Basty bet

Тұрғындар тым ерте босаңсуға жол берді

Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың жалпы санының 98 пайызы емделіп шықты. Жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Дегенмен, COVID-19 ауруының таралу қаупі әлі де сақталып отыр.

Облыстық жедел штабтың кезекті отырысында денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиев медициналық мекемелердің коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындығы туралы баяндады.
Қазір дәрігерлер оқиғаның өрбуінің бірден бірнеше нұсқаларын қарастырып, коронавирустың жағдайына байланысты “қызыл”, “сары” және “жасыл” секілді үш деңгейді негізге алып отыр. Келесі деңгейге өткеннен кейін қосымша төсек-орындар ашылып, коронавируспен күреске тартылған медицина қызметкерлерінің саны арта түседі.
Бүгінде барлығы 2530 төсек-орын дайындалды десек, оның 253-і жансақтау бөлімінде. Медициналық мекемелер 183 ӨЖЖ, 706 оттегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1009 импульстік оксиметрлер, 19 сандық рентген аппараты, 10 компьютерлік томография және 7 магниттік-резонанстық томографиямен жабдықталған. Сондай-ақ, келесі айда 74 ӨЖЖ, жеті КТ, төрт сандық рентген аппараты, төрт оттегі станциясы, сондай-ақ 61 жедел жәрдем көлігі, сегіз жылжымалы медициналық кешен және 100 көпфункционды төсек жеткізіледі деп күтілуде. Жеке қорғаныс құралдарының екі айлық қоры қалыптасқан.
16 қыркүйектегі жағдай бойынша, өңірдің медициналық ұйымдарында дәрі-дәрмектің стационарлық деңгейде бір айлық, ал амбулаториялық деңгейде-екі айлық қоры қалыптасқан. “СК-Фармация” ЖШС өтініштерге сәйкес антикоагулянттар, антибиотиктер, вирусқа қарсы, ыстықты түсіретін препараттар мен дәрумендерді одан әрі жеткізуді жалғастыруда.
Әсет Қалиев эпидемиологиялық ахуалды күзде ЖРВИ мен тұмаудың өсуі күрделендіре түсу мүмкіндігін айтып, алаңдаушылық білдірді. Бұл орайда тұрғындарды вакцинациялау маңызды рөл атқармақ. Биыл тұмауға қарсы вакцинация өткен жылдармен салыстырғанда ертерек – 15 қыркүйекте басталды.
Жалпы сомасы 280,8 млн.теңгеге тұмауға қарсы 320 мың дозадан астам вакцина сатып алынған. «СК-Фармация» ЖШС желісі арқылы тағы 110 мың доза тұмауға қарсы вакцина жеткізіледі деп күтілуде.
Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков қауіп тобындағы 27 мыңға жуық адам вакцина қабылдағанын жеткізді.
Эпидемиологиялық жағдай туралы айта келе, ол коронавирус ауруының шарықтау шегі маусым-шілде айларында болғанын атап өтті. Тамыз айында сырқаттанушылықтың біртіндеп төмендеуі байқалса, қазір инфекцияның оқшауланған жағдайлары анықталуда.
Облыс әкімі коронавирустың таралу қаупі әлі де сақталып отырғандығына көңіл бөліп, тұрғындар мен жауапты ведомстволар тым ерте босаңсуға жол бергенін атап өтті.
– Біз коронавируспен күрес шараларына байыппен қарап, оның бізге төндіретін қаупін түсінуіміз керек. Карантиндік режімді әлі ешкім жойған жоқ, тұрғындар бірінші кезекте өз жақындарын дерттен қорғауы үшін қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі аппаратының қызметкерлері өздері арнайы тексеріс жүргізіп, мобильді топтардың назарынан тыс қалған бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған. Айталық, шектеу шараларына қарамастан облыс орталығындағы “BoRa”, “MART MAGNAT”, “Бейбарыс”, “Гаухар”, “Adora me” сауда үйлері, “Мансард”, “Enigma” кафелері, “Алма-Ата”, “Гаухартас”, “Тараз холл”, “Үміт”, “Сәтті”, “Ақ орда” мейрамханалары, “Арал” моншасы жұмыс істегені белгілі болған.
Қызмет алушы ретінде қаладағы бірнеше мейрамханаларына қоңырау шалғанда да, “Інжу Маржан”, “Сәтті”, “Гранд Ширин” мейрамханаларының өкілдері жақын арада бос күндер жоқтығын айтып, жауап берген. Аудандардағы жағдай да осындай.
– Тұрғындар бірнеше жүздеген қонақтарды шақырып, мерекелік шаралар, үйлену тойларын ұйымдастыруда. Демалыс күндері ойын-сауық орындары мен сауда орындарын аралайды. Ешкім маска режімін және әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды. Бұл ретте тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ешқандай шара қолданбайды, мобильді топтардың жұмысына қатыспайды, полицейлермен бірлесіп әрекет етпейді. Мұндай жауапты кезеңде жұмыстарыңызға немқұрайлы қарауға болмайды, – деді аймақ басшысы.
Полиция қызметкерлері карантин режимін бұзу туралы 86 іс дайындаса, ал тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті олардың 66-сын дұрыс тіркелмеді деген сылтаумен қабылдамаған.
– Әрбір істі тәртіп сақшыларымен бірге пысықтау қажет болды, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ол сонымен қатар департаменттің фармацевтикалық бөлімінің әлсіз жұмысына тоқталды.
– Жуырда ғана «Садыхан» дәріханаларында аспирин мен клексанның жоқ екендігінен хабардар болдық. Егер тұрғындар мұндай тыныш уақытта дәрі таба алмаса, екінші толқын кезінде не күтуге болады? – деп ашуланды облыс әкімі.
Ол денсаулық сақтау басқармасына, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне, «СК-Фармация» ЖШС өңірлік кеңсесіне бірлесіп жұмыс жасауды және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда барлық мүмкін шараларды алдын-ала ойластыруды тапсырды.
Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Close