почта үшін аса ауыр жыл болды. 1950 жылы республикада 2438 почта кәсіпорны болды. Алпысыншы жылдардың ортасында Қазақстанда толыққанды қызмет көрсететін 4000 байланыс бөлімшесі жұмыс істеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін саладағы жағдай күрт өзгерді. 1992 жылдың тамыз айында еліміз Бүкіләлемдік почта одағына мүше болып кірді. 1995 жылы қарашадан республикалық мемлекеттік кәсіпорын, ал 1999 жылы 20 желтоқсанда «Қазпочта» АҚ болып қайта құрылды.
Тәуелсіз еліміз етек-жеңін жинап, жағдайы түзеле бастаған жылдары почта саласында да оңды істер қолға алына бастады. Почта саласының жұмысын жандандыру мақсатында арнайы бағдарламалар бекітіліп, жоспарлы жұмыстар атқарыла бастады.
Біздің ауданда да почтаның тарихы терең. Арыға бармай-ақ, тәуелсіздіктің алдында аудандық почта байланыс торабына білікті басшы Шерхан Раздықов басшылық жасады. Қазіргі таңда бұл азамат «Алматытелеком» ҚТО-ның бас директоры қызметін атқаруда. Ал тәуелсіздік жылдары почта байланыс торабын Гүлбарам Бесжанова, Жолдыбай Иманғалиев, Жарас Мұратай, Нүрзия Алтыбаева, Асылхан Іргебаев, Марат Қасымбеков, Шалғын Көпбаев және аз ғана уақыт Роза Бекішова басқарды. Ал 2019 жылдың ақпан айынан бастап осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан жуалылық азамат Бақытжан Устаев басшылық етіп отыр.
Бүгінгі таңда аудандық почта байланыс торабы аудан бойынша мерзімді басылымдарға жазылуды жүргізу, оларды таратумен қатар түрлі төлемдерді қабылдау және тағы да басқа заманауи қызметтерді атқара бастады.
Халықаралық почта күні мерекесіне орай аудандық почта байланыс торабының бастығы Бақытжан Устаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді.
-Бақытжан Досанқұлұлы, ұжымдарыңызды төл мерекемен құттықтай отырып, Сізге саланың қызметі туралы бірнеше сұрақ қойсам деп едім. Ең алдымен өзіңіз басқарып отырған тораптың қазіргі әлеуеті туралы айтсаңыз?
-Рақмет! Жуалы аудандық почта байланыс торабының материалдық-техникалық базасына келер болсақ, орталық операциялық учаске 2011 жылдың шілде айынан бастап жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Ғимаратта заман талабына сай почта құндылықтарын сақтау үшін және қызметкерлердің өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған тиісті шаралар жасалған. Бүгінде аудан орталығында орталық операциялық учаске, 12 ауылдық почта байланыс бөлімшелері, екі почта байланыс пункті бар. 12 ауылдық почта байланыс бөлімшесі автоматтандырылған. Үш арнайы қызметтік көлікпен инкасаторлар Қошқарата, Бәйтерек-Қарабастау, Шақпақата бағыттарында жеделдетілген түрде жұмыс істейді.
2015 жылдың қыркүйек айынан бастап орталық операция учаскесі электронды жүйеге қосылған. Қызмет алушылар талон алу арқылы операциялық терезеден керекті қызметтерін алуда. Теміржол, әуе, лоторея билеттері сатылады. Бүгінгі таңда почта байланыс бөлімшелерінде РОS-терминал арқылы барлық төленетін төлемдер мен еңбекақылар төленеді. Сол себептен, зейнетақы алушылар бүгінде зейнетақы алу шоттарын карточкалық шотқа ауыстыруда.
-Аудандық почта байланыс торабы да бүгінде дәстүрлі қызметтерден басқа заман талабына сай көптеген жаңа қызметтерді атқарып жатқанын естідік. Қандай жаңа қызметтер немесе жобалар іске қосылды?
– Соңғы жылдары аудандық почта байланыс торабы және Қайрат, Көлтоған ауылдарындағы почта байланыс бөлімшелерінде тұрғындар екінші деңгейлі бес банктен несие алуға өтініш беріп, несие ала алады. Одан бөлек, биылғы жылдан бастап «Оңтайландырылған жалақы жобасы» деп аталатын жаңа жобаны іске асырғалы жатырмыз. Бұл клиенттер үшін өте тиімді және ұтымды. Мысалы, «Хоум кредит банктен» тұтынушыға арнайы карточка беріледі. Банк картаның ішіне 200 мың теңгеге дейінгі сомада тұтынушыға қомақты ақша салып береді. Клиент сол ақшаны 62 күнге дейін ешқандай пайызсыз пайдаланып, көрсетілген мерзімге дейін пайдаланған соманы карточкаға қайта салып қоюына болады. Бұл «Хоум кредит банк» пен «Қазпочтаның» бірлескен жаңа жобасы. Карта почта клиентіне тегін ашылады. Біз қазір осы жобаның тиімділігі жөнінде аудандағы мекеме қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
– Жалпы орталық операциялық учаскесі болсын, ауылдардағы почта бөлімшелері болсын, почтаның қызметіне жүгінетін тұрғындардың қарасы қалың. Ал пандемия деп танылған коронавирустық инфекциясының кең таралған кезеңінде жұмысты қалай ұйымдастырдыңыздар?
-Біздің жұмысымыз жыл басталғаннан-ақ қызып сала берді. Жыл бастала салысымен «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасына қатысушы Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен жұмыс істедік. Олар алдымен біздің мекемеден есеп-шот ашып, несиелерін алып жұмыс істеуде. Аталған жоба бойынша 70 заңды тұлға, ауыл шаруашылығын дамыту үшін несие алған 160 заңды тұлға осында шот ашты. Одан бөлек, аудандық кәсіпкерлер палатасымен де бірлесе жұмыс істеп, қайтарымсыз гранттарды алушы азаматтар тиісті қаржыларын бізден есеп-шот ашу арқылы алды.
Одан кейін ерте көктемнің алғашқы айында пандемия басталып кетті. Міне, осы кезеңде халықпен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеу біздің мекеме қызметкерлеріне оңай болған жоқ. Карантин кезінде үш аптаға дейін демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. «Қылыш қысқарып, пышақ болды, найза қысқарып, таяқ болды» дегендей, мекеменің басшысы өзім бастап, қызметкерлер уақытпен санаспай клиенттерге санитарлық талаптарды түсіндіріп, көбінесе далада өте қауырт жұмыс істедік. Бір күнде 500 адамға дейін қызмет көрсеткен кездеріміз болды.
Олай болатыны, төтенше жағдай уақтысында тұрғындар почтаға әлеуметтік төлемдер және 42 500 теңге көмекті алуға көптеп ағыла бастады. Дәл осы 42 500 теңгені алу үшін бір айдың ішінде 6000-нан астам есепшот ашылды. Ал ағымдағы жылдың наурыз бен тамыз айларының аралығында 10000-нан астам шот ашылды. Басқа да қызметтеріміз бар. Шұғыл жұмыс істеп, ғимараттың аумағын, ішін дезинфекциялап тұрдық. Клиенттерді бетпердесіз қабылдаған жоқпыз. Осындай қиын кезеңде біздің мекемеге көмек қолын созған ауданның басшылығына, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.
-Ендігі кезекте қызметкерлер құрамына тоқталсаңыз. Мекемеде қанша қызметкер жұмыс істейді? Олардың жұмыс істеуіне қандай жағдайлар жасап отырсыздар?
-Бүгінде аудандық почта байланыс торабында барлығы 78 кісі қызмет етсе, оның 24-і орталық операциялық учаскесінде. Соның ішінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жатқан тәжірибелі мамандарға тоқталар болсақ, Гүлмира Бурбекова, Гүлсара Тұрсынбаева, Әлия Рахметова, Нұрғайша Сауранбаева, Әсел Тәукебаева сынды саланың ыстық-суығына төзіп жүрген бұл қызметкерлер бірнеше қызмет сатысынан өтіп, мол тәжірибе жинаған білікті де білімді мамандар. Одан бөлек, Б.Момышұлы ауылының почташылары Надежда Бурена, Ирина Панина, сұрыптаушылар Тоқжан Биғазиева, Марина Бехтольд сынды еңбекқор тәжірибелі мамандар қызмет етуде.
Жалпы, ауылдық почташылардың еңбегі ерен. Себебі, олар ауа райының қолайсыздығына, күннің ыстық-суығына, жауын-шашынға қарамастан газет-журналдар мен хаттарды халыққа дер кезінде жеткізіп беріп отырады. Сондықтан олардың еңбегі қандай құрметке болса да лайық деуге болады. Ауылдық елдімекендердегі почта байланыс бөлімшелеріне тұрақты түрде отындары түсіріліп беріледі.
-Қазіргі таңда почта қызметінің артықшылығы неде деп ойлайсыз?
-Почта – бұл Қазақстан халқына қолжетімді жалғыз ірі желілік құрылым. Соның ішінде шалғайдағы ауыл-аймақтарды почталық және қаржылық, сонымен қатар, агенттік қызметтермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір оператор. Аудан орталығында, ауылдық жерлерде бөлімше желілері арқылы почталық, қаржылық қызмет түрлерін қабылдау, өңдеу, тасымалдау, хаттар мен сәлемдемелерді жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан іргелі қызмет саласы тек «Қазпочта» акционерлік қоғамына ғана тән.
Айтар болсам, біздің жұмыс саламызда үш артықшылық бар. Біріншісі – тек қана почта газет-журналдар мен хат-хабарларды аулаңызға жеткізіп береді. Екіншісі – тек қана почта зейнетақы мен жәрдемақының уақтылы берілуін қамтамасыз етеді. Үшіншісі – тек қана почтада төлемдердің барлық түрі, оның ішінде, бюджеттік, салықтық төлемдер, одан бөлек, коммуналдық төлемдердің барлық түрі, тіпті, несие берешегін де осында төлеуге болады. Міне, біздің басты артықшылығымыз осында. Қазір ауылдардағы барлық почта байланыс бөлімшелерінде терминалдар орнатылған. Одан почта карточкалары арқылы түрлі қызметтерді жүзеге асыруға клиенттердің мүмкіндігі мол.
-Әңгімеңізге рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз!
P.S. «Заманына қарай – адамы» дейміз. Қазір техника мен жаңа технологияның дәуірі. Қазір хат жазысудың дәурені өткен сияқты. Десек те, алдыңғы толқын аға буын өкілдерінен: «Бұрын туған-туыспен, әскердегі достармен, алыстағы ұл-қыздарымыз, жекжат-жұраттарымызбен тек хат арқылы хабар алып тұратынбыз» дегенді көп естиміз. Почта туралы әңгіме қозғалғанда, танымал эстрада жұлдызы Асқар Жүнісбеков нәшіне келтіріп орындайтын «Хат жазып тұр» деген әнде айтылатын, «Хат жазып тұр, хат жазып тұр, сағынышыңды сыйғызып. Қашықтықты жеңеді тек хат қана» деген жолдар еріксіз ойға оралғандай. Заман жаңарып, қалтафон қолданыста болғанымен, бір мезгіл қолға қалам алып, ақ қағазға сағынышыңызды сыйғызып хат жазып тұруды ұмытпаңыздар, ағайын!
Сұхбатты жүргізген
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»