Basty bet

Шөп шабу науқаны басталды

«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, ауданымыздағы мыңғыртып мал өргізген шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны басталды. Шаруалар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану маңызды. Биылғы жылы да аудан шаруалары қыстың қамына ерте кірісіп, ауа райының қолайлы уақытын пайдаланып, маусым айының басынан бастап шөп жинау науқанына жедел кірісіп кетті.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың берген мәліметіне сүйенсек, ауданда көктемгі дала жұмыстары толығымен аяқталған. Жоспарға сай егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының барлығы оңтайлы себу мерзімінде сәйкес себілген. Бүгінгі күнге бірқатар ауылдық округтерде мал азығын дайындау жұмыстары жедел басталып кетті. Жалпы ауданда барлығы 30 330 гектар жерге мал азығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде 750 га сүрлемдік жүгері, 29 580 га көпжылдық шөптер. Қазіргі таңда ораққа түсетіні 29 580 га мал азығына арналған дақылдар. Ауылдық округтерде жүріп жатқан шөп науқанына барлығы 36 дана шөп оратын комбайн, 22 дана шөптайлағыш және тағы да басқа ауыл шаруашылығы тіркемелері қатысып, жұмыс атқаруда.
Ал ауданда алғашқылардың бірі болып Қошқарата ауылдық округіндегі «Ақиқат» шаруа қожалығының диқандары шабындық алқапқа орақ салды. Жалпы Қошқарата ауылдық округі шаруалары 2180 гектарға жоңышқа, 80 гектарға таза жоңышқа еккен. Қазіргі таңда ауылдық округтегі «Рауан», «Ақтасты», «Ислам» шаруа қожалықтарының техникалары да шөп шабу науқанына сақадай-сай дайын тұр.
Шөп шабуды бастаған «Ақиқат» шаруа қожалығы бұл науқанды өз күштерімен атқармақшы. Науқандық жұмысқа бес адамды тартып, екі трактор, екі шөптайлағыш, бір шөп ору техникасы, «ЗИЛ-130» жүк көлігімен кіріскен қожалық жұмысшылары 2000 тайланған шөпті дайындап та үлгеріпті.
Шаруа қожалықтың жетекшісі Нұрлан Исақовтан жасыл орақтың қалай жүріп жатқанын сұраған болатынбыз.
-Шүкір, биылғы жылы мамыр айында жауын-шашын мол болды. Ал маусым айы аптап ыстық болып тұр. Бұл біз үшін қойлайсыз жағдай тудырады. Дала өртінен сақтану үшін таңғы және кешкі салқын мезгілді тиімді пайдаланып, шөп дайындап жатырмыз. Дегенмен, шөптің шығымдылығы жаман емес, жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда орташа деңгейде. Бүгінгі күні 10-15 гектардай эспарцет орылып, жиналуда.
Таза жоңышқаға орақ әлі түскен жоқ. Оны бір аптадан кейін оратын боламыз. Шөп шабу науқанын жүргізу үшін жеңілдетілген жанар-жағармай алып жатырмыз. Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай режімінде шаруа қожалықтары Үкімет тарапынан қолдау тапты. Егін егуге ешқандай кедергі болмай, көктемгі дала жұмыстарын уақтылы аяқтадық. Енді кезекті мал азығын уақтылы жинап, бұл науқанды да жақсы көрсеткішпен аяқтауға тырысамыз.
Шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Иелігімізде 400 гектар егістік, 200 гектар жайылым жер бар. Шабындық басында техника тілін меңгерген Болат Сембеков, Бақтияр Арыстанов, Сырым Мөңкеев сынды азаматтар ерінбей жұмыс істеуде. Барлығы өз жұмыстарын жақсы біледі,- деді Нұрлан Алмабайұлы.
Қысқа мал азығын дайындауда қызу тірліктің басында жүрген Болат Сембеков: «Ақиқат» шаруа қожалығында ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келемін. Жыл сайынғы дәстүрмен шөп шабу науқанына техникаларды дайындап, іске кірісіп отырмыз. Ең бастысы, техникаларымыз бұзылмай, мал азығын уақтылы жинап алуымыз керек. Шөп ору науқаны ауылда әлі де толық басталған жоқ. Жұмысқа енді ғана кірісіп жатырмыз. Алдағы уақытта өзге ауылдардан көмек сұрамай, өз техникамызбен науқанды аяқтаймыз деген ойдамыз» дейді ол.
Халқымыз «шөмелені шөбім бар» деп айтпа деген. Олай болса, мал азығын дайындау жұмыстары айтуға оңай болғанымен, шаруаға оңай шаруа болмасы анық. Қалай болғанда да берекелі жаздың қолайлы кездерін тиімді пайдаланып қалғанымыз жөн.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close