Basty bet

Базар аймағында әлі де мәселелер бар

аудан басшысы олармен кеңінен танысты

Жуалы ауданына жаңадан тағайындалған әкім Олжас Қаржауов өткен аптада аудандағы бірқатар нысандарды аралап, басшылық құраммен және ондағы мәселелермен танысуды бастады. Атап айтқанда, аудан басшысы ең алдымен аудандық орталық ауруханаға барды. О.Қаржауовқа емханадағы коронавирустық инфекцияның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева айтып берді. Оның айтуынша, індетке қарсы салынатын «Спутник V» вакцинасы 110 қызметкерге салынған. Осы уақытқа дейін ауданға аталған вакцинаның 200 дозасы жеткізіліпті. Екпе егу жұмыстары алдағы уақытта жалғаса беретін болады.

Аудан басшысы емхананың кабинеттерін аралап, дәрігерлермен де сөйлесті. Одан соң аурухананың жедел жәрдем бөлімін, дәрі-дәрмек қоймасын, қабылдау бөлімін, рентген, әдістемелік кабинеттерін, сонымен қоса, аурухананың терапия, хирургия, жансақтау бөлімдерін аралап, ондағы науқастармен де сөйлесіп, ем-шараларының қалай жасалып жатқанына қанықты.
Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева былтыр ауруханаға алынған жаңа санитариялық көліктер мен диагностикалық-медициналық кешенді таныстырған соң аудан әкімі Олжас Қаржауовқа проблемаларды да айтты.
– Аудандық орталық аурухана ғимаратының салынғанына биыл 50 жыл болды. Өзіңіз танысып, көріп шыққандай, емхананың да, аурухананың да кабинеттері өте тар. Әрі қазіргі жаңа заманның талаптарына сәйкес келмейді. Бізге әзірге қойма, кір жуу орны, сонымен қатар, әкімшілік корпусына жаңа ғимарат керек.
Басқа да ұсақ-түйек проблемалар бар. Болашақта жаңа емхана салу мәселесін назарға алуыңызды сұранамын,- деді бас дәрігер. Аудан басшысы О.Қаржауов аурухананың басшылық құрамына бұл мәселені терең зерделеуді тапсырды. Атап айтқанда, болашақта салынатын емханаға жер қарастыру, оның жобалық-сметалық құнының қанша болатынын жан-жақты ойластыру тапсырылды.
* * *
Олжас Қаржауов өткен аптаның сенбі күні аудан орталығындағы базардың жағдайымен танысты. Аудан басшысына базар аумағындағы «Айдана» сауда үйінің сыртын ағымды жөндеу жобасы таныстырылды. Жақын арада сауда орнының иесі ғимараттың сыртқы бөлігін ағымды жөндеуден өткізбек. Жеке кәсіпкерге ғимараттың көркі көз тартарлық сипатта болу қажеттігі ескертілді.
Айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының тарапынан қаражат қарастырылып, базарға кіреберіс аумақтың жолы жөнделіп, суағар лотоктар орнатылған болатын. Суағарға қойылған лотоктар сапасыз болғандықтан үгітіліп түсіп жатыр. Жөндеу жұмыстарында басқа да кемшіліктер кеткен. Аудан басшысы бұл кемшіліктерді тез арада жоюды жауапты басшыларға тапсырды.
Аудан әкімі О.Қаржауов келесі кезекте «Сарыағаш» базарының аумағын және оның жан-жағын аралап көрді. Базар иесі, жеке кәсіпкер Мұсатай Апбасов базарда бір кездерде 150 орын болғанын айтады. Қазір мұнда небәрі 50 орында ғана саудагерлер жұмыс істейді екен. Қалған орындар қаңырап бос тұр. М.Апбасов қазіргі тауық базардың орнын автотұраққа айналдыру мәселесін көтерді. Оның сөзіне қарағанда, базардың төменгі жағы кеңейтілсе, базар аумағындағы көлік кептелісі мен бей-берекет жүріс те қалыпқа түспек.
-Өзіңіз білесіз, базар қай заманда да біздің мәдениетіміздің қай деңгейде екенін көрсететін орын болып саналады.
Ең алдымен базарда тәртіп болу керек. Тәртіп болса, мәдениет те болады. Біздің базардың қазіргі сиқы осы. Біраз орындар қаңырап бос тұр. Көліктерге арналған жолдың да сапасы сын көтермейді. Менің базарда жұмыс істеп келе жатқаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Мұндағы мәселелерді де бес саусағымдай білемін. Мұнда алдымен көлік кептелісін азайтып, келетін адамдарға жағдай жасау керек. Осы себептен де қазіргі тауық базардың орнын кеңейтіп, автотұрақ жасауды қолға алмақ ниеттемін. Әрине, бұл жұмысқа жергілікті атқарушы билік тарапынан бұл аумақты тазалап, кеңейтуге техника жағынан көмек болса деймін. Аумаққа бейнебақылау камераларын да орнату қажет. Базардың шығыс жақ бетінде бос тұрған ғимараттар бар. Оларды тиімді пайдалансақ, базардың төңірегіндегі бірқатар проблемалар да шешілер еді,- дейді ол.
Айтса айтқандай, базар аумағындағы үлкен проблеманың бірі – жолаушылдар тасымалына қатысты мәселе. Бір жылдары облыс орталығына жолаушылар тасымалдайтын көліктерге бұрынғы ескі автобекет аумағынан арнайы орын белгіленіп берілген еді. Алайда көп ұзамай-ақ жолаушылар тасымалдайтын көліктер базар аумағына қайтадан келді. Көлік кептелісін туындатып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп отырған да осы мәселе. Жолаушылардан бөлек таксилердің көптігі де көлік кептелісін туындатуда. Бір сөзбен айтқанда, базар төңірегінде әлі де мәселелер көп.
Аудан басшысы «Дары природы» және «Жуалы – жер жәннаты» жабық базарларын, «Алтын ұн» көтерме-сауда дүкенін, сонымен қатар, базардың жан-жағындағы бос орындармен де танысып шықты.
Аудан әкімі О.Қаржауов келесі кезекте «Агроазықтүлікнанменжабдықтау» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Мұндағы жұмыс барысымен кәсіпорын басшысы Ж.Ортаев таныстырып, негізгі проблема ретінде мақсары майын шығаруға шикізаттың аз екенін, сондай-ақ, пандемияға байланысты өнімдерін Қытай нарығына шығара алмай отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, серіктестік басшысы мақсары алқабын ұлғайту үшін қосымша егістік жердің қажеттілігі туындап отырғанын да жеткізді.
Аудан басшысы осы күні түс ауа «Қаралма» тау-шаңғы туристік кешенінде де болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close