Basty bet

Мақсаттың мақсаты айқын

Мақсатын туған жерінің гүлденуі мен дамуына үлес қосумен ұштастырған Мақсат Қанатбек Мыңбұлақ ауылдық округіндегі ветеринариялық пункттің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жас маман даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының есімімен аталатын ауылда дүниеге келген. Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияны 2007 жылы тамамдап, Алматы қаласындағы Алматы көлік және коммуникация колледжіне вагоншы мамандығына оқуға түседі. Өзінің қалаған мамандығын игерген ол Тараз шаһарындағы ОЧД-27 вагон жөндеу орталығына жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды.

Мақсатты әкесінің күтпеген жерден жол апатынан қайтыс болуы ерте есейтеді. Жас жеткіншек енді ғана үлкен өмірге қадам басқан шағында бір отбасының тірегіне айналады. Бұл кезде ол небәрі 18 жаста еді. Содан вагоншы болып жұмыс істеп жүріп, Түлкібас ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға түсіп, ветеринария және орман шаруашылығы мамандығын иегеріп шығады. 2017 жылы аталған округке әртүрлі жұмыс атқаратын жұмысшы болып орналасып, одан фельдшерлікке ауысып, ветеринарлық пункттің меңгерушісі қызметіне дейін өседі. Бүгінде Көлбастау, Талапты ауылдарының тұрғындарына өзімен бірге Елтай Тоймағамбетов, Қайырбек Исақов, Тәжітай Айдана есімді мал дәрігерлері қызмет көрсетуде.
-Біздің міндетіміз – халыққа ветеринариялық қызмет көрсету. Уақтылы вакцина салып, түрлі мал ауруларының алдын алу. Мал басын бірдейлендіре отырып, тұрғындардың тұрмыс жағдайының жақсаруына атсалысу. Шүкір, ауданымызда жылдан-жылға мал басы артып, атакәсіпке бет бұрған жандар көбейген. Мыңбұлақ ауылдық округінде 1917 бас мүйізді ірі қара, 5427 уақ мал, 430 жылқы бар. Аталған округке қарасты елді мекендегі малдардан уақтылы қан талдаулары алынып, вакцина салынуда. Өткен жылы үш жылқыға, 10 шақты сиырға ота жасалды. Ота ақылы. Төрт түлікке кесір тілігі және жатырды алып тастау оталары жасалады.
Малдың да жаны ауырады. Мал ауруының түрі де көбейген. Оған бей-жай қарауға болмайды. Төрт түлік ауырғанын айта алмаса да сездіреді. Әр аурудың өз белгісі бар. Мал дәрігері соны дер кезінде байқауы қажет. Біз ауылдың мал басынан көктем мен күз айларында қан талдамаларын алып, тексеріске жібереміз. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ветеринарлық пункттерге керекті дәрілер әкеліп қойылған. Тұрғындар алысқа сабылмай осы жерден дәрі-дәрмекті шұғыл жағдай кезінде ала алады.
Ел арасында кейде немқұрайдылық кездесіп жатады. Мал базардан сатып алған малдарын айтпай, жасыруға тырысады. Алған малдары ауырып жатса, ескертпей өздерінше емдейді. Ол дұрыс емес. Малдың ауруы өздігінен емдейтін дүние емес. Оның да ауруының нақты себебін біліп, дұрыс ем-дом жасаған абзал.
Адамда түзу ниет болуы керек. Малын аман алып қаламын деген сенім болуы қажет. Өйткені, қазіргі таңда тұрғындар осы төрт түлікті кәсіп етіп, күн көріп отыр. Кейде тұрғындар өздігінен малдарын емдеп, қателік жіберіп, уақыт жоғалтып барып, хабарласады. Мұндай кездері қолымыздан келгенше, қызметімізді көрсетіп, малды аман алып қалуға тырысамыз. Сонымен қатар, тұрғындар көбінесе бірдейлендіруден қашады. Жасыруға тырысады. Жыл сайын мал төліне сырға тегін келеді. Әр малдың паспорты болады. Сол арқылы оның уақтылы вакцина алып отырғандығы, бар-жоқтығы есепке алынады, – дейді Мақсат Есенғалиұлы.
Теміржол саласынан ауыл шаруашылығының ветеринария саласына ауысқан ол өз мамандығын жетік меңгерген. Оның сөздерінен мамандығын дұрыс таңдап, өзге де, өзіне де пайдалы іспен айналысып жүргенін аңғаруға болады. Атакәсіппен айналысып отырған көпшіліктің мал басының амандығы мен саулығына тікелей жауапты маман екенін түсінеді. Әр малдың ауруын, ем-домын жұмыс барысында тәжірибе жинақтай жүріп меңгеріп, қазіргі таңда ота жасауды да жақсы үйреніп алған. Көпшілік оның қызметіне жүгініп, малдарының аман алып қалғаны үшін алғыстарын да айтып жүр.
Мақсаттың алға қойған мақсаты – ауданымыздың дамуына үлес қосу, жастарды жұмысқа шақыру, атакәсіпке тарту және ауыл шаруашылығы саласының қарыштап дамуына атсалысу.
Қазақ даналығында «әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген жақсы сөз бар. Мақсат әкесінің жора-жолдастарынан ол туралы жақсы пікірлер естіп, қолдауларын сезінген. Рухани демеп, көмектерін көрсеткен. Өмір – сыншы. Мақсат басына қандай іс түссе де табандылық танытып, отбасының жайлылығын орайластырып, көпшіліктің алғысын алып жүр. Оның анасы Аягөз Қамбарқызы «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында жұмыс істейді. Бес баланың ардақты анасы. Мақсаттың жұбайы Гүлқазына Сейдахметова Байзақ ауданының тумасы.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close